Оңтүстік Қазақстан облысы саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы

Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы 2001 жылдың 2 қарашасында Қазақстанның 10 жылдығы қарсаңында ашылған. Архитекторы мен дизайнері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері А. Найманбай. Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының 2 залы бар: экспозициялық және екінші қабатта орналасқан «Тағзым» залы. Барлық композициялардың негізі - «Репрессия» мүсіні болып табылады. Бұл жерде мемлекет және қоғам қайраткерлері – Қазақстанның саяси қуғын-сүргін құрбандары: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Шоқай, М. Тынышпаев, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Т. Рысқұлов, С. Қожанов, Н. Төреқулов, С. Меңдешов, С. Садуақасов, С. Асфендияров, Т. Жүргенов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, Ш. Құдайбердиев, Қ. Жұбанов, Ж. Шанин, О. Жандосовтардың портреттер галереясы бар.

Сонымен қатар, бұл жерде Қазақстан тарихындағы қайғылы кезеңдер көрсетілген: Голощекиннің «Кіші Қазан» идеясы; Созақтағы шаруалар көтерілісі; 3 млн-нан астам қазақтың өмірін қиған аштық; 1 млн-нан астам қазақтың шет мемлекеттерге бас сауғалай көшуі; Үлкен террор жылдарындағы 25 мың қазақстандық, оның ішінде 2500 оңтүстік қазақстандықтардың жазықсыз құрбан болуы; "Алжир" және "Карлаг" тұтқындарының қайғылы күйі; 1986 жыл, желтоқсан - Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен жастар көтерілісі

Мұражайдың "Тағзым" залында 30 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жазықсыз атылған 2500 адамның есімдері жазылған естелік тақталары орнатылған.

сілтемелер: http://repressiya.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=6&Itemid=16&lang=ru

Санат:Қазақстан мұражайлары