Теміртау оқиғасы — 1959 жылғы 1–4 тамыз аралығында Қазақ КСР-інің Теміртау қаласындағы металлургия комбинатының құрылысы кезінде орын алған жаппай тәртіпсіздіктер мен ереуіл.

Құрылыс жағдайы. Көтерілістің басталуы 1950 жылдардың соңында кеңестік Қазақстанға Теміртау қаласын алуға комсомол жолдамасымен жүздеген адам келе бастады. Олар қаланың шығыс бөлігіндегі шатырлы қалашыққа орналастырылды. Жұмысшылар ауыз сумен және азық-түлікпен қамтамасыз етудегі жүйелі іркілістерге, қалыпты тұрғын үйдің жоқтығына және еңбек жағдайының нашарлығына наразы болды. Мәселен, 1959 жылы құрылыста 25 мыңнан астам адам жұмыс істеді, бірақ партиялық функционерлер олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге мүлдем көңіл бөлмеді.

1959 жылы 15 шілдеде құрылысқа Болгария Халық Республикасынан бір топ құрылысшы келді. Кеңес жұмысшылары зарығып күткен барлық жағдай бірден соларға жасалды. Құрылыс басшылығы мұны «шетелдік қонақтарды шатырлы қалашыққа орналастыруға болмайды» деп түсіндірді. Бұл жағдай «жергілікті» жұмысшылардың шыдамын шегіне жеткізді.

1959 жылы 1 тамызда кеңес жұмысшылары таңғы асқа келгенде, олардан болгарлар тамақтанып болғанша күте тұруды сұрады. Бұл үлкен наразылық толқынын тудырды. Құрылысшылар жұмысқа шығудан бас тартып, маңайды қирата бастады. (Өзге деректер бойынша, көтеріліс жұмысшылардың асхана жанында тұрған квас бөшкесінің құлпын бұзып, сусынды ішкенінен басталған). Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х

Көтеріліс Жалпы саны бірнеше жүз адамнан тұратын көтерілісшілер асхананы, содан кейін жақын маңдағы әмбебап дүкен мен өзге де дүкендерді талқандап, артынан мародерлықпен айналысты. Қала басшылығы жаппай тәртіпсіздік орын алған жерге сарбаздарды жібергенімен, олар қарусыз адамдарға оқ атудан бас тартты.

Биліксіздік пен анархия шамамен 3 күнге созылды, содан кейін Теміртауға әскер, оның ішінде жергілікті әскери училищелердің курсанттары енгізілді. Бөлімше командирлері көтерілісшілерге тарауды бұйырды, бірақ олар бас тартты. Сол кезде сарбаздар мен курсанттар оларға оқ жаудырды. 1959 жылғы 3 тамыздан 4 тамызға қараған түні бүлік толығымен басылып, Қазақ КСР-інің сарбаздары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жаппай тұтқындау шараларын жүргізді. Кейбір мәліметтер бойынша, құрылыстан бірнеше мың қатысушы қашып кеткен, кейінірек қазақ даласынан қашқындар тастап кеткен көлік құралдары ұзақ уақыт бойы табылып отырған.

Көтеріліс қорытындысы Жаппай тәртіпсіздіктерді басу барысында көтерілісшілер арасында, ресми мәліметтер бойынша, 11 адам қаза тауып, 32 адам жараланған (оның бесеуі кейіннен қайтыс болды). Жазықсыз, кездейсоқ адамдар да зардап шекті. 190-ға жуық адам тұтқындалды (оның 75-і БЛКЖО мүшелері еді), қысқаша тергеуден кейін көпшілігі босатылды. Ұсталғандардың 42-сіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, оның ішінде 5 адам ашық көрсетілімді сот арқылы «Мемлекеттік қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік туралы» заңның 14-бабы (бандитизм) және 16-бабы (жаппай тәртіпсіздік) бойынша ерекше жазалау шарасына — ату жазасына кесілді. Кейіннен бандитизм айыбы алынып тасталды. Тағы екі адамның өлім жазасы 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылды.

Көтерілісті басуға қатысқан әскери қызметшілер мен милиция қызметкерлерінің арасында 109 сарбаз бен офицер жараланды, оның ішінде 32-сіне оқ тиген.

1959 жылы 5 тамызда Мәскеуден Теміртауға республикада жұмыс тәжірибесі бар басшы ретінде Леонид Брежнев келді. Ол 1956 жылдың көктеміне дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған, ал сол уақытта КОКП Орталық Комитетінің хатшысы ретінде республика істерін әлі де қадағалап отырған еді. Брежнев жергілікті партия-шаруашылық активін қатаң сөгіп, көптеген милиционерлер мен шенеуніктерді партиядан шығарып, жұмыстан босатты.

1959 жылдың тамыз айының соңында ҚазКСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін (МҚК/КГБ) бұған дейін МҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған К. Ф. Лунев басқарды (1960 жылдың сәуіріне дейін).

Көтерілісшілер бір аптадан кейін-ақ қайтадан жұмысқа шықты. Олар өздері қиратқан көшелер мен ғимараттарды қалпына келтірді. Құрылысшыларға қалыпты жағдай жасалып, болгар жұмысшылары Теміртаудан кетіп қалды.

Нәтижесінде, 1959 жылы 22 қазанда Қазақстан Компартиясы Қарағанды облыстық комитетінің бірінші хатшысы Павел Исаев қызметінен босатылып, КОКП қатарынан шығарылды. 1960 жылы 19 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Николай Беляев қызметі төмендетіліп, КОКП Ставрополь өлкелік комитетінің бірінші хатшылығына ауыстырылды. Бірнеше айдан кейін ол зейнетке жіберілді.

Кинода экрандалуы 1963 жылы режиссер Анатолий Галиев Алматыда Теміртаудағы көтеріліс желісі бойынша фильм түсірді. Туындының жұмыстық атауы — «Газондармен жүруге болмайды» («По газонам не ходить») болды. Мұндағы «газон» ұғымы шенеуніктер «таптап жүрген» жастарды бейнелеген. Фильмдегі басты рөлдердің бірін Владимир Высоцкий ойнауы тиіс еді, алайда ақын түсірілім үшін Алматыға келгенде денсаулығы сыр беріп, картина оның қатысуынсыз түсіріле бастады. Кейінірек Анатолий Галиевке Теміртаудағы қанды оқиғалардың желісімен кино түсіруге тыйым салынды.

Тағы қараңыз

Ақмола апаты

Дереккөздер