Уругвай — Гана футбол матчы (ағыл. Uruguay vs Ghana 2010) — Футболдан 2010 жылғы әлем біріншілігінің ширек финал матчы, 2 шілдеде Йоханнесбургтегі "Соккер Сити" стадионында өтті. Матчтың негізгі және қосымша уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды, пенальтилер сериясында Уругвай 4:2 есебімен жеңіске жетті. Матчта Гана құрамасы Африка өкілдері арасында бірінші боп жартылай финалға өтуге керемет мүмкіндік алды, алайда, 120-минутта Асамоа Гьян пенальтиді соға алмай қалды. Нәтижесінде Бүкіл Африка жұртшылығы аса өкінішпен еске алатын матч ретінде тарихта қалды. Матч Шолу 270px|left|нобай|"Соккер Сити" — Матч өткен стадион Матч барысында өте әдемі голдар соғылды. Бірінші тайм бітер тұста Салли Мунтаридің 30 метрдей жерден тепкен добы шиырылып барып оң бұрышқа енді. 55-минутта Диего Форлан оң қапталдан айып добын тепті. Доғаша иіліп ұшқан доп алыс бұрыштан бір-ақ шықты. Кейін осы екі гол да ФИФА версиясы бойынша чемпионаттың үздік голдарының қатарына енді.
Жалпы матч тең дәрежеде өтті, екі тараптың мүмкіндіктері бірдей болды. Экстра-таймдардың соңғы минуттарында Гана футболшылары көбірек шабуыл жасап, Уругвайлықтар қорғанысқа көшті. 120-минутта Уругвайдың айып алаңында нағыз тартысты сәт болды, Ганалықтар бір минутта үш рет қақпаға соққы жасады, бір соққыны қақпашы қайтарды, бірақ артынша соғылған тағы бір соққыны қайтара алмады, есесіне қақпаға еніп бара жатқан допты уругвайлық Луис Суарес жан-дәрмен қолмен қайтарып жіберді. Сонысы үшін алаңнан қуылды да, олардың қақпасына пенальти белгіленді.
Гана үшін жартылай финалға шығатын керемет мүмкіндік туды, бұған дейін қара құрлықтан ешқандай құрама жартылай финалға шықпаған-ды. Африка жұртшылығының өкінішіне орай, Гана құрамасындағы пенальти тебудің шебері Асамоа Гьян қақпаға енгізе алмады, соққысы маңдайшаға тиіп, сыртқа кетті. Гол болмады, артынша төреші ойын біткенін мәлімдеді де, жеңімпаз пенальти арқылы анықталатын болды.
Пенальтилер сериясында Гана екі рет қателесті (Джон Менса мен Доминик Адийяның соққысын Муслера қайтарды). Уругвайлықтар бір рет қана соға алмады, Макси Перейра мүлт кетті. Соңғы шешуші соққыны Себастьян Абреу бағыттады, Паненка стилімен тебілген доп есепті 4:2-ге жеткізді де, Уругвай араға 40 жыл салып жартылай финалға шықты.
Детальдар
Уругвай: ққ 1 Фернандо Муслерақ 6 Маурисио Викториноқ 4 Хорхе Фусиле қ 16 Макси Перейрақ 2 Диего Лугано (к) жқ 17 Эхидио Аревало Риос жқ 15 Диего Перес жқ 20 Альваро Фернандес ш 7 Эдинсон Кавани ш 9 Луис Суарес ш 10 Диего ФорланАлаңға шыққандар:қ 19 Андрес Скотти жқ 14 Николас Лодейро жқ 13 Себастьян Абреу Бапкер: Оскар Табарес300pxГана: ққ 22 Ричард Кингсонқ 2 Ханс Сарпей қ 4 Джон Пэйнтсил қ 15 Айзек Ворсақ 5 Джон Менса (К) жқ 7 Самуэль Инкум жқ 21 Квадво Асамоажқ 6 Энтони Аннанжқ 11 Салли Мунтари ш 23 Кевин-Принс Боатенгш 3 Асамоа ГьянАлаңға шыққандар:жқ 10 Стивен Аппиа ш 18 Доминик Адийя Бапкер: Милован Раевац
Матчтан кейін Матчтың қорытындысы Гана жанкүйерлерін ғана емес, бүкіл африкалық футбол жанкүйерлерін күйзелткен сыңайлы. Қақпаға еніп бара жатқан допты қолмен қайтарып, алаңнан қуылған Суарес жартылай финалға қатыспады, үшінші орын үшін Германиямен өткен ойында алаңға шықты. Луис Суареске доп тиген сайын стадион толы көрермендер оған деген наразылығын білдірумен болды. Егер ол тәртіп бұзбағанда, Африка футболы әлем чемпионаттарындағы тұңғыш жүлдесін иеленіп қалар ма еді...
Жартылай финалға шыққан Уругвай ол сатыда Нидерландтан жеңілді — 2:3. Ал үшінші орын үшін өткен ойында Германиядан да дәл сол есеппен ұтылды.
2018 жылғы әлем чемпионатында Уругвай футболшылары Ресей, Мысыр, Сауд Арабиясы құрамаларымен бір топқа түсті. Бірінші турдағы Уругвай - Мысыр матчында мысырлық футбол фанаттары тағы да Луис Суареске доп тиген сайын ысқырып, наразылық білдіріп баяғы 2010 жылғы жәйтті әлі күнге ұмытпағандықтарын аңдатты. Соған қарағанда қара құрлықта Суарестің жанкүйерлері жоққа тән секілді.
Дереккөздер
Сілтемелер Турнирдің ресми сайты
Санат:Футболдан 2010 жылғы әлем біріншілігі Санат:Уругвай Ұлттық футбол құрамасының ойындары Санат:Гана Ұлттық футбол құрамасының ойындары Санат:2010 жылғы футбол