Су нысандарын санитарлық қорғау – су нысандарын халықтың сау, қолайлы өмір сүру жағдайына лайықты қамтамасыз ету шаралары мен қорғау нормаларын қамтитын коммуналдық гигиена бағыттарының бірі.
Су нысандарын қорғау мәселесінің жағдайы Су нысандарының негізгі ластаушыларына өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы, елді мекендердің ағынды сулары, атмосфералық жауын-шашындар, су көлігі жатады. Мұнда биологиялық әсері әлі зерттелмеген жаңадан синтезделген химиялық заттар өте қауіпті болып саналады. Жыл сайын дүние жүзілік өндірісте табиғатта ұқсас аналогтары жоқ жүздеген және мыңдаған осындай қоспалар синтезделеді. Олардың кейбіреулері өте аз концентрациясының өзінде де тірі организмнің тіршілігін жоюына алып келуі мүмкін. Ластаушылар улылық әсерінен басқа, суаттардың газдық тәртібін де өзгертеді. Судың органикалық заттармен ластануы, олардағы микроорганизмдердің қарқынды дамуына әкеледі, олар оттегін белсене тұтынып су ортасының тотығу-тотықсыздану шамасын төмендетеді. Анаэробты жағдайдың тууы суаттарда жартылай тотығу өнімдерінің жиналуына әкеліп соғады, яғни судың өзін-өзі тазарту үрдісіне кедергі болады. Осындай ластануға тән көрсеткіш ретінде, тіпті индикаторы ретінде оттегінің химиялық қажеттілігі (ОХҚ) және оттегінің биохимиялық қажеттілігі (ОБҚ) саналады. Органикалық және тотықпаған минералды заттармен ластану дәрежесі ОХҚ-мен бағаланады, ал ОБҚ биохимиялық тотығу үрдісіне қатысатын органикалық заттардың болуын көрсетеді. Көптеген органикалық ластаушылардың оттегін толық тұтынуы 20 тәуліктен кейін басталады. Бірақ іс жүзінде анықтау 5 тәулік ішінде жүреді. ОХҚ – 1 л ағынды судағы барлық ластаушылардың химиялық тотығуына қажетті оттегінің мөлшері (мл). Тотықтырғыш заттар ретінде йодат, бихромат, перманганат пайдаланылады және осыған сәйкес ОХҚ йодатты, бихроматты, перманганатты болады. Бихроматты ОХҚ-ны тотықтандырғыш деп те атайды. Тұрмыстық ағынды сулардың ластану дәрежесін оттегіне биохимиялық қажеттілік бойынша анықтауға болады. Бірақ бұл көрсеткіштер өндірістік және қалалық ағынды суларды бағалау үшін жеткіліксіз. Себебі өндірістік органикалық емес заттардың бактерицидтік қасиеті бар, олар судың органикадан өзін-өзі тазартуының биохимиялық үрдісіне кедергі жасайды. Бұл жағдайда ОХҚ-ныда анықтау қажет. Тұрмыстық ағынды суларға арналған ОБҚ5 әдетте тұрақты болады және тәулігіне 1 адамға 30-40 гр келеді, сондықтан оның концентрациясы су тұтыну нормасына байланысты: қалыпты жағдайда тәулігіне 50 л болған кезде 600-800 мг/л; қалыпты жағдайда тәулігіне 100 л болған кезде 300-400 мг/л; қалыпты жағдайда тәулігіне 250 л болған кезде 100-150 мг/л. Өнеркәсіптік ағынды сулар үшін ОБҚ бірнеше мың мг/л-ге дейін жетуі мүмкін. Толық ОБҚ әдетте ОХҚ-ның 80 пайызын құрайды. Суды пайдаланатын аудандарда органиканы тотықсыздандыру үшін судың оттегіне толық қажеттілігі 6 мг/л-ден аспауы керек. Суда оттегі көп болған сайын суаттағы өзін-өзі тазарту урдістері өте тез жүреді. Еріген оттегінің концентрациясы судың температурасы төмендеген сайын жоғарылайды. Бірақ биохимиялық тотықсыздану реакциясының өзі температура 16 градустан жоғары болған кезде сол судағы оттегінің аздығына қарамастан өте қарқынды жүреді. Көбінесе өзін-өзі тазарту екі көрсеткішке байланысты: температуралық коэффициентке және су араласуының қарқындылығына. Су нысандарының суы кейбір жағдайларда еш нәрсеге пайдалануға жарамайтындай деңгейге дейін ластануы мүмкін. Ластаушы заттар қандай ортаны көбірек ластаса, сол тұрғыдан зерттеледі. Бірақ табиғатта бәрі байланысты, сондықтан қоршаған ортаның ластануы тек суды ғана зерттеумен шектелмей, атмосфераны, жер қыртысын және басқа нысандарды да кешенді зерттеу қажет. Егер су көздерін қорғау туралы сұрақ бір жақты ғана зерттелсе, онда ауаның, жер қыртысының, өсімдіктердің және т.б. ластануына әкеліп соғуы мүмкін. Су нысандарын ластаушылар ретінде ең бірінші орында өндіріс, содан соң қалалық және шаруашылық ағынды сулар тұрады. Су ресурстарын қорғаудың аса маңызды сұрақтарының бірі, антропогендік әсерден болатын судың "гүлденуі" (евтрофированиесі) болып саналады. Антропогендік гүлденудің табиғи түрінен айырмашылығы суаттардың биологиялық өнімділігі өте қарқынды жүреді. Өзендердің ағысын реттеу бұл үрдісті жылдамдатады. Халықаралық симпозиумда жер бетіндегі суаттардың "гүлденуі" туралы сұрақ қарастырылғанда антропогендік "гүлденуге" "адамдардың тіршілігінің салдарынан су жинағыш бассейндерге өсімдіктердің қоректенуіне арналған заттардың көп түсуі және осыған байланысты судағы жоғарғы су өсімдіктері мен балдырларының өнімділігінің артуы" деген анықтама берілген. Осының барлығы ауыл шаруашылығының дамуына, мал шаруашылығының өндірістік негізге көшуіне, елді мекендер санының өсуіне байланысты.
Сонымен қатар суаттарды өндірістік қалдықтар мен өндірістің барлық салаларының қалдықтары да ластайды. Қалдықтардың меншікті салмағының үлкен үлесі түсті металлургияға тиеді. Қорытылған 1 тонна металға 2000 тоннаға дейін қатты қалдықтар келеді. Түсті металлургия қалдықтарының құрамында қорғасынның, никельдің, кобальттың, кадмийдің улы қоспаларының әрқайсысы жекелеп 3 пайыздан кездеседі. Қауіпті ластаушылардың тізімінде қорғасын, кадмий және сынап ғана болған, қазір олардың қатарына мыс, қалайы, марганец, молибден, кобальт, ванадий және никель кіреді.
Улы металдар мен олардың қоспаларының гидросфераға түсуі, олардың су өсімдіктерінде және балықтардың бұлшық еттерінде жиналуына әкеледі, яғни ол адамдардың денсаулығына өте үлкен қауіп төндіреді.
Өте маңызды мәселелердің бірі беткейлік белсенді заттар болып есептеледі. Ағынды сулардың құрамыңда детергенттердің (синтетикалық жуушы заттар) болуы олардың сүзілу сапасын 50 %-ға төмендетеді. Алдын алу шараларының ең қолайлысы биологиялық тотығуға берілмейтін немесе тұрақтылығы төмен қосылыстарға ауысатын синтетикалық беткейлік белсенді заттардан (ББЗ) бас тарту болып саналады. Сонымен қатар суаттардың пестицидтермен ластануы өте күрделі мәселе болып саналады, бұларды қолданбаса ауыл шаруашылығы зор экономикалық шығынға ұшырайды. Асбесті кеңінен қолдану, әсіресе осы минерал талшықтарының суаттарға түсуі соңғы жылдары қоршаған ортаның ластануы мәселесін тудырып отыр. Асбестің бластомогендік белсенділігінің болуына байланысты оның ауыз судың құрамында болуы қауіп туғызады.
Суаттарды ластайтын беткейлік ағынды сулармен күресу үшін су қоймалары мен суаттардың жағасына жасыл өсімдіктерден қорғаныс жолақтарын орнату және бөгет құрылымдарын салу керек. Мұндай шаралар гидроқұрылыс жұмыстарынан 2-3 жыл бұрын жүргізіледі. Су қоймаларын салудағы сақтық санитарлық бақылау жоспарында жер ресурстарын үнемді пайдалану ескерілуі керек.
Минералды тыңайтқыштармен мал шаруашылығы кешендерінің қалдықтары нитраттар мен нитриттердің шығу көздері болып саналады. Нитраттар мен нитриттер қоршаған ортада және адам ағзасында қазіргі кездегі белгілі химиялық канцерогендердің ең белсендісі нитрозаминдердің пайда болуына әкеліп соғады. Мал шаруашылығының ағынды суларын тазартуға арналған биологиялық тоғандардың орналасқан жерінде және суғарылатын далалық жерлерде грунт сулары нитраттармен өте көп ластануы мүмкін. Мұның басты себебі – суғару алаңдарына ағынды сулардың шамадан көп ағызылуы немесе оларға алдын ала тазарту жүргізілмеуі. Грунттық суларда сіңірілмейтін нитраттардан өзін-өзі тазарту үрдісі жүрмейтінін есте сақтау қажет.
Жер беті суларын ластанудан қорғаудың санитарлық нормалары мен ережелері Қазіргі кезде судың құрамындағы 1500 астам зиянды заттарға нормативтер белгіленген. Нормативтер адам ағзасының физиологиялық, биохимиялық және басқа да көрсеткіштерін өзгертпейтіндей концентрациясын анықтауға негізделген, яғни суды пайдаланудағы 1-ші және 2-ші санаттары: шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз ету және мәдени-тұрмыстық мақсаттарға пайдалану. Су нысандары осы көрсетілген екі категориядан басқа балық шаруашылығында пайдаланылады. Балық шаруашылығында пайдаланылатын су нысандары да екі санатқа бөлінеді: Балықтың бағалы түрлерін өндіруге және сақтауға арналған. Балық шаруашылығының басқа максаттарына арналған. Бұл санаттар балықты қорғау мекемелерімен анықталады. Мұндай нысандар суының зиянды заттарының нормативтері бірқатар жағдайларда ауыз су нормативтеріне қарағанда өте қатаң белгіленеді. Мысалы, цинк пен мырышқа арналаған шектігі 100 есе аз, ал кейбір заттар (бос хлор) судың құрамында тіпті болмауы керек. Сондықтан суды пайдаланудың түрлеріне байланысты арнайы талаптарды ғылыми негіздеу әдістері де әр түрлі. Ластаушы көзге жақын орналасқан су тұтыну орындарының санаттарын санитарлық қызмет мекемелері анықтайды. Бұл кезде берілген су нысанының болашақта пайдаланылуын ресми құжаттар бойынша ескеру қажет.
Шаруашылық-ішу мақсатында және мәдени-тұрмыстық мақсатта пайдаланатын су нысандарының суының сапасына қойылатын талаптар су ағысы бойынша ең жақын орналасқан суды пайдалану орнынан 1 км жоғарыда, ал суаттар мен су қоймаларында – осы пункттің екі жағынан да 1 км жерде нормативтерге сәйкес келуі қажет. Норматив талаптары суды шаруашылық-ішу мақсатында тұтынған кезде халықтың улану мүмкіндігінің және су арқылы таралатын жұқпалы аурулардың алдын-алуға бағытталған. Бұл ереже рекреацияның қолайлы жағдайын, яғни сәйкес органолептикалық қасиеттері мен басқа да параметрлерін қарастырады.
Рекреациялық аймақтардың санитарлық жағдайының нашарлығы сауықтыру шараларына жатпайды, олар жұқпалы және т.б. аурулардың дамуының себебі болады. Шомылатын жерлер ағынды сулар мен өндірістік қалдықтардың әсер ету шекарасынан алыс жерде орналасуы қажет және суаттардың түбінің рельефі мен оларға кірер жерлер қауіпсіз болуы керек. Судың бетінде әр түрлі қоспалардың жинағы, майлар, дақтар, жұқа қабықша болмауы қажет.
+ Суды пайдалану орнындағы судың сапасы мен құрамына қойылатын гигиеналық талаптар № Көрсеткіштер Нормативтер І категория ІІ категория 1 Өлшенді заттар Өлшенді заттар жоғары болмауы керек 0.25 мг/дм3 0.75 мг/дм3 2 Қалқыған заттар Су бетінде қабықша, дақтар және майлар болмауы керек 3 Иісі 1 балдан аспауы керек 4 Температурасы Ең соңғы 10 жыл ішіндегі ең ыстық айлардың температурасынан 3 градустан аспауы керек 5 РН 6.5-8.5 6 Минералды құрамы 1000 мг/дм'аспауы керек, соның ішінде CI - 350, SO, - 500 мг/л 7 ОБҚ толық 3,0 мг 0/дм3 6,0 мг О/дм3 8 ОХҚ 15,0 мг 0,/дм3 30,0 мг 0,/дм3 9 Ауру кқоздырғыштар Болмауы керек 10 Лактозаны ыдыратушы ішек таяқшалары Аспауы керек 1 дм3 та 10000 1 дм3 та 5000 11 Колифагтар (түйін түзуші бірлік бойынша) 1 л/м3 та 100-ден аспауы керек 12 Өмір сүру қабілеті бар гельминттер жұмыртқалары 1 дм3-та болмауы керек Су нысанының ластану деңгейіне байланысты бекітілген ластану индексі: Рұқсат етілетін – - 0; Аз ластанған – - 1; Жоғары – - 2; Аса жоғары – - 3.
Су нысандарындағы химиялық заттарды гигиеналық нормалау Химиялық заттардың улылығы мен қауіптілігі Қазіргі уақытта химияландыру халық шаруашылығының барлық саласына ғана емес, адам тұрмысына да кең енді. Бүгінгі күнде химиялық заттардың 4 млн көп түрі белгілі, олардың ішінде 50 мыңы дүниежүзілік нарыққа енгізілген. Сонымен қатар, жыл сайын 1000-нан аса жаңа химиялық қоспалар жасалып шығарылады. Осының бәрі химиялык заттардың қоршаған ортада: атмосфера, жер қыртысы, жер беті және жер асты суларының шығу көздеріне таралуына әкеліп соғады.
Қоршаған ортаның ластануының ішінде химиялық ластану ең басты болып саналады. Әр түрлі заттардың улылығына байланысты, оны белгілі бір қауіптілік класына жатқызады. ЮНЕП глоссариясының (қоршаған ортаны қорғау бойынша біріккен үлттар ұйымының бағдарламасы) келісімімен заттардың қауіптілігі деп, осы заттарды нақтылы жағдайда қолданылғандағы денсаулыққа зиянды әсерінің пайда болу мүмкіндігін айтады.
Қауіптілік 4 класқа бөлінеді: 1-ші класс – өте қауіпті; 2-ші класс – жоғары қауіпті; 3-ші класс – қауіпті; 4-ші класс – қауіптілігі аз.