Социализмнің кеңестік жолына наразылық көріністері Шартты түрде тоқырау жылдары деп аталып жүрген кезең 1960 жылдардың ортасынан бастап, 1980 жылдардың ортасына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл кезеңде социалистік бағдардағы мемлекеттер арасында жетекші рөл аткарып келген Кеңес Одағының ықпалы бұрынғыға қарағанда солғындады. Жыл өткен сайын КОКП-ның халықаралықаренадағы беделі түсіп, дүниежүзілік арандатушы фактор кейпінде көріне бастады. Югославия, КХДР, ҚХР, сол кезде социалистік бағдарға бейім болған Египет тектес мемлекеттер КСРО-дан іргесін аулақтатып әкетті. Қоғамдық- әлеуметтік даму барысында тоқырау белгілері айқынырақ біліне бастағандықтан, КСРО-ға ең жакын деген мемлекеттерде де социализмнің кеңестік жолынан бас тартуға бейім күштер байқалды. Қоғамның саяси өмірі. 70-жылдардың бас кезі жаңашыл үрдістердің едәуір әлсіреуімен, қоғамдық құрылыс принциптері мен формаларының тоқырауға ұшырауымен ерекшеленеді. Саяси өмір принциптеріне түзетулер енгізген мұндай бетбұрыстың пайда болуы ең алдымен 1968 жылдың тамыз айында бес ел әскерлерінің Чехословакия жеріне енгізілуіне байланысты болатын. Өйткені дәл осы елде партияны жаңартуға, қатып-семген қоғамдық жүйені өзгертуге , нарықтық қатынастар орнату жолымен экономикалық реформалар жүргізуге бағытталған барынша ауқымды ұмтылыстар орын алған еді.Шынтуайттап келгенде , онда социализмнің «сталиндік», «кеңестік» нұсқасын жою және демократиялық қоғам орнату туралы мәселе көтерілді. А.Дубчек бастаған ЧКП басшылығының бұл бағытына халықтың көпшілік бөлігі қолдау көрсетті . Алайда мемлекеттік –монополистік социализмнің қуатын шайқауды және демократиялық балама күштер жеңісін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан бұл ұмтылыс 1968 жылы «Прага көктеміне» қарсы төндірілген «интернационалистік акцияның» салдарынан іске аспай қалды. ЧКП қатарындағы керітартпа күштерге көрсетілген қолдау бұл күштердің КОКП басшылығында да жеңіске жеткендігін айғақтап берді. Осының нәтижесінде 60-жылдар ортасындағы бетбұрыс төрешіл керітартпа күштердің темір құрсауында қалды. Бұл оқиғаның ізі суымастан «ревизионизмге» қарсы басталған идеологиялық науқан ЧКП дамуындағы дағдарысты жоюға, бірқатар басқа коммунистік партиялардағы оппортунистік күштерге теориялық соққы беруге, партия, оның социалистік қоғамдағы жетекші рөлі туралы «маркстік-лениндік» тұжырымдаманы қайта қалпына келтіруге жәрдемдесуге тиіс болды. Алайда тарих тәжірибесі коммунистік құрылыстың КОКП Бағдарламасында белгіленген міндеттері өзіне сай саяси және практикалық шешімдер таба алмағандығын көрсетті. Ал мұның өзі көптеген сұрақтардың жауабын кемелденген социализм тұжырымдамасынан іздеу қажеттілігін алдын-ала аңғартты. Социализмді бірте-бірте жетілдіру идеясы саяси бағыттың өзегіне айналды. 1967 жылы Қазан революциясының 50 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте сөйлеген сөзінде-ақ Л.И.Брежнев кеңес халқы жүріп өткен тарихи жолдың басты қорытындысы кемелденген социализмнің орнатылуы болып табылады деп мәлімдеген болатын. Бұл «тұжырымдаманың» өзінен бұрынғы теориялық қисындамалардан айырмашылығы социализмнің қоғам дамуының едәуір ұзаққа созылатын кезеңі екендігін мойындауынан көрініс тапты. Осы тұрғыдан алғанда «коммунизмге қарай алып адыммен секіру» идеясынан бас тарту жағдайға байыпты баға беру көрінісі болғандығы шүбәсыз. Бірақ бұл «тұжырымдама» 30 – 40-жылдары мерейі үстем болған, өтпелі кезеңнің бүкіл проблемалары шешіліп бітті, социалистік мұраттар негізінен жүзеге асты және осының бәрі дәлелденген деп санайтын әлеуметтік-экономикалық даму пайымына арқа сүйеді. Осының салдарынан социализмді жетілдіру жолдарын іздестіру ісі (егер мұндай іздестіру жүргізілсе), ескірген түсініктер аясында ғана қанат жаюға мүмкіндік алды. Социализмнің іркіліссіз және қайшылықсыз үдере өркендеуі теориясы экономикалық және әлеуметтік жетістіктерді зорайтып көрсетуге, шындықты боямалап жеткізуге итермеледі, қоғам өзегіне енген қайшылықтардың, тоқыраушылықтың, төрешілдіктің асқыну себептерін жабулы күйінде қалдырды. Қоғамның даму процесі өткен кезеңдегі жетістіктермен салыстырыла қарастырылғандықтан, сөздер мен ұғымдар бірте-бірте шындыққа мүлде жанаспайтын мазмұнға ие болып, теория да шынайы мән-мағынасынан айырыла бастады. Қиялдағыны қолдағыдай етіп көрсетуге тырысушылықтың барынша асқындаған көрінісі КРСО-ның 1977 жылғы Конституциясында орын алды. КОКП Орталық Комитетінің мамыр (1977ж.) пленумы мақұлдаған Конституция жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Талқылау барысында не бары 400 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. 1977 жылғы қазанның 7-сі күні тоғызыншы сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші сессиясы Негізгі Заңның тексін қабылдады. Бұл күн КСРО Конституциясы күні болып жарияланды. Неміс автономиясы мәселесі Волга бойындағы неміс автономиясы таратылғаннан кейін оның мыңдаған азаматтары Қазақстан жеріне көшіп келген еді. КОКП ОК-нің 1979 жылдың көктемінде олар үшін Қазақстан аумағында неміс автономиялық облысын құру туралы шешімі қазақ халқының мүдделерін тұтастай аяққа басудың көрінісі болып табылады. Қазақстан Компартиясы ОК-нің бұрынғы бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың куәлік етуіне қарағанда, мұндай ұсыныс КСРО МХК төрағасы Ю.Андропов тарапынан жасалған екен. Бұл мәселе қойылғанда қатынасып отырған Қазақстан басшылығы үнсіз қалады. Бұл аз болғандай, Қазақстан аумағында неміс автономиясын құру жөнінде комитет құрылып, оған Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы А.Коркин басшылық етті. Комитеттің шешімі бойынша, болашақ автономияның әкімшілік орталығы Ақмола облысындағы Ерейментау қаласы болуға тиіс деген ұйғарым жасалды. Автономия құрамына сондай-ақ Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының бірнеше аудандары енгізілуге тиіс болды. Неміс автономиясының құрылуы туралы хабар Қазақстан жеріне, әсіресе оның солтүстік бөлігіне, лезде тарап кетті. 1979 жылғы маусымның 16-сы таңертең қазақ жастарының топтары Ақмоланың орталығындағы Ленин алаңына көптеп жинала бастады. Жастрадың қолдарында «Қазақстан бөлінбейді!», «Неміс автономиясына жол жоқ!» деген жазуы бар тақтайшалар болды. Көп ұзамай қала орталығы демонстранттарға лық толды. Осы оқиғаны көзімен көргендердің айтуына қарағанда, митингіде сөйлеушілердің сөзі дәйекті де байсалды болды. Олар Қазақстанның кеңес республикасы және көп ұлтты Кеңес Одағының құрамдас бөлігі екендігін айтқан. Бұл жерде ондаған жылдар бойына қазақтар, орыстар, украиндар, немістер, татарлар және көптеген басқа халықтардың өкілдері қоян-қолтық бірлесіп еңбек етті. Енді келіп осындай республикада оның Жоғарғы Кеңесімен, халқымен ақылдаспастан, ойда жоқта неміс автономиясы құрылмақшы. Митингіге қатысушы бір студент: «Біз Кремльдің мұндай шешімін айыптаймыз», - деді. Облыс басшыларының митингіні тез арада таратып жіберуге тырысқан әрекеті іске аспады. Митингіге қатысушылар шет түзеп, қала көшелерімен ұрандатып өтті. Келесі шеру маусымның 19-ы болды. Митингіге қатысушылардың алдына облатком төрағасы Жұмахметов пен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Морозов шықты. Өзінің ұзаққа созылған шашыраңқы сөзінде Морозов қалай дегенмен Ақмола облысында ешқандай автономия құрылмайтындығына жұрттың көзін жеткізе білді. Дегенмен жұрт дүрлігіп қалған еді. Толқулар басқа елді мекендер мен облыстарға қанат жайды. Алайда біраз уақыттан соң дүрлігіс саябыр тартты. Бірақ республика басшылығы мен МХК бұл шерулер туралы ақпаратта таралмауы үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Баспасөз де бұл оқиғалар туралы жұмған аузын ашқан жоқ. Алайда Ақмолада 1979 жылы болып өткен толқулар туралы қауесет республикада ұзақ уақытқа дейін тыншымады. Халықаралық жағдайы Қоғамдық өмір дамуындағы демократиялық және төрешіл бетбағыттар күресі әсерінен туындаған саяси жүйенің қайшылықты, күрделі сипаты сыртқы саясатқа да қайшылықты сипат дарытты. 70-жылдардың бас кезінде әлемдегі саяси ахуалдың жұмсаруы, халықаралық шиеленістің бәсеңдеуі тән болды. 1973 жылы Вьетнамдағы соғыс аяқталды. Хельсинкиде жалпыеуропалық кеңестің шақырылуы барлық бейбітшілік сүйгіш күштердің қомақты табысына айналды. Еуропалық 33 мемлекеттің, АҚШ пен Канаданың басшылары қол қойған қорытынды актіде мемлекетаралық қатынастар жаңа айқындамалар тұрғысынан реттеліп, мемлекеттердің адам хұқын қорғау жөніндегі күш-жігері біріктірілді. Өзгерістер жағдайында Қазақстан өзінің халықаралық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік алды. Өзге елдермен мәдени және экономикалық қатынастар күшейе түсті. Алдыңғы бесжылдықтарда Қазақстан кәсіпорындары өндіретін тауарларды сыртқа шығару ұлғая түсті. Алайда Қазақстаннан шетке шығарылатын өнімдер тізімі технологиялық жаңалықтардан емес, негізінен шикізаттық қуат көздерінен, мәселен, түсті металдардан, хром кені мен темір балқытпаларынан, жұқа болат тақталарынан, мұнайдан, т.б. тұратын еді. Қазақстан металл кесетін станоктарды, жол құрылысы жабдықтарын, электровоздарды, жиһазды, киімді, тағам өнімдерін, электр тауарларын, т.б. сырттан тасыды. Қазақстанның шетелдермен мәдениет саласындағы байланысы қарқынды дамыды. Қазақстандық жүздеген маман әлемнің көптеген елдерінде – Иракта, Египетте, Үндістанда, Монғол Халық Республикасында, Финляндияда, Ауғанстанда жұмыс істеді. Ғылыми байланыстар да сирек құбылыс болған жоқ. Қазақ КСР Ғылым академиясы шетелдердің ғылыми мекемелерімен бірлесе отырып, 31 проблема мен жеке тақырыптарды зерттеуге қатынасты. Химия ғылымдары институтының қызметкерлері өздерінің чехословакиялық және болғарлық әріптестерімен берік қатынастар орнатты. АҚШ, Франция, Италия ғалымдарымен байланыс жүзеге асырылды. Қазақстанда кеңес-сирия достығының күндері, Францияның КСРО-дағы күндері өткізілді. Қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік ұлт аспаптары оркестірінің әртістері, КСРО халық әртістері Е.Серкебаев пен Б.Төлегеновалар Францияның музыка сүйер қауымын өздерінің қайталанбастай тамаша әуез өнерімен тәнті етті. Қазақ операсы мен балетінің, көркемсурет пен графикасының, қолданбалы өнерінің шеберлері Еуропа, Азия, Африка елдерінде өнер көрсетті. Алайда сыртқы саясат саласындағы қарыспа шешімдер, біліктілік жағынан төмен және шала ойластырылған идеология мемлекетаралық қатынастарды қалыптастыру жолында көптеген тастүйін кедергілердің бой көрсетуіне себепші болды. Екі әлеуметтік-саяси жүйе арасындағы текетірестіктің өрши түсуіне шынайы дүниені айқын тануға бөгеті мол «дұшпан бейнесі» дейтін түсінік май тамызды. «Саяси күрестің күшеюі» туралы жолнұсқа (тезис) орнына «идеологиялық күрестің күшеюі» дейтін екінші бір жолнұсқа келді. Осының салдарынан екінші жақ та әскери күшін еселей өсіріп, қарулануға жұмсалатын қаржы көлемін үсті-үстіне ұлғайта түсті. Әскери шығындардың негізгі ауыр салмағы екі аса ірі мемлекетке – АҚШ пен КСРО-ға түсті. Бұл шығындар ең алдымен осы екі мемлекеттің азаматтарын тұралатар жүкке айналды. Ұлы мемлекеттік тәкаппарлық жанталаса қарулануды күшейтуге, ядролық мүлік қоймасын жаңарта жасақтауға сүйреді. Қазақ халқының ұлы перзенттері Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов дүниеге келіп, өсіп-өнген жерлерде, яғни Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының түйіскен тұсында орналасқан Семей ядролық полигоны Қазақстан жерін молынан қамтыды. Ядролық заряд мұнда алғаш рет 1949 жылғы тамыздың 29-ында сыннан өткізілді. Ғалымдардың пікірі бойынша, әрбір эксперементтік қондырғы мен оны жер астында сынақтан өткізу құны орта есеппен 30 миллион сомға тең. Әскерлер ұзақ жылдар бойы жұмған аузын ашпай, кейіннен полигонның жергіліктің халықтың денсаулығына бәлендей зияны жоқ деп мәлімдесе де полигон айналадағы табиғатқа, адамдардың денсаулық жағдайына аса қатерлі еді. Дәрігерлер мен фельдшерлерге рактан, лейкоздан және ионданушы радиацияға байланысты туындаған басқа да аурулардан қайтыс болғандарға дәл диагноз қоюға тыйым салынды. КСРО Денсаулық сақтау Министрлігі бұл аймақта медициналық зерттеулер жүргізуге де тыйым салды, ал әскери дәрігерлер жүргізген тексерістердің нәтижесі аса құпия сақталып, ядролық полигон әрекеті салдарынан келген зардап көлемі туралы мәліметтер жасырын ұсталды.