«Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мекемелік марапаты.

Ережесі «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде кемінде 5 және 10 жыл жұмыс істеген мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер мінсіз қызметі, қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, елеулі еңбек сіңіргені, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қызмет нәтижелері мен бетбеделін жақсартуға қосқан үлесі үшін марапатталады.

Сипаттамасы «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі үш элементтен (негіз және екі бастырма) тұрады, жезден жасалып, сегізбұрышты стильдендірілген жұлдыз пішініне ие. Белгінің диаметрі 45 мм. Негіздің сәулелерінде, жұлдыздың ортасында сегіз қырлы бастырма бар. Көгілдір түсті, сегіз қырлы бастырманың аясында сәндік алтын өріммен жиектелген сақина орналасқан. Сақинаның ішінде қою көк түстің аясында «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ӘКІМШІЛІГІ» деген жазу жазылған. Сегіз қырлы бастырманың ішкі бұрыштарында сегіз түссіз қырлап мәнерленген фианит бекітілген.

Екінші бастырмасы — дөңгелек, оның ақ түсті аясында лавр жапырақтары гүлшоқтарымен жиектелуінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақорда» Резиденциясы ғимаратының бедерлі бейнесі орналасқан.

Арт жағында ортада «МІНСІЗ ҚЫЗМЕТІ ҮШІН» деген жазу жазылған.

Белгі құлақша мен шығыршық арқылы жібек қатқыл таспамен тысталған, ені 32 мм бір көк, екі көгілдір, екі қызыл, екі жасыл және төрт ақ жолақшасы бар биіктігі 50 мм жезден жасалған алтыбұрышты тағанға жалғанады.

Белгі киімге қалқалы бекітпесі бар түйреуіш арқылы тағылады.

Дереккөздер «Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мекемелік марапаттары туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2011 жылғы 30 қыркүйектегі №155 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»

Санат:Қазақстан медалдары