АҒАШ ҚҰРАЛЫМДАР — түгелдей немесе дені ағаш материалдан жасалатын құрылыс құралымдар (арқалықтар, фермалар, аркалар, рамалар, күмбездер т.б.). АҒАШ ҚҰРАЛЫМДАР бөлшектері бір-бірімен қашап қиюластыру, сыналар, нагельдер (ағаштан немесе темірден жасалынған цилиндр тәріздес өзекше), болттар, металл бекіткіштер қағу, сондай-ақ желімдеу арқылы байланыстырылады. АҒАШ ҚҰРАЛЫМДАРдың артықшылықтары: жергілікті материалдарды пайдалану мүмкіндігі мол, химиялық залалды әсерлерге төзімді, әрі тасымалдауға қолайлы. Кемшіліктері — шіруге бейім және өртке оңай шалынғыш келеді. АҒАШ ҚҰРАЛЫМДАР өнеркәсіптік, қоғамдық, ауыл шаруашылығына т.б. қатысты ғимараттардың төбесін жабуға, сондай-ақ көпірлер, эстакадалар салуға, электр тогын жеткізу желілерінің бағаналарына т.б. қолданылады. АҒАШ ҚҰРАЛЫМДАРдың ашық ауада пайдалануға арналған бөлшектерін антисептикалық қоспаға шылайды. Қазіргі құрылыстарда негізінен желімді АҒАШ ҚҰРАЛЫМДАР пайдаланылады. Дереккөздер Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Санат:Құрылыс