Кәдімгі оңаза (Strix aluco) - шұбар реңді, орташа денелі (салмағы 700 грамға дейін, қанат алымы 1 м шамасында) жапалақ. Сонымен бірге географиялық таралуы жағынан айтарлықтай күшті байланысы бар сұр және қызғылт сарылау өзгермелі нұсқалары да бар. Аталықтар мен аналықтарының реңдері бірдей, дегенмен аналықтары аталықтарынан ірілеу болып келеді. Еуропада, азиялық таулар мен Солтүстік Африкада таралған. Қазақстанда оңтүстік және оңтүстік-шығыс тау бөліктерінде өмір сүреді. Барлық жерде тіршілігі ормандық биотоптарға байланысты. Өте ерте - наурыздың соңында және сәуірдің басында көбейе бастайды. Ұяларын ағаш қуыстарына немесе өзгеше пайда болған қуыстарға салады. Салындыдағы 2-4 (қорек мол болған кезде 8) ақ жұмыртқаны аналық бір ай басады. Бұдан соң ата-енелері балапандарды қанатына көтерілгенше тағы қоректендіреді. Отырықшы немесе ұзаққа көшпенділік жасамайтын құстар. Негізгі қорегі - тышқантәріздес кемірушілер.Мектеп энциклопедиясы. Алматы: Атамұра, 2010.

Дереккөздер

Санат:Жапалақтәрізділер Санат:Еуразия құстары