Іле құртқашашы () – құртқашаштар тұқымдасының құртқашаш туысына жататын өсімдік.
Ботаникалық сипаттампасы. Іле құртқашашы – биіктігі 20 – 40 см, көп жылдық шөп тектес өсімдік. Тамыры ақшыл түсті, жуан, көптеген қосымша тамыр – сабақшалары болады. Тамырдан тікелей өсіп шыққан жапырақтарының пішіні кәдімгі қылыш тәрізді. Сабақтағы жапырақтарының пішіні сопақтау, жүрек секілді. Өсімдік сәуір – мамыр айларында гүлдейді. Оның гүлі – көкшіл түсті, ірі, көздің жауын алады. Табиғатта таралуы. Қазақстан территориясында іле құртқашашы шөбінің жиырма түрі бар. Өсетін аймақтарында байланысты оларды орыс құртқашашы, сібір құртқашашы, шығыс, батыс құртқашашы, қылыш құртқашашы, ірі жапырақты құртқашаш және тағы басқалай да атайды. Осы аталып өткен шөп түрлерінің шипалық қасиеттері бір – біріне шамалас. Іле құртқашашы Алматы, Талдықорған облысында Іле өзені жағалауындағы шабындықтарда, құмды жерлерде қалың болып өседі. Кейбір жерлерде оны сәндік өсімдік ретінде мәдени де өсіреді. Дәрілік шикізат ретінде өсімдік әбден гүлдеп болған кезде, яғни шілде – тамыз айларында,тамырын күрекпен қазып алып, топырақтан тазалайды. Кептіріп, майдалап турайды да, кардон, фанерь жәшіктерге салып, құрғақ орындарда сақтайды. Химиялық құрамы. Оның тамырының құрамында геридин гликозиді, крахмал, қант, эфир майлары және басқа да заттар бар. Қолданылуы. Тамыр тұнбасымен өкпесі, өңеші қабынған бұзау, құлын, қозыны емдейді. Тұнба 1:10 қатынаста дайындалады. Берілу мөлшері – бұзау мен құлынға – 10 – 20 г, қозыға – 5 – 8 г. Тұнба оларға осы мөлшерде күніне 3 рет ішкізіледі.
Дереккөздер
Санат:Құртқашаштар