нобай|оңға|500px|«Қорқыттың көрі» спектаклінен көрініс Театр () – сахналық өнердің өмір көріністерін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін бір түрі; ойын-сауық немесе спектакль; түрлі сахналық ойын-сауықтар, сонымен қатар жалпы мәдени шаралар өткізілетін орын-жай.

Театрдың тарихи жағынан қалыптасып, даму, өсіп-өркендеу жолы әрбір ұлттың, әр халықтың өмір-тұрмысымен, олардың жалпы тарихымен және тұрлаулы мәдениетімен тығыз байланысты. Басқа өнер түрлері сияқты театр өнері де қоғамдық ой-сананың негізгі бір формасы болып табылады.

Театр өмір бейнесі Театр әдетте өз заманының озық идеяларын бойына сіңіре отырып, ізгілік мұраттарын паш еткенде, ең бастысы адамның өмірлік және рухани ой-мақсаттары мен оның күрделі ішкі жан дүниесін терең де шынайы ашып бейнелегенде ғана ол өзінің жоғары көркемдік сатысына көтерілумен қатар қоғамдық-әлеум. міндеттерін орындай алады. Театрдың да өнердің өзге салалары секілді өзіне тән ерекшеліктері бар. Ол – әдебиет, музыка, кескіндеме, архитектура, би және кинематографияның мәнерлі амал-тәсілдерін бойына жинақтаған синтездік өнер. Мұның өзі сахна мен көрермендердің рухани ой-сезім күйлерінің бір-бірімен өзара ұштасуын, оған қоса спектакльді жасаушылар мен көпшілік қауымның арасындағы жалпы мақсаттың ортақ болып, бір арнадан шығуын талап етеді.

Театр маңызды құрал Театр – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Оның өзгеше бір қасиеті, яғни әрекетке құрылған табиғаты сахналық ойын-сауықтың мазмұн-желісі мен идеялық-эстетика негізін құрайтын драма арқылы ашылады. Театр әдеби шығарманы сахналық әрекетпен, өзіне тән бейнелі театрлық бояу-өрнекпен жаңа күйге түсіреді де драмадағы мінез-кейіптерді, олардың өзара қарым-қатынастарынан, қақтығыстарынан туатын талас-тартыс пен іс-қарекеттеріне жан бітіріп, тірілтіп жібереді. Осыған орай көрермендер де театр сахнасында өтіп жатқан оқиға әрекет пен оған қатысушы-қаһармандардың ой-арманына, шат күлкісі мен сезім діріліне, күйінішіне, жалпы тіршілік-тынысына бейжай, немқұрайлы емес, қайта бар ынта-зейінімен, ынтызар көңілімен қарайды, яғни олар осы сәтте сахналық өмір көріністерінің жай бейтарап, салқынқанды бақылаушысынан гөрі тікелей қатысушысы ретінде бой көрсетеді. Түптеп келгенде театрдың қоғамдық-тәрбиелік қызметі мен идеялық-эмоциялық және көркемдік-эстетикалық әсер күші де осыған саяды. театрдағы басты тұлға, пьесадағы берілген жағдайға байланысты әрекет етіп, сахналық қаһарманның характерін жасайтын – актер. Ол сахнада шығармалық процесс кезінде пьеса материалын өзінің болмыс шындық туралы ой-түсінігімен, өмірде көріп-байқағандарымен, эстетикалық сезім-түйсігімен үнемі байытып, толықтырып отырады. Бұл тұста актердің бойынан орындаушылық өнерге қоса ойшыл суреткерлік қасиет те айқын аңғарылады. Актер образы пьеса және спектакльді қоюшы-режиссердің (қара Режиссерлік өнер) түсінік-шешімі мен түсіндірмесі негізінде өмірге келеді. Өнердің өзге түрлеріндей театр да өмір шындығын көркем образдар жүйесі арқылы бейнелейді. Ал мұның өзі спектакль бойынша жүзеге асады.

Ұжымдық өнер Театр – ұжымдық өнер, өйткені қазіргі театр спектаклі драматург, актерлер, қоюшы-режиссер, сценограф (декоратор-суретші; қара Театр декорация өнері), композитор (қара Театр музыкасы) мен хореография өнерінің және киім-кешек жасаушылар, гримшілер, жарық берушілер секілді, театрдағы т.б. көптеген қызметкерлер еңбегінің өзара тоғысуы нәтижесінде туады. Театр өнерінің синтездік табиғаты оның тарихи даму сатысымен тығыз байланысты. Әсіресе, театрдың өзіне тән мұндай ерекшелігі драмалық әрекет, музыка, ән мен бидің бір-бірінен бөлінбей тұрған кезіндегі кең таралған халық ойын-сауықтарынан айқын көрініс тапты. Кейінгі дәуірлерде өнер түрлерінің жіктеліп шығуымен және олардың одан әрі ілгері дамуымен байланысты театр өнері өзінің синтездік қасиетінен айрылды. Сөйтіп, театрдың негізінде драма, опера және балет секілді 3 түрі қалыптасты. Енші алып, отау тігіп, өз алдына жекеленіп шыққанымен, музыкалық театр өзінің драмалық негізінен айырылған жоқ, тек мұндағы уақиға-әрекет музыкалық драматургияның тәсілдерімен, музыка-поэзиялық образдар арқылы ашылды.

Театр – табиғатынан көпшілік қауымға ғана арналған, қоғамдық-мәдени мән-маңызы үлкен өнердің бірі. Ол көрерменсіз, жеке өз алдына өмір сүре алмайды. Осыған байланысты сахна мен көрермен бірігіп отырып шынайы өмір құбылысына ой жүгіртеді, оған өз тұрғысынан баға береді; театр көрермендердің ішкі жан сезіміне әсер етіп, терең толғандырған жағдайда ғана өзінің қоғамдық-әлеуметтік қызметін атқарып, эстетикалық мақсат-мұратына жетеді.

Театр әлемде Театр өнері көрерменнің өзгелерге деген, басқа халықтар өмірі мен қоғам тіршілігіне деген ынта-ықыласын арттырумен қатар, достық сезімін де күшейте түсуге игі әсер етеді. Дүние жүзіндегі түрлі халықтардың географиялық-тарихи даму өзгешелігі мен олардың өмір-тұрмысы, әдет-ғұрпы, психикалық хал-жайы әр алуан театр жүйелерінің туып, қалыптасуына ықпал жасады. Осыған орай еуропалық театрларды және Шығыс елдерінің (Жапония, Қытай, Yндістан, т.б.) театр мәдениетін, Америка, Африка, Мұхит аралдары халықтарының өзіндік сипаты бар театр өнерін де атауға болады. Театрдың әрекет пен сауыққа негізделген мән-мағынасы тарихи тұрғыда, оның өмірге алғаш келуімен байланысты айқындалады. Адамзат тарихымен қоса жасасып келе жатқан театрдың қайнар көзі ежелгі замандағы аңшылық пен ауыл шаруашылық ойын-сауықтарына, халық мерекелері мен салт-жораларына саяды. Осы негізде пайда болған алғашқы трагедиялық және комедиялық сипаттағы дәстүрлі ойын-сауықтар мазмұнынан драмалық тартыстар мен сюжеттердің нышандары, сондай-ақ хор әндері, билер, диалогтар, киім киіп, сән-салтанат құру, маскамен бет-әлпетін өзгерту бой көрсетті. Ойын-сауық әрекетінің діни-салттық негізден бірте-бірте арылып бөлінуі, қаїарманның хор тобынан алдыңғы қатарға шығуы және көпшілік мейрамдарын арнайы ұйымдастырылған ойын-сауыққа айналдыру әдеби драмалардың тууына қолайлы жағдай жасады. Актерлер мен көрермендерге жіктеліп бөліну Т-дың аса маңызды қоғамдық қызметін айқындай түсті. Бұл процесс еуропалық театр өнерінің өркен жаюына зор ықпал жасаған Ежелгі Грекия театрында айқын көрініс тапты. Біздің заманымыздан бұрын 5 ғасырдың өзінде-ақ ежелгі гректердің мемлекет-қалаларында театр қоғамдық өмірдің орталығына айналды. Бұларда ойын-сауықтар бүкіл халық мерекесі саналды. Аспан аясында, төбесі ашық алып амфитеатрларға он мыңдаған көрермендер жиналып, ойын-сауықты тамашалап отырды. Ал мұндай ойын-сауықтар маман актерлерден басқа хорға қатысатын барлық көрермен-азаматтардың өздерін де қамтитын болған. Ежелгі грек драматургтері Эсхил, Софокл мен Еврипид трагедияларында аңыз құдайлары мен қаһармандарының тұлғасы жасалды, ал Аристофан комедияларында ежелгі дәуірдің саяси және әлеуметтік күресі бейнеленіп, қоғамда орын тепкен кемшіліктер мен орынсыз жайлар өткір күлкі отына ұшырады. Грек театр мәдениетінің дәстүрі жаңа қоғамдық өмірдің ерекшелігіне орай Ежелгі Рим театрында өзінің жаңа даму жолын тапты. Рим театрында (драматургтер Плавт, Сенека, Теренций, т.б.) спектакльді қою мен театр техникасы едәуір дамып, сахна түрлері өзгерді; ойын-сауықтың жаңа түрлері, оның ішінде мифологиялық сюжетке құрылған музыка-би сауығы – пантомима пайда болды. Ойын-сауықтың көптеген алуан түрлері Ежелгі Шығыс елдерінде де, соның ішінде Жапонияда, Индонезияда, Қытайда, Yндістанда, т.б. елдерде туып, өрістей бастады.

Орта ғасырдағы Театр