Байзақ Көпірбайұлы Момынбаев (1 тамыз 1946 жыл, Қызылорда облысы - 2 сәуір 2013 жыл, Алматы қаласы) – белгілі ғалым, Қазақстанда отандық инженерлік-педагогикалық білімнің негізін қалаушы, техника ғылымдарының кандидаты (1981), доцент (1984), КСРО-да инженерлік педагогика саласы бойынша тұңғыш қорғаған ғылым докторы (1991), профессор (1993), Ресей Білім Академиясының  академигі (2000), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2003), Қазақ Білім академиясының академигі (2005), Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының академигі (2010), Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2013).

Өмірбаяны

Шыққан тегі, отбасы Байзақ Көпірбайұлы Момынбаев 1946 жылғы 1 тамызда  Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Бірлестік колхозы (қазіргі Шиелі ауданы, Бірінші Май кеңшары) дүниеге келді. Байзақтың әкесі Момынбай елге, халыққа белгілі, сыйлы, беделді колхоз басқарған азамат болған (Байзақ дүниеге келгенде құжат толтыру барысында қателік кетіп, аты-жөні Момынбаев Байзақ Көпірбайұлы деп жазылған. Дұрысында Көпірбаев Байұзақ Момынбайұлы болуы тиіс).

Байұлы тайпасының Алтын руының Мәметек бөлімінен шыққан.

Байзақтың әкесі Момынбай Көпірбайұлы 1894 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Атасы Көпірбай егіншілікпен айналысып, қарапайым еңбегімен күн көрген дихан болған. Ата-анадан ерте айырылған Момынбай  бала кезден  еңбекке араласып, шаруашылық түрлерін жетік игере бастайды. Осылайша өзінің адал еңбегі мен жауапкершілігінің арқасында 1924-1931 жылдары алғашқы ауылдық Кеңестің төрағасы болып сайланған. 1932 жылы Қармақшы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланған оған сол заманғы кеңес үкіметінің құйтырқы саясатының кесірінен «байдың құйыршығы» деген жала жабылып, 12 жылға бостандығынан айырылған. Бірақ нағыз кедей шаруа-диханның баласы Момынбай  кейін ақталып, Оңтүстік Қазақстан облысынан елге оралған екен. Бұл жөніндегі құжаттар облыстық әкімшіліктің  мұрағатында сақтаулы.

1934 жылы Сырдария ауданы Калинин (қазіргі «Амангелді» ауылының бөлімшесі) атындағы колхозға төраға болып келеді.

«1937 жылы «Асау», «Бестөбе», «Ақкөл» серіктестіктері қосылып «Калинин артелі» болып ұйымдасқан. Ал келер жылы «Шолақ арық», «Зіңкетер», «Қазыбай», «Бестөбе», «Ақжар», «Ақкөл» артельдерінің іріленуіне байланысты «Ленин» атындағы колхоз құрылған. Момынбай Көпірбаев төрағасы болып тағайындалады. Осы кезеңде колхоздың экономикасы артып, әл-ауқаты жақсара түскен. Шаруашылықтың жұмыстары жүйеленіп, қуатты ауыл шаруашылығы техникалары келе бастады» деп жазды Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» қоғамдық-саяси газеті. Аталған газеттің 2016 жылғы 12 қарашадағы №88 (8496) санында жарияланған «Әлеуеті артқан Аманкелді» мақаласынан алынған бұл үзінді Момынбайдың ұйымдастырушылық шеберлігін, елді топтастырудағы қажыр-қайратын дәлелдей түседі.

1944-1947 жылдар аралығында Сырдария ауданы «Бірлестік» колхозының төрағасы болып абыройлы қызмет атқарады. 1947 жылдың аяғында сол Калинин колхозына қайтып келіп, 1956 жылға дейін су мұрабы болып қызмет еткен.

Қызметтің қай саласында болсын, Момынбайдың халықтың игілігі үшін еңбек еткендігі, әсіресе су шаруашылығын дамыту бағытында келелі істер тындырғанын жергілікті халық жақсы біледі. "Қосапан" (қазіргі мемлекеттік Жетікөл каналы), "Тасарық", "Қожа-Арық" (қазіргі Тасбөгет қыстағынан көшкен "Бесарық" ауылының орны) тағы басқа каналдарды салуға тікелей үлес қосты. Арнайы білім алмаса да зеректігімен су маманына айналған, өз ісінің білгірі Момынбайдың көпке үлгі етер өнегесі мол.

Бір жылдары Сырдария өзені көктемде қатты тасып, елге қауіп төнгенде Момынбайдың білгірлікпен айтқан ұтымды шешімі арқасында Қызылорда қаласы су астында қалудан аман қалғанын ел ұмытқан жоқ.  Сол кезде ішінде Мәскеуден келген генаралы бар, Кеңес одағының талай мамандары қанша кеңес құрса да, апаттың алдын алудың амалын таппай тосылған. Момынбай «қазақтың қарабурасы» деген тәсіл ұсынып, Сырдарияның Бөрібай сағасын бөгеп, Қызылорданың халқын судың қатерінен аман алып қалған.

Қарабура әдісі дегеніміз - ұзын тал мен қамысты шише ұзыннан төсеп, ортасын шөппен, жыңғылмен, топырақпен толтырып, киізше орап тастау. Бір қарабураның салмағы бір тоннадан кем емес, ұзындығы ең кемі 10- болу керек. Қарабура суға түсіргенде ағынға қозғалмай, лаймен араласып су түбіне шөге бастайды. Сөйтіп бірінің үстіне бірін қоя берсе, біріне-бірі үйлесіп өзінше бөгет болады. Бұл әдісті Момынбай іс жүзінде әр топқа өзі көрсетіп, қалай істеуді үйретіп шығады. Осының нәтижесінде қанша күн байлауға көнбей жатқан Бөрібайдың арнасы жуасып, қалпына түседі.  

Бар болғаны 4 кластық білімі ғана бар, жастайынан ел мен жердің сырын біліп өскен Момынбайдың бұл шешіміне бәрі таңдай қақты деседі. Момынбайдың осы баға жетпес еңбегі туған елінің тарапынан еленіп, «Тасбөгет» кентіндегі көшеге аты («Көпірбаев Момынбай» көшесі) берілген.   Бойындағы даналық пен даналық, зеректік пен білгірлік, еңбекқорлық пен жауапкершілік туа бітті қанындағы тектілікпен сабақтаса ұштасып, саналы ғұмырын ел қажетіне арнаған Момынбайдың есімі мәңгіге тарихта қалды.

Осындай халқына абыройлы Момынбайдың ұлы Байзақтың дүниеге келуі де ерекше тылсым сырға толы екендігін ауылдастары мен замандастары айтып отырады.

Момынбай бірінші жары Моншақ қайтыс болғаннан кейін екінші рет Дәмегүлмен бас қосады. Олардың Әлиасқар деген тұңғыш ұлдары бір жастан асып қайтыс болады. Бұл, әрине, жастары кеп қалған ерлі-зайыптылар үшін үлкен соққы, бас көтермес қайғы еді. Содан олар қазақ халқының ежелгі әдет-ғұрпымен әулие-әмбие жағалап, күні-түні Алла тағалладан бір перзент сұраған екен. Осындай күндердің бірінде Момынбайдың көршісі, жан досы, замандасы, ауылдық кеңестің төрағасы Жанахмет түсінде олардың алда үш ұлды болатынын көргенін айтып, қатты қуантады. Бір қызығы, Жанахмет дүниеге келер ұлдардың аттарын: Өмірзақ, Жанұзақ, Байзақ деп қоюларын қалап, бата берген екен. Осылайша анасы Дәмегүлдің 42 жасында-Өмірзақ, 44 жасында-Жанұзақ, 50 жасында-Байзақ өмір есігін ашқан. Кенже ұлдары Байзақ өмірге келгенде әкесі Момынбай 52 жаста екен.

Бұл туралы «Біз бұл қиялға, аңызға, ертегіге бергісіз ерекше уақиғаның, жөні белек жайттың шындығын бірінші рет Жанахметтің баласы, Момынбайдың талай рет атын байлаған, қолына су құйып, қонағын жайлаған, қазір елге, халыққа белгілі, сексеннің сеңгіріне шыққан Орақбай ақсақалдан, уақиғаның бас кейіпкері Байзақтың өз ауыздарынан есіттік» деп жазды қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов өзінің  «Жүрген жері Мысыр шаһар еді» деген естелігінде («Академик» жинағы, 2014).

Байзақ текті тұқымнан шыққан. Руы - Он екі ата Байұлының Алтын Мәметек руы. Оның жетінші  атасы - тарихта аты мәлім Сәлтеке би Мәметекұлы. ХІХ ғасырдың басындағы деректер бойынша, Сәлтеке бидің ұрпақтары Туған би мен Барқы батыр алтын руының бес мың шаңырағын басқарып, Троицк мен Бұқара арасында сауда жүргізген. Барқы есімі алтын руына ұран болған. Барқының  баласы Науша батыр болса, Наушадан  тарайтын Байназар би Сыр елінде «шешендіктің дүлдүлі» атанған, еліне аты мәшһүр, айтулы би болған.

Байназардан - Тобжан, Көпірбай, Көпешбай туған. Байназардың үлкен ұлы Тобжан да Сыр елінің үш жүздің айтулы биі болған, оның аты «Қазақ энциклопедиясына» енгізілген. Сыр елінің атақты ақын, жыршылары - Тұрмағамбет Ізтілеуов, Сейтжан ақын, Шораяқтың Омары т.б. көптеген айтулы ақын-жыршылардың жырларында алтын Тобжан би есімі көп кездеседі. Көпірбай (Байзақтың атасы) - Тобжан бидің туған інісі. Көпірбай ата да тегіне тартқан әділ, ақылды, өткір тілді  болған екен. Көпірбайдың тағы бір қасиеті, мал-жанды, әсіресе жылқыны сыртынан сынап, танитын көрегендік қасиеті болған және сол айтқаны дәл келіп отырған. 

Міне сол Көпірбайдан - Момынбай, Момынжан туады. Момынбайдан - Зүбайра (Боша), Қанымкүл, Ханбибі (Тай) деген қыздар, Өмірзақ, Жанұзақ, Байзақ деген ұлдар туған.

Байзақтың әкесі Момынбай 1970 жылы, ал анасы Дәмегүл 1976 жылы өмірден өтті.

Балалық  шағы

Байзақ баланың кенжесі болғандықтан, әке-шешесіне еркелеп өседі. Жас кезінен өте алғыр болып, мектепті үздік оқиды. Алғаш №3 ауылдағы жеті жылдық мектепте 3 сыныпқа дейін білім алған. Бірінші сыныптың қысқы демалысынан кейін сабаққа келгенде оның оқуға зеректігіне таңқалған мұғалімдерінің бірі «Момынбайдың баласына 5-тен басқа баға жоқ, 6-10 деген бағалар болса да соған лайық» деп мақтаса керек. Қазақ халқындағы «тіл-көз» деген нәрсе ме, әлде шынымен оқыс оқиға ма, әйтеуір сол күні Байзақ аяғы тайып құлап, жамбас, ортан жілігі сынып кетеді. Әпкелері Қанымкүл мен Ханбибі (Тай) 10-15 шақырым жердегі көрші ауылға жаяулатып, сынықшы әкеліпті. Байзақ содан үш ай сабаққа қатыса алмайды. Бірақ сол ынтасының, ізденімпаздығының арқасында қатарынан қалмай, тоқсанды беске аяқтаған екен.

Кейіннен Байзақ әкесінің қызметіне орай қазіргі Махамбетов ауылына ауысқан. 1957-1959 жылдары Қызылорда қаласындағы №143 мектепте оқыған. 1964 жылы осы қаладағы Ғани Мұратбаев атындағы №171  орта мектепті аяқтады.

Байзақ мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысқан үздік оқушы ретінде және сыныптастары арасында көпшіл, ақжарқын, аңқылдаған мінезімен ерекше есте қалды.

Білімі

Мектепті жақсы аяқтаған Байзақ арман қуып, Алматыға аттанады. Сол арман оны 1964 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының механика факультетіне алып келеді. Бұл оқу орны - Алматы қаласындағы инженер-механик мамандығымен қатар ауыл шаруашылығына қажетті кәсіби мамандарды дайындайтын іргелі оқу орны болатын. Байзақ аталған оқу орнын 1969 жылы ауылшаруашылық жұмыстарын механикаландыру мамандығы бойынша бітіріп, инженер-механик біліктілігін алады. Оның көп адамның, әсіресе қазақ жастарының тісі бата бермейтін инженер мамандығын таңдауына аталас ағасы Бәйімбетов Өмірбектің септігі тиеді. Ол кісі де Қызылордадан келіп, осы факультетке оқуға түскен. Өмірбек әрбір  демалысында өзінің тетелес інілеріне осы факультеттегі оқу үрдісі туралы қызықтыра  әңгімелеп отыратын.

Қазақ халқында «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» деген  тамаша тағылымды сөз бар. Байзақ Көпірбайұлы Момынбаев институтта оқыған жылдары бойындағы табиғи тазалық пен ерен еңбекқорлықтың, терең ақыл мен кісілік келбеттің арқасында курстастары арасында зор беделге ие болды. Сол кездегі елге танымал И.В.Сахаров, М.Р.Алшынбаев, И.Қ.Қыпшақбаев, А.Е.Ержанов сынды ұлағатты ұстаздардан білім алды.

Қызмет жолы         Оқуды үздік аяқтаған Байзақ Көпірбайұлы Момынбаев жолдамамен 1969 жылы сол кездегі ауыл шаруашылығы ғылымының ордасы болып табылатын Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының машина-трактор паркін пайдалану зертханасының инженері қызметіне орналасады. 1970-1973 жылдары білім-ғылымға деген зор ынтасы мен  еңбекқорлығы арқасында өзі білім алған Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтына оралып, тракторлар мен автомобильдер кафедрасында ассистент болып қызмет атқарады.

Ғылыммен етене айналысуды  мұрат еткен ол 1973-1976 жж. Қазақ ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру Ғылыми-зерттеу институтының аспиранты болып, ізденіс жолына түседі. Жас ғалымның алғырлығына сол кездегі үлкен буын ғалым-ағалар назар аударады. Көп ұзамай (1976-1981жж.) Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының «Тракторлар мен автомобильдер» кафедрасына қызметке шақырылып, оқытушылықпен  (инструктор, ассистент) етене айналысты. Осында Еңбек сіңірген өнертапқыш, доцент Г.Д.Бернштейн, ұлағатты ұстаздар М.Алшынбаев, И.Қыпшақбаев, Қ.Жамбаев сынды елге есімдері белгілі ғалым-оқытушылардың тәлім-тәрбиесін көрді, ұстаздық қызметтің қыр-сырын меңгерді. Ол ұстаздық қызметпен  ғылыми ізденісті қатар алып жүріп, 1981 жылы Ленинград ауылшаруашылық институтында академик И.Қ.Қыпшақбаевтың жетекшілігімен тракторлар динамикасы бойынша диссертациясын сәтті қорғайды, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Әрине, бұл үлкен жетістік болатын. Себебі елден жырақ жерде, орыс тілінде, оның ішінде техника саласынан кандидаттық қорғау екінің бірінің қолынан келмейтін биік белес болатын.