Елді мекендерді жоспарлау гигиенасы – жоспарлау барысында аймақтың экологиялық, микроклимат жағдайлары, сумен қамтамасыз етілуі, санитарлық-эпидемиялогиялық қауіпсіздігі қарастырылатын коммуналдық гигиена бағыттарының бірі.

Қаланы жоспарлау мен көркейтудің гигиеналық негіздері

Елді мекен орындарын топтау, жобалық құжаттар Қазақстан Республикасы ҚНжЕ 3.01-01-2002 "Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық мекендерді жоспарлау және құрылыстарын салу" құжатына сәйкес қалалардың бөліну топтары: Өте ірі (халқы 1 млн адамнан көп); Ірі (250 мың адамнан 1 млн-ға дейін); Үлкен (100-ден 250 мыңға дейін); Орташа (50–100 мың); Кіші (50 мыңға дейін). Ауылды елді мекен орындарының топтары: Ірі (халқы 3 мыңнан көп); Үлкен (1 мыңнан 3 мыңға дейін); Орташа (200-ден 1 мыңға дейін); Кіші (200 адамнан аз). Сақтық санитарлық бақылау елді мекендерді жобалау және құрылысын жүргізудің барлық сатыларында жүргізіледі.

Қаланы жобалау негізгі үш сатыдан тұрады: Аудандық жоспарлау сызбасы мен жобасы негізінде қаланың бас жоспары жасалады. Қаланың бас жоспары негізінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалады. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы негізінде құрылыс жобасы дайындалады. Қаланың жоспарлануы мен құрылысын анықтайтын негізгі құжатқа бас жоспар жатады. Халқының саны 500 мыңнан асатын қалалар үшін жобалау екі сатыда жүргізіледі: Қаланың бас жоспарын техникалық-экономикалық негіздеу (ТЭН). Қаланың бас жоспары. Кішігірім қалалар үшін бас жоспар бір сатыда қарастырылады, ал техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) жоспарда бір тарау ретіңде қарастырылады. Өте кіші елді мекендер (халқының саны 50 мың адамға дейін) үшін бас жоспар егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен бірге қарастырылады.

Бас жоспарлардың техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) сатысы ұтымды тәсілді таңдап алу үшін экономикалық, демографиялық, табиғи, жоспарлау және инженерлік жағдайларды талдау негізінде қарастырылады. Бас жоспарлар ТЭН сатысына негізделіп құрастырылады, оның құрамына кіретін материалдар: Бас жоспардың алғашқы үлгісі (эскизы). Мұнда сақталынатын және жобаланатын аумақтар (селитебтік, өнеркәсіптік, транспорттық), барлық магистральдық тораптар, жасыл-желектер, инженерлік жабдықталу қондырғылары сипатталады. Тіректік жоспар, мұнда ТЭН құрастырылған кездегі аумақты функционалды аймаққа бөлу және қазіргі кездегі пайдалану көрсетіледі. Жоспарлы ұйымдастыру жоспарлары (пайдалы кендердің, сайлардың орналасу тереңдігінің шекаралары, санитарлық қорғау аймақтары, су құбырларының күзет аймақтары және т.б.). Бұл кезде үш аумаққа бөлінеді: қала маңындағы, қала маңының шектелген жерінде және қаланың маңына жатпайтын аумақ. Транспорттық магистральдардың сызбалары. Инженерлік қондырғылардың сызбалары (су алу орындары, тазарту қондырғылары, жылу электр стансалары, өткізгіш құбырлар). ТЭН-нің түсініктеме қағазы, мұнда қала құрайтын базаларға, тұрғындардың санының өсуіне, функционалды аймаққа бөлуге және т.б. сипаттама беріледі.

Бас жоспарды толық жасап болғаннан кейін, қалаларды жоспарлау мен салу кезінде дайындалатын жобалау құжаттары: Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы (ЕЖЖ), қаланың жеке бір бөліктері үшін дайындалып қарастырылады. ЕЖЖ-да бас жоспарда көрсетілген жобалар анықталып айқындалады. ЕЖЖ бас жоспар негізінде тұрғын аудандар, демалыс аймақтары, арнайы ғылыми, оқу, медициналық спорттық және басқа да кешендер үшін дайындалады. ЕЖЖ-на қала жүйесіндегі аудандар сызбалары, қызыл сызық және құрылыс салу үлгілерінің жоспарлары, инженерлік тораптарды ұйымдастыру схемалары, транспорт және жаяу жүргіншілер қозғалысын ұйымдастыру және т.б. кіреді. Келесі жобалау сатысы – құрылыс салу жобасы үшін ЕЖЖ-сы қажет. Құрылыс салу жобасы – ықшам аудандар, кварталдар, тұрғын және қоғамдық ғимараттар топтарының учаскелері, қала құрылыстарының кешендері үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына негізделіп қөрастырылады. Кейбір жағдайда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасынсыз, қаланың бас жоспарына негізделіп құрылыс салу жобасын жүргізуге рұқсат етіледі.

Құрылыс салу жобасының құрамына кіретіндер: жағдайлық жоспар; құрылыс салудың бас жоспары; тік (вертикалды) жоспарлаудың сызбалары; аумақты көркейту мен көгалдандырудың сызбалары; сумен қамтамасыз ету, канализация, нөсерлі жауын канализациясы, жылу тораптарының сызбалары; сметалық құжаттар; түсініктеме қағаз. Құрылыс салу жобаларын қарастырған кезде (жоба және жұмысшы құжаттары) типтік жобалар, ал кейде тұрғын және қоғамдық ғимараттардың және қондырғылардың қайтадан пайдаланатын жеке жобалар қолданылады. Қажет болған жағдайда қаланың өндірістік аймағын жоспарлау жобасы дайындалады, яғни бас жоспарға қарағанда едәуір ірі масштабта ұсынылады: өндірістік аймақтың шекаралары, сәулет-жоспарлау шешімдері, селитебті аумақпен байланысы және т.б.

Бас жоспарды жасау кезіндегі санитарлық бақылау Барлық жобалық құжаттардың ішінде тұрғын мекеннің жоспарлануын және салынуын анықтайтын негізгі жобалық құжатқа бас жоспар жатады.

Бас жоспарды жасау сатылары (СЭС-ның қатысуымен жүреді):

1. Жобалау үшін тапсырманы құрастыру. Жобалау мекемесімен бірге тапсырыс беруші жүргізеді. Бұл құжатта келтірілетін мәліметтер: жобаны қарастыруға арналған негізгі дәлелдер; халық саны; аумақтың көлемі; бастапқы мәліметтердің берілу тәртібі мен мерзімі; жобалау құжаттарына келісім беру және бекіту тәртібі. Санитарлық бақылау органдары жобалау тапсырмасын жасау кезінде және дайындық сатысы кезінде де қатысады. Жалпы тапсырманың құрамына енгізу үшін СЭС санитарлық тапсырма жасайды. Онда көрсетілетін санитарлық қызметтің пікірлері: табиғи-климаттық жағдайлар мен қоршаған ортаның санитарлық жағдайын есепке ала отырып, қаланың бағыты мен аумақтык өсу шекараларын ескеру; қоршаған ортаны қорғау және сауықтыруға арналған шаралар (өте зиянды нысандарды қаланың сыртына шығару, олардың кәсібін, технологиясын өзгерту, тазарту қондырғыларына және т.б. санитарлық қорғау аймағын ұйымдастыру); тұрғын, азаматтық және өнеркөсіптік құрылыстар үшін жер учаскесін таңдап алу; сумен қамтамасыз етуді жақсартудың келешегі; аумақты канализациялау және қатты қалдықтардан тазарту келешегі; емдеу-профилактикалық, мәдени-тұрмыстық және жалпыспорттық мекемелер тораптарының даму келешегі; 2. Жобалаудың екінші сатысына бас жобалау ұйымымен және жұмысқа қатысушылармен бірге жасалынатын жұмыс бағдарламасын жасау жатады. СЭС бұл сатыда қаланың санитарлық жағдайын сипаттау бөлімінде қатысады. Санитарлық бақылау мекемелерінің жұмыс бағдарламасының құрамына кіретін шаралар: қала аумағын санитарлық тексеру; санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мекемелерінде болатын, алдыңғы жылдардағы материалдарды жинау, біріктіру және талдау; қоршаған орта жағдайына арнайы зерттеулер жүргізу; санитарлық көрсеткіштерді сипаттау және сауықтыру шараларын негіздеу; жұмыс көлемі өте үлкен болғандықтан, жобалаушы мекеме СЭСпен және ғылыми-зерттеу институттарымен келісім шарт жүргізеді, бұл кезде барлық мүмкін болатын шығындар ескеріледі; "Қоршаған ортаны қорғау және сауықтыру" бөлімі бойынша жұмыс бағдарламасын жасауға қатысу. 3. Жобалаудың үшінші сатысы – қаланың бас жоспарының өзін өңдеп шығару немесе қарастыру. Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес санитарлық қызмет бұл сатыда қаланың санитарлық сипаттамасын жасайды. Қаланы терең кешенді тексеруге санитарлық дәрігер және әр түрлі кәсіптегі мамандар да қатысады. Нысандарды төлқұжаттаудың біріншілік материалдары, сонымен қатар атмосфераның, судың, жер қыртысының жағдайларына жүргізілген көпжылдық байқаулардың нәтижелері, тұрғындардың аурушаңдығы жөніндегі мөліметтері, тұрғын ғимараттардың, қызмет көрсету мекемелерінің, жалпы демалыс орындарының жағдайы туралы мәліметтері қолданылады.

Санитарлық сипаттама бөлімдері: табиғи-климаттық жағдайларды және олардың қала ортасының санитарлық жағдайына әсерін бағалау; аумақты функционалды аймақтарға бөлуді бағалау; қала бойынша және жекеленген аудандар бойынша атмосфералық ауаның, судың және жер қыртысының санитарлық жағдайларының сипаттамасы; сумен қамтамасыз етудің санитарлық жағдайы; қаланы санитарлық тазартудың және ағынды суларды тазартудың сипаттамасы; тұрғын аудандардың шу тәртібін бағалау; тұрғындарға қызмет көрсетуді бағалау (медициналық, мәдени-тұрмыстық және жалпыспорттық). Бас жоспарлар және егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, әдетте, өзінің ықшам климаты бар, бұрыннан келе жатқан қалаларға арнап жасалады. Сондықтан тек жергілікті жердің климаттық фонына ғана емес, сонымен қатар климатқа әсер ететін қаланың жер бедерінің, құрылыс жүйелерінің, көгалдануының және басқа факторлардың әсеріне де баға беру қажет. Қаланың аумағында қолайлылық дәрежесі және ықшам климаты бар әр түрлі учаскелерді бөліп көрсету керек.

Құрылыс салу үшін атмосфералық жауын-шашынның ағуы үшін жері сәл ылди және жер бедері қолайлы болып келетін аумақ қолайлы саналады. Аумақтың ылдилығы 0,5 пайыздан кем болса, тігінен жоспарлау жұмысы жүргізілуі қажет. Тұрғын аудандар үшін жергілікті жердің ылдилығы 1-5 пайыз аралығында болуы керек, ал қысқа учаскелерде 10 пайызға дейін рұқсат беріледі. Ылдилық 10-20 пайызға дейін болған ретте бұл аумақтың тұрғын-азаматтық құрылыстар үшін жарамдылығы шектеледі, ал 30 пайыздан жоғары болған кезде мүлдем жарамсыз деп есептеледі. Бірақ ҚР ҚНжЕ 3.01-01-2002 "Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық мекендерді жоспарлау және құрылыстарын салу" құжаты бойынша, мұндай үлкен ылдилы аумақты учаскелерді пайдалануға шек қоймайды, себебі аумақты техникалық және инженерлік әзірлеу тиімділігі өте жоғары келеді. Бұл құрылыс үшін қордағы учаске болмаған кезде өте маңызды.

Ылдилығы 12 пайыздан жоғары аумақты жасыл-желектерді отырғызу үшін пайдаланады. Сайлы, өте төмен орналасқан жерлерді, әсіресе саябақтардың аумағында орналасқан жерлерді жасанды суаттарды орналастыру үшін пайдаланады. Бұл кезде грунттардың су өткізгіштігін және грунтты сулардың ластану мүмкіндігін ескерген жөн. Мұндай суаттардың тереңдігі 1,5 метрден аз болмауы, яғни масалардың көбейіп кетуіне жол бермеу керек. Дернәсілдерді шайып кетуі үшін судың ағу жылдамдығы 0,3-0,4 м/сек болуы керек, ал су 3-4 рет алмасуына 100 тәулік қажет.

Жер бедерін инсоляцияны жақсарту үшін қолдануға болады. Мысалы, орталық ендіктерде көлденең жер бетіне қарағанда, ылдилық оңтүстікке қарай 4 пайыз болса, онда қыс мезгіліндегі инсоляция 32 пайыздан жоғары болады, ал 8 пайыз болған кезде 73 пайызға көп болады. Жер бедері желдің тәртібіне, сонымен қатар атмосфералық ауада ластаушылардың таралу жағдайына да әсерін тигізеді. thumb|right|300px|Ғимараттардың инсоляциясының қолайлылығы үшін жер бедерін пйдалану. "Атмосфералық ауаның, суаттардың және жер қыртысының санитарлық жағдайы" бөлімі негізгі бөлімдердің бірі болып табылады, сондықтан ерекше ұқыптылықпен дайындалуы қажет. Бұл бөлімнің қорытындылары сауықтыру шараларын дәлелді түрде негіздеулері кажет. Орта нысандары жағдайының санитарлық сипаттамасы "Қоршаған ортаны қорғау және сауықтыру" деген тарауға кіруі қажет, ал оны бас жобалау ұйым мекемесі дайындайды.

Қала аумақты электромагниттік алаңдар мен шу төртібін бағалау бойынша бөлім де санитарлық сипаттамаға кіреді. Ол келесі материалдарға негізделіп жүргізіледі: Магистралдар, темір жол, әуежай, өнеркәсіптік нысандар маңындағы шу деңгейі туралы СЭС мәліметтері. Жергілікті тұрғындардың шуға қатысты шағымы. Шу тәртібін есептеу және шу деңгейін болжау. Жобалау мекемесі қаланы немесе бұл тұрғыда оның едәуір қауіпті жекелеген учаскелерін шу картасымен қамтамасыз етуі қажет.

Қаланы санитарлық бағалау үшін сумен қамтамасыз ету, канализация және ағынды суларды тазарту жағдайларының да маңызы өте зор. Бұл бөлімде суды тұтыну, судың сапасы мен шығу көздері, тораптары, оларды тазарту тиімділігі туралы мәліметтер көрсетіледі, сондай-ақ сумен қамтамасыз етудің дамуын болжау туралы мәліметтер де беріледі.