Сырғагүл () – күреңоттар тұқымдасына жатады. Отаны – Орталық және Оңтүстік Америка. Мәңгі жасыл бұтақты өсімдік. Жапырақтары ұсақ, сопақ пішінді. Сабақтары қызғылт түсті. Үй жағдайында (F. hybrida) буданды сырға гүл қолданылады. Оның 2000-ға жуық түрі бар, пішіні, түсі алуан түрлі болып келеді. Гүл күлтелері жай және гүлпарлы, ал түстері ақ, қызғылтым, қызыл, күлгін болады. Екі түсті сырғагүлдер де кездеседі. Сырғагүл қытайлық шамға ұқсайды. Сырғагүлдің жайылып өсетін түрлерін аспалы түбектерде, ал тік сабақтыларының астыңғы жапырақтарын алып, жоғарғы жағында ғана гүлдетіп өсіруге болады. Гүлдеуі ұзақ, көктемнен күзге дейін. Ескерте кететін жайт, гүл түйнегі пайда болғаннан бастап бір орыннан екінші орынға жиі ауыстыра берсе, гүл түйнегі түсіп қалады. Жарығы: Алакөлеңкеде жақсы өседі. Жаз кезінде аулаға шығарған дұрыс. Бірақ күн көзінен, жел өтінен сақтау қажет. Жылуы: Қыста 6-10 °C төмен болмауы қажет. Суғарылуы: Жазда молынан суғарылады, қыста суғаруды азайтады. Ылғалдылығы: Өте ыстық күндері жиі су бүрку керек. Қоректендірілуі: Көктемнен күзге дейін, екі аптада бір рет минералды және органикалық тыңайтқышпен қоректендіреді. Аурулары: Артық немесе аз суғарылса гүлдері солып, түсіп қалады. Құрғақ ауада жапырақтары түседі. Сондықтан жиі су бүркіп, ылғалды болып тұруын қадағалау керек. Көбейтілуі: Тұқымы немесе қалемшесі арқылы көбейтеді. Егер гүлдің сұрыптық қасиеттерін сақтап қалғыңыз келсе, онда қалемшесі арқылы көбейту керек."Гүлстан" республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналы, 2010 жыл ISSN 2078-6727
Сілтемелер Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт
Дереккөздер
Санат:Күреңоттар