Инкультурация — адамды нақты бір мәдениеттің дәстүрлері мен нормаларына оқытып-үйрету дегенді білдіреді, адам мен оның мәдениеті арасындағы алыс-берістік қатынастар үдерісі. Бұл қатынаста, бір жағынан, мәдениет адамның жеке басының сипаттарын белгілесе, екінші жағынан, адамның өзі мәдениетіне ықпал етіп отырады. Мұндайда жеке адам туған мәдениетімен етенелесіп тәрбиелі адамға айналады.
Гуманитарлық ғылымдардың әр түрінде бұл үдеріс «өз мәдениетінде әлеуметтену» немесе «этностық әлеуметтену» деген ұғымдармен де беріледі. Әлеуметтену дегенде біз адамның әлеуметтік ортаға үйлесіп кірігуін, мүшесі ретінде табысты тірлік етуге мүмкіндік беретін осындай қоғамның құндылықтары жүйесін меңгеруін ұғынамыз. «Әлеуметтену» термині адамдардың қоғамда өздерін қалай ұстау керектігінің ережелеріне баулитын үдерістер мен механизмдерге байланысты қолданылады.
«Инкультурация» термині әлеуметтену үдерісінің өнімдеріне — адамның даму үдерісінде меңгерілетін мәдениеттің субъективті, ішкі психологиялық аспектілеріне байланысты қолданылады. «Мәдениет» пен «қоғам» ұғымдарының айырмашылығы және ұқсастығы қандай болса, «мәдениетке қосылу» мен «әлеуметтену» терминдерінің айырмашылығы мен ұқсастығы сондай.
Инкультурация – адамның белгілі бір этностың тірлігі мен дамуына орайлас белгілі бір тарихи кезеңге, белгілі бір мәдениет типіне тән дағдылар, әдеп-әдет, мінез-құлық нормаларын бірте-бірте қалыптастыруы. Бұл – адамның амал-тәсілдерді, нормаларды, тәжірибелік нұсқау-кеңестерді күнделікті өмірде ұзақ уақыт бойы бірте-бірте игеруі.
Дереккөздер
Санат:Культурология Санат:Социология