Бұдыр мия (Glycyrrhіza aspera) – бұршақ тұқымдасы, мия туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның қуаң далалы, шөлейтті аймақтарында өседі. Биіктігі 8 – 40 см-дей. Сабағы сирек бұтақталған, сыртын қалың безді тікен жауып жатады, осыған байланысты оны Бұдыр мия деп атайды. Тақ қауырсынды жапырақтарының ұзындығы 3 – 12 см, ал бөбешік жапырақтары қандауыр немесе жұмыртқа тәрізді болады. Ақшыл күлгін түсті гүлдері шашақ гүлшоғырын құрайды. Аталығы – 10, аналығы – біреу, ол 1 жеміс жапырағынан тұрады, бір ұялы. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, шілде – тамызда жеміс береді. Жемісі – сәл иіліп келген бұршаққап. Сырты тегіс, көп тұқымды, бүйрек тәрізді, қоңыр түсті болады. Тамырында глюкоза, сахароза, крахмал, биол. активті заттар (флавонид, т.б.) бар. Бұдыр мия медицинада, тамақ, тері илеу өнеркәсіптерінде пайдаланылады.Қазақ ЭнциклопедиясыОтырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005, ISBN 9965-17-272-2
Дереккөздер
Санат:Бұршақтар тұқымдасы