Тайыр Тастандиев (20.03.1924, Жуалы ауданы Қызыларық ауылы – 08.09.1974, сонда) – Екінші Дүниежүзілік соғыс батыры. Жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері.
1942 жылы тамызда Тастандиев әскер қатарына алынған. 1-ші және 2-Балтық бойы, 4-Украина майданының құрамында елді неміс-фашист басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысты. Алғашқы жорық жолын бастағанда-ақ «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Тастандиев Донбасс шахталарын, Донецк, Воронеж, Кенигсберг қалаларын, Қырым түбегін азат ету жолындағы айқастарда батылдық пен батырлықтың өшпес өнегесін көрсетті. 1945 жылы 11 сәуірде Донецк қаласының жанындағы кескілескен ұрыста өзінің бөлімшесімен жаудың күшті бекінісін алып, аса жауапты жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, жау ДЗОТ-ын гранатамен жарғаны үшін ІІ дәрежелі Даңқ орденімен, Днепр жағалауындағы кескілескен ұрыста көрсеткен ерлігі үшін 1-дәрежелі Даңқ орденімен наградталды. Тастандиевтің майдандағы ерлігі орыс жазушысы К.Симоновтың «Шел солдат» деректі фильмінде (1974) біршама ашылып көрсетілген. Жергілікті қаламгер Ә.Айтоқов Тастандиев туралы кітап жазған. Соғыстан кейінгі жылдары Тастандиев өз ауылында халық шаруашылығындағы саласында еңбек етіп, 1953 – 74 жылдары Ақтөбе аудандық кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды. Айтоқов Ә., Тайыр Тастандиев, А., 1972.Тараз энциклопедиясы
Дереккөздер
Санат:20 наурызда туғандар Санат:1924 жылы туғандар Санат:Жуалы ауданында туғандар Санат:8 қыркүйекте туғандар Санат:1974 жылы қайтыс болғандар Санат:Жуалы ауданында қайтыс болғандар Санат:Ұлы Отан соғысының қатысушылары Санат:Ерлігі үшін медалінің иегерлері (КСРО) Санат:Даңқ орденінің толық иегерлері Санат:Даңқ орденінің иегерлері