Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазин (4 қазан 1936 — 23 мамыр 2005) — қазақстандық математик, физика-математика ғылымдарының докторы (1972), профессор (1974), Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі (1983). Уақ тайпасынан шыққан.

Ғылыми және ұйымдастырушылық қызметі 1988–1994 жылдары Өмірзақ Сұлтанғазин Қазақ КСР Ғылым академиясының және Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті болды. 1987 жылы бөлшектер тасымалы теориясының математикалық әдістерін дамытуға арналған жұмыстар циклі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сұлтанғазин математика ғылымының дамуына және Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің қалыптасуы мен дамуына үлес қосты. Ол университеттік ғылым мен ғылыми кадрлар даярлау жүйесінің дамуына да үлес қосты. Қазақстанда сәулеленудің тасымалдану теориясы ғылыми мектебінің негізін салған. Сұлтанғазин Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың қатысуымен «Мир» орбиталық кешенінде (1991, 1994, 1998) және Халықаралық ғарыш станциясында (2001) жүргізілген қазақстандық ғылыми зерттеулер мен эксперименттер бағдарламаларының ғылыми жетекшісі болды.

Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер Ө.М. Сұлтанғазин атындағы ғарыштық зерттеулер институты туралы фильмнің көрсетілімі

Санат:1936 жылы туғандар Санат:2005 жылы қайтыс болғандар Санат:Қазақстан физиктері Санат:Қазақстан ғалымдары