Тері ұқсатушылардың арасында ең көп тарағаны және теріні ұқсатудың тиімді тәсілі — қабыққа салып бояу. Теріні қабыққа салып бояу үшін талдың, еменнің, қара мойылдың, кейде май қарағайдың қабықтары да жақсы. Оларды жасамалы ағаштардан күздігүні әзірлейді. Тік тұрған ағаштың қабығын сыдыру ағашқа үлкен зиян келтіреді. Сондықтан бояуға алынатын қабықты кесілген ағаштардан жинайды. Жиналған қабықты жылы сумен жуып, кепкен соң темір келіге салып түйеді немесе қол диірменмен тартады. 11-12 қойдың терісінен тігетін үлкен тонды бояу үшін осындай ұнтаталған 4—4,5 кг қабықты бір жарым-екі шелек суга салып, тұзын татытып қайнатады. Қайнау мен суалдырудың мезгілін қайнап шыққан қабық бояуының түсуіне және қоюлығына қарай белгілейді. Су аз құйылғандықтан бояуы шықпай, қабықтар құрғап бара жатса, үстеп су құяды. Мұның керісінше, кейде оның суы көбейіп, бояуы өте сұйылса, қосымша қабық ұнтағын салып қайнатады. Ал қайнауы қанып, қажетті түсі мен қоюлығы жеткен соң от жағуды тоқтатып, қабықтың ұнтағын сүзіп алып тастайды. Қайнатылған бояу тері күйместей қанжылым болған соң теріні бояй беруге болады. Бояудың қою-сүйықтығын бірқалыпты етіп, қыл сыпыртқымен немесе кірі жоқ киіз қырдасынмен теріге жағады. Боялған теріні бояуын бойына сіңіру үшін бір-екі сағат өңін ішіне келтіріп бүктеп қояды. Бүктеулі жатып дегдіген теріні желге, көлеңкеге, ыстық үйге жайып кептіреді. Кептіргенде ол шыңылтырланып құрғап қалмас үшін теріні тобарси бастаған соң-ақ қолмен уқалап созғылайды.

Теріні бояудың басқа түрлері — томар бояу, қынамен бояу. Боялған теріден әсем киім,тұтынуға қолайлы түрлі мүліктер жасалады. Соның ішінде әсіресе төрт түлік малдың терілерінен көп киім тігіледі. Бұларды өң киімдер деп атайды. Өйткені бұл киімдер өте жылы болады. Қой мен ешкінің терісінен тон, шалбар, үлкен қойдың терісінен ішік, сеңсең ішік, елтірі ішік, лаң терісінен ішік, бөкебай ішік тігіледі. Қозы, лақ терлерінен тымақ, бәрік, құлақшын тігеді. Сондай-ақ жүнін сыртына қаратып, құлын терісінен тіккен ішікті (доханы) «құлын ішік» деп, ал жүнін ішіне қаратып бота терісінен тіккен ішікті «бота ішік» деп атайды. Қойдың, ешкінің, тайлақтың пұшпақтарынан құрап тігілетін ішіктер де бар. Мұндай құрама киімдерді көбінесе балаларға арнап тігеді. Олар әрі жылы, әрі жеңіл келеді.

Мал терісімен қатар, аң терілерінен де түрлі бас киімдер мен ішіктер тігіледі. Мысалы: қасқыр ішік, түлкі ішік, сусар бөрік, жанат ішік, бұлғын ішік аң терісінен тігіледі. Кей де мұндай киімдерді аң терісінің жонынан, тамағынан немесе пұшағынан құрап істейді. Бұл киімдерді тамақ ішік, пұшпақ бөрік, пұшпақ ішік деп атайды. Аң терілерінен әр түрлі төсеніштер жасайды. Оларды бөстек дейді.

Теріден тігілген киімдерді кестелі немесе кестесіз маталармен тыстап, әдіптейді, жаға-жеңдерін кестелеп жұрындайды немесе сыздың жүргізу арқылы әшекейлейді (құндыз бөрік, қамқа тон т.б.).

Дереккөздер

1. http://www.koshpendi.kz/index.php/turmysdasturleri/sharuashylyk-dasturler/

2. Қазақ халқының салт-дәстүрлері кітабынан, Атамұра 2011ж.