Намаз Ізімбергенов (25 желтоқсан 1937, Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы, Ащымұрын-Сарытас ауылы - 3 желтоқсан 2019, Ақтөбе қаласы) — ғалым, медицина ғыл. докт. (1979), профессор (1982), Қазақстан Республикасы Медицина ғылымдары академиясының академигі (1995), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (2004), Қазақстан Республикасы ғылым мен техниканың еңбек сіңірген қайраткері (1998), Халықаралық хирургтер қоғамының мүшесі (1999).
Өмірбаяны
Тегі Ізімбергенов Намаз Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Сарытасқа жақын орналасқан Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы Төбеқұдық жерінде дүниеге келген (1963 жылға дейін Шевченко ауданы аталған, 1972–1992 жылдар аралығында Форт-Шевченко қаласы әкімдігінің аумағы болған, 1992 жылдан бастап ауданның қазіргі атауы белгіленген).
Кіші жүздің Адай руынан тарайды.
Шежіресі: Адай – Келімберді – Мұңал – Бәйімбет – Алдаберді – Райымберді – Текей – Әтембек – Қаратоқа – Көшкін – Мұса – Есеу (атасы) – Ізімберген (әкесі) – Намаз.
Ата-анасы Әкесі – Есеуов Ізімберген (1896–1959) – шаруа болған, орта діни білімді, II Дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Соғыс кезінде II дәрежелі мүгедек болды (қолынан айырылды). Колхозда жұмыс істеп, мал шаруашылығымен айналысқан. Исламды діни әдет-ғұрыптарды сақтау ғана емес, сонымен бірге өмір салты ретінде қабылдаған.
Атасы – Есеу діни білімді, халық арасында беделге ие болған, оны құрметпен «Суфий Есеу» деп атаған. Манғыстау облысының Шетпе тұрғылықты жерінен 60–70 км жердегі «Жиенәлі» қоғамдастығында жерленген.
Анасы – Дәмет Жалғасбайқызы (1906–1983) – қарапайым жанұяда дүниеге келген, колхозда жұмыс атқарып, барлық мәселеде өз жұбайын қолдап жүрген.
Намаз отбасында екінші бала болды, ағасы Азан (1933), қарындасы Бибіш (1940), інісі Сәлем (1944).
Балалық шағы Намаздың балалық шағы Сарытастан батысқа қарай 12 км жердегі Ащымұрын жерінде өткен, мұнда жазғы мал жайылымы орналасқан болатын. Осы жерлер С.М.Киров атындағы балық аулау колхозына жатқызылған, орталығы Ащымұрын болды.
1945 жылы Намаз тұрғылықты жерінен шамамен 10 км қашықтықта орналасқан Ащымұрын бастауыш мектебіне барды. Оқуға Намаз ерте шығып, мектепке тек сағат 11–12-лерде, ал үйге кеш уақытта қайтып, бірден сабағын оқуға кіріскен. Мүлдем кеш батқанда, оқулықтарымен ошаққа жақын орналасып дайындалған. Киіз үйде тұрғандықтан, шамдар мүлдем болмаған. Есеуовтер отбасында алғашқы шам мектеп бітіргеннен кейін ғана пайда болды. Қыс уақытында мектепке айына үш-төрт рет қана барды. Осыған қарамастан, Намаз жақсы оқып, мектепті мадақтау грамотасымен аяқтаған. Кейін, бір жыл оқуға бармай, ата-анасына шаруашылық жағынан көмектескен.
1950 жылы село кеңесінің хатшысы Шойтасов Еңсеген мектеп бітірген барлық балаларды жинап, оларды Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласы – 70 км шалғайдағы аудан орталығына апарып, оларды С.М.Киров атындағы интернаттың 5-сыныбына орналастырған, онда оқу қазақ тілінде өткізілген. Ол кезде интернат тәрбие мен орта білім берудің нағыз орталығы болған, онда тамақтанумен, киіммен, оқулықтар мен басқа да қажеттіліктермен тегін қамтамасыз еткен. Намаз ата-анасымен жылына бір рет жазғы демалыста ғана көріскен.
Интернатта табандылық таныта отырып оқыған. 1956 жылы интернатты үлгілі аттестатпен бітіріп, онда 7-сынып үшін екі «төрті» (орыс тілі мен география пәндерінен), қалғандары «бес» болған.
Интернаттан кейін Намазды әскери комиссариатқа шақырған, алайда әскери қызмет өткеруге алмаған. Себебі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы – II дәрежелі мүгедек адамның бірден екі баласын әскери қызмет өткеруге шақыруға заңнамалық тыйым болған. Ол кезде Есеуовтердің үлкен ұлы әскери қызметте еді.
Келесі екі жыл ішінде ағасы Азан әскери қызмет атқарған кезеңде Намаз өз поселкесінде жұмыс атқарды. Алғашқы жылы ол кітапхананың меңгерушісі, екінші жылы село кеңесінің хатшысы Әділханова Жамал партиялық мектепте оқуы кезеңінде оның міндеттерін атқарды. Оның қарамағында әскери комиссариаттың, мектептің және АХАТ-ның жұмысы болды. Алайда, Намаз басқа да табыстарға қол жеткізетініне сенімді болған.
Болашақ кәсібін таңдау барысында Намаз хирург болуға бел байлап, жоспарын ешқашан ауыстырмаған. «Медицинаның барлық салалары қажет,
ал хирургия – бұл нақты әрі мықты пән. Хирургияда нәтижелер бірден көрінеді. Хирургтің жақсы жұмысы – құтқарылған өмір», – деп пайымдаған болатын.
Студенттік жылдар 1958 жылы ағасы армиядан оралғаннан кейін, Намаз Ақтөбе медицина институтының (қазір Марат Оспанов атындағы Батыс-Қазақстан медицина университеті, Ақтөбе қаласы) емдеу факультетіне оқуға түскен. Барлық оқуға түсу емтихандарын «өте жақсы» бағамен тапсырып, оған тіпті жоғарылатылған стипендия тағайындалған (жалпыдан 25%-ға жоғары).
Институтта оқудағы үздік көрсеткіштері үшін институттың комсомол комитетіне енгізіліп, коммунистік партияның құрамына алынған, сондай-ақ «достастық сотының» төрағасы болып сайланған.
Соңғы 6-шы курста оны Қазақстанның коммунистік партиясының Ақтөбе облыстық комитетінің денсаулық сақтау бөліміне жұмысқа шақырған. Бұл ретте, оқуды аяқтағаннан кейін, Ленинград қаласында (қазіргі Санкт-Петербург қаласы, РФ) 6 айлық маманданудан өту, сонымен бірге Актюбинск қаласында (қазіргі Ақтөбе қаласы) пәтер беру, ал кейіннен облыстық денсаулық сақтау мекемесінде ғана емес, сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігінде де жұмыс атқару мүмкіндіктері болжамдалған болатын.
1964 жылы (II түлектер) Намаз Ізімбергенұлы институтты қызыл дипломға аяқтап, оған одан әрі жетілу үшін сабақ беруге кафедрада қалу ұсынылған. Алайда 26 жастағы жігіт теориялық білімін аз деп санай отырып, тәжірибе керектігін сезінген, сол себепті педагогикалық қызметпен айналысу жайлы көптеген ұсыныстардан бас тартқан.
Келесі екі жыл (1964–1966) Медицина институтының ректоры Николай Дмитриевич Растопчинның ұсынымы бойынша Ақтөбе облыстық аурухананың хирургия бөлімшесі базасында Ақтөбе медицина институтының госпитальді хирургия кафедрасының хирургия бойынша клиникалық ординатурасында оқудан өткен (қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының «Жедел медициналық жәрдем ауруханасы» ШЖҚ МКК).
Ол кезде, госпитальді хирургия кафедрасының жетекшісі (1963–1969) медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, әскери-дала хирургі, травмотолог Георгий Прокопьевич Барсуков болатын. Г.П. Барсуков өзінің шәкірттеріне хирургиялық практикалық жұмыстың іргетасын нығайтты. Оқу кезінде Намаз анестезиолог мамандығын да игереді.
Жанұясы 1960 жылы институттың 3-курсында оқып жүріп, Намаз Ізімбергенұлы Ақтөбе медицина училищесінің түлегі Тагабергенова Тойбикемен отбасы құрады (1940 жылы туған, Ресейдің Оренбург қаласының тумасы, Кіші жүздің Жағалбайлы руынан).
Кейіннен, жанұяны және балаларды күтіп-қарау сияқты отбасылық міндеттерге қарамастан, Тойбике Ақтөбе медицина институтының кешкі бөлімшесін бітіреді (1965–1972), кейін инфекциялық аурулар кафедрасында клиникалық ординатураны (1972–1974) аяқтайды.
1974 жылы Тойбике Ақтөбе облыстық аурухананың инфекциялық бөлімшесінің дәрігері болып жұмысқа орналасады, кейіннен 34 жыл бойы (1976–2010) зейнеткерлікке шыққанға дейін осы инфекциялық бөлімшені басқарады.
Туыстар мен достардың ортасында Намаз Ізімбергенұлы өзінің қалыптасуында жұбайының қолдауы мен көмегі жайлы бірнеше рет осылай айтқан болатын: «Тойбике сияқты жұбай егер басқа хирургке тұрмысқа шыққанда, міндетті түрде оны Академик етер еді».
Бірлескен некеде 3 бала тәрбиелеп өсірген.
Баласы - Мирсаид, 1-қаңтар 1962 жылы туған, (немерелері Дана, Әліби), 1985 жылы Ақтөбе медицина институтын «қызыл» дипломға бітіріп, кейін КСРО Медицина ғылымдар академиясының Жалпыкеңестік хирургия ғылыми орталығының ординатурасында оқудан өткен (қазіргі кезде академик Б.В.Петровский атындағы Ресейлік хирургия ғылыми орталығы). Хирург бола жүре, Ақтөбе облыстық аурухананың хирургия бөлімшесін басқарған.
Әкесінен үлгі ала отырып, 1998 жылы кандидаттық, ал 2001 жылы докторлық диссертация қорғаған.
Намаз Ізімбергенұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін, 2004–2009 жылдары госпитальді хирургия кафедрасын басқарды.
Әкесінің ісін жалғастыра отырып, Мирсаид Намазұлы Қазақстанда ішекке озондалған ерітінділерді зондтық енгізу әдісін практикаға енгізеді.
2004 жылдан бастап академиктер В.С.Савельев (Мәскеу қаласы) және М.А.Алиевтің (Алматы қаласы) ұсынымдары бойынша Қазақстанда абдоминальді сепсисті диагностикалау және емдеу стандарттарын енгізеді.
2005 жылы клиниканың практикасына перитониттердің жаңа халықаралық сыныптамасы және APACHE II, SAPS ауруымен шалдыққандардың жай-күйінің ауырлығын бағалаудың жаңа шкаласы енгізіледі, осы патологияны емдеуде жаңа тәсілдер әзірленеді, жаңа тұжырымдаманы ескере отырып, кафедра да оны барлық республика ауқымында енгізу мәселесінде жұмыс атқарады.
Намаз және Мирсаид Ізімбергеновтердің бастамасы бойынша 2006 жылы Қазақстанда алғаш рет субординаторлар-интерн хирургтердің оқу бағдарламасына эндовидеохирургия-лапароскопияның ресми циклі енгізіледі, ал 2009 жылы кафедра базасында жүкті және босанған әйелдерге кезек күттірмейтін хирургиялық көмек көрсету бойынша облыстық орталық ұйымдастырылады.
Кафедрада басшылық еткен кезде 2 ғылым кандидатын дайындады.
2010 жыл мен қазіргі уақыт аралығында Астана қаласында «Астана медицина университеті» КеАҚ-да профессор болып жұмыс істейді.
Қызы – Гүлмира, 17-мамыр 1970 жыл – 8-тамыз 2020 жыл (немересі Дилара) сондай-ақ Ақтөбе медицина институтын «қызыл» дипломға бітірген, медицина ғылымдарының кандидаты, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде педагогикалық қызметпен айналысқан.
Қызы – Жанна, 23-ақпан 1978 жылы туған (немерелері Айя, Айзере), К.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін экономика факультеті бойынша бітірген, кәсіпкерлік қызметпен айналысады.
Ғылыми және еңбек жолы 1966 жылы 3 жылға КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Ленин орденінің Мәскеу жалпыодақтық орталық дәрігерлерді жетілдіру институтының аспирантурасына оқуға түседі (қазіргі кезде Ресейлік үздіксіз кәсіби білім беру медицина академиясы, Мәскеу қаласы). Кейін сол жерде докторантураны аяқтайды (1973-1975).
Медицина ғылымдарының кандидаты (1970), доцент (1977), медицина ғылымдарының докторы (1979, диссертация тақырыбы: «Бауыр мен өт жолдарының хирургиялық патологиясы кезіндегі диагностикалық тактика»), профессор (1982), ҚР Ұлттық ғылымдар академиясының мүшесі-корреспонденті (1994), ҚР Медицина ғылымдары академиясының академигі (1995), Ұлттық ғылымдар академиясының академигі (2004).
1969 жылы аспирантураны аяқтап, ол Ақтөбе медицина институтының госпитальді хирургия кафедрасына ассистент болып жұмысқа орналасады, бұл Намаз Ізімбергенұлының барлық еңбек жолындағы жұмыс орны болады.
1975-1978 жылдары кафедрада доцент болып жұмыс істейді, ал кейіннен 24 жыл бойы (1979-2003) Намаз Ізімбергенұлы госпитальді хирургия кафедрасын басқарады, зейнеткерлікке шыққаннан кейін 2003 жылғы күзден бастап осында профессор болып қалады.
Оның басшылығымен перифериялық ЖОО кафедрасы кезек күттірмейтін хирургия мен перитонит проблемалары бойынша мамандарды даярлау жөніндегі жетекші ғылыми-әдістемелік орталыққа айналады, ол еліміздің медицина ортасында «Н.І.Ізімбергенов академигінің мектебі» ретінде мәлім.
Кафедрада әзірленетін ғылыми проблемалардың бағыттары әртүрлі: бұл гепатобиллиарлы хирургия, анестезиология және интенсивті терапия, лапароскопия, перитонитті және іш қуысы органдарының іріңді-септикалық ауруларын емдеу мәселелері.
Клиникалық практикаға осы зерттеулердің нәтижелерін енгізу ауруға шалдыққандарды емдеуді едәуір жақсартты. Перитонит, ішектен тамақ өтпеу, панкреонекроз, сепсис сияқты аса ауыр аурулар кезінде адам өлімі 3 есеге азайды.