thumb|right|250px|Сауысқандық петроглифтері. Қолдарында дабылдатқыштары бар ғұрыптық би билегендер тобы. Қола дәуірі. И.Н. Швец түсірген фотосурет. Сауысқандық петроглифтері – Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ерте қола дәуірі (б.з.д. XXIII ғасырдан бастап) – кейінгі орта ғасыр археология ескерткіші. 2016 жылы Бүкіләлемдік мұралар тізіміне (Tentative List) енген.
Орналасқан жері Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде, Үлкен Қаратау жотасының батыс сілемінде орналасқан.
Зерттелуі 2003-2004 жылдары Үлкен Қаратау жотасының солтүстік-батыс бөлігіндегі Бала Сауысқандық тауында жүргізілген археологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде С. Мұрғабаев Сауысқанды өзенінің жағалауынан көптеген петроглифтер шоғырын анықтайды. 2005-2006 жылдары осы жаңалық тауралы жарияланған қысқаша мәліметте мақала авторлары ( С. Мұрғабаев, З. Самашев) осы аймақта жартас суреттерінің бес ірі тобы анықталғаны жайлы хабарлайды. З. Самашев Сауысқандықты Қазақстан петроглифтерін зерттеу тарихындағы келешегі бар, қызықты нысан деп айтқан. 2007-2009 жылдары Сауысқандық петроглифтерін зерттеуге И.Н. Швец пен М.В. Бедельбаева қосылады. Олар 2-4 м-ге жететін ірі өлшемдері мен басқа да белгілеріне қарай кейбір жекелеген ірі бейнелердің мерзімделуі тас дәуіріне (неолит-энеолит) дейін барады деген болжам жасайды.
Сипаты Сауысқанды өзенінің оң жағалауындағы 7 км созылған бірнеше мың петроглифтердің (құжат бойынша 7 топ) ішіндегі ауданы, саны және бейнелердің түрлері жағынан ең ірісі – III-топ. Петроглифтердің көпшілік бөлігіне бейнелердің натуралдық нақышы тән бейнелер өмірден алынған және тануға болады. Антроморфты және зооморфты бейнелер негізінен сикертизм мен "жасанудан" қол үзген. Осыған ұқсас атрибуттар археологиялық материалдармен сәйкес келеді. Бұлардан басқа шоқпар ұстағандар көп мөлшерде, "қолдарында дабылдатқыштары бар ғұрыптық би билегендер тобы", жас босанған әйел, "қасиетті неке" көрінісі, арба мен күйме бейнелері тіркеледі. Сауысқандық петроглифтерінің негізгі құрамы Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Алтай және Сібір тасқа салған суреттерімен стилдік және иконографикалық және мерзімделу жағынан ұқсас. Суреттердің негізгі бөлігін қола ғасыры бейнелері құрайды. Олар ыңғайлы, қатты тотыққан тас беттеріне қапталған және көп фигуралы композициялар жиі кездеседі. Құйрықты аң киімі мен ерекше баскиімдегі адам бейнесі кең тараған. Кең таралған жабайы бұқалар-турлар, екі немесе төрт дөңгелекті арбалар, үстінде киімі бар антроморофты персонаждар б.з.д. II мыңжылдықтың алғашқы жартысымен мерзімделеді. Петроглифтер көріністерінде Қаратау мен іргелес аудандарды мекендейтін жан-жануарлардың бейнелері басым. Ондағы тасқа салынған суреттердің арасында антроморфты бейнелерді, арбалар, аңшылық көріністерін, күнге байланысты таңбаларды, "күн басты" тіршілік иелерін, бұғы, жылқы және басқа да аң, құс бейнелерін кездестіруге болады. Суреттердің ерекше бір тобын жалды жылқылардың бейнелері құрайды. Оларды стилдік жағынан сейминдік ескерткіштер тобымен ұқсастыруға болады. Сауысқандықта көне түркі дәуірінде, жаңа және осы заманда қашалған суреттер де кездеседі. Олар едәуір ерте дәуірге жататын петроглифтер топтарымен пара-пар осы керемет ескерткіштің мұралары құрамына кіреді.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7
Дереккөздер
Санат:Қызылорда облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қазақстан археологиялық ескерткіштері Санат:Қазақстан петроглифтері