«Алтын белгі» — Қазақстан Республикасындағы жалпы орта білімді үздік аяқтаған оқушыларға берілетін ерекше мемлекеттік белгі.

Статистика 2020-2021 оқу жылында 9738 түлек "Алтын белгі" иегері атанды. 2019 жылы 7349, ал 2020 жылы 8615 оқушы марапатталған.

Тарихы

1997 жыл Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 22 шілдедегі №1146 қаулысымен «Жалпы білім беретін орта мектепті бітірушілерге арналған кеудеге тағатын «Алтын белгі» белгісі мен ерекше үлгідегі аттестат туралы ереже» бекітілді.

Марапаттау шарттары

5-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін барлық пәндерден тек «5» бағасын алу. Республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері болу. Бітіру емтихандарын «өте жақсы» тапсыру және үлгілі мінез-құлық таныту. Белгі мен ерекше аттестатты облыстық және Алматы қалалық білім басқармаларының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Білім және мәдениет министрлігі бекітті. Марапаттау салтанатты жағдайда мектеп директорымен жүргізілді.

Артықшылықтары

«Алтын белгі» иегерлері мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарынсыз түсу құқығына ие болды.

1999 жыл 1999 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №219 қаулысымен «Алтын белгі» белгісі туралы ереже бекітілді.

Марапаттау шарттары

Үміткер оқушы оқу кезеңінде негізгі және жоғары сатыларда барлық пәннен жылдық қорытынды бағалары «5» болуы тиіс. Жалпы орта білім курсы үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан тек «өте жақсы» деген баға алуы қажет. Марапаттау облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларының ұсынысы негізінде орталық уәкілетті органның бұйрығымен жүргізілді. Марапаттау салтанатты жағдайда өткізіледі.

Артықшылықтары

«Алтын белгі» иегерлері мемлекеттік білім беру гранттарын (болмаған жағдайда білім беру кредиттерін) алуда басым құқыққа ие болды. Мемлекеттік емес жоғары оқу орындарына да мемлекеттік грант белгіленген мөлшерде берілді. Денсаулыққа қатысты арнайы талаптар қойылған мамандықтарға тек заңда белгіленген медициналық талаптарға сәйкес келген жағдайда ғана қабылданды.

Белгінің сипаттамасы

1999 жылғы №1219 қаулымен белгі сипаттамасы бекітілді (2005 жылы жаңа редакцияға өзгертілді): Диаметрі 30 мм. Материалы: Л-80 маркалы мыс пен мырыш қорытпасы. Алдыңғы бетінде лавр бұтағымен көмкерілген ашық кітап бейнеленген, үстінде «Алтын белгі» деген алтын түсті жазу орналасқан. Барлық элементтер бедер түрінде 1 мм алға шығыңқы жасалған. Артқы бетінде «Қазақстан Республикасы» деген жазумен көмкерілген Мемлекеттік елтаңба бейнеленген.

2007 жыл Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы №1253 қаулысымен «Алтын белгі» белгісі туралы жаңа ереже бекітілді. Ол «Білім туралы» 2007 жылғы Заңға сәйкес әзірленді. Осы кезден бастап Алтын белгіге үміткерлерге қойылатын талаптардан республикалық және халықаралық пәндік олимпиаданың жүлдегері болу жойылды. Бұл шешім жыл сайынғы Алтын белгі иелерінің санын күрт көбейтіп, белгінің құнсыздануына әкелді.

Марапаттау шарттары

Үміткер оқу кезеңінде негізгі орта және жалпы орта деңгейлерде барлық пәннен жылдық және қорытынды бағалары «5» болуы тиіс. Қорытынды аттестаттаудан тек «өте жақсы» деген баға алғандар марапатталады. 2012 жылғы түзетулермен ереже «Назарбаев Зияткерлік мектептері» түлектеріне де қолданылатын болды.

Марапаттау тәртібі

Үміткерлерді облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары немесе республикалық білім беру ұйымдары ұсынады. Қорытынды шешім уәкілетті органның бұйрығымен қабылданады. Марапаттау салтанатты жағдайда өткізіледі.

Артықшылықтары

«Алтын белгі» иегерлері конкурс кезінде мемлекеттік білім гранттарын алуға басым құқыққа ие. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға қабылдануда артықшылық беріледі. Денсаулық жағдайына қатысты арнайы талаптары бар мамандықтарға тек медициналық сәйкестік болған жағдайда ғана қабылданады.

Белгінің сипаттамасы

Диаметрі – 30 мм. Материалы – Л-80 маркалы мыс пен мырыш қорытпасы. Алдыңғы бетінде лавр бұтағымен көмкерілген ашық кітап және үстінде «Алтын белгі» жазуы бейнеленген (бедер түрінде 1 мм шығыңқы). Артқы бетінде «Қазақстан Республикасы» жазуымен көмкерілген Мемлекеттік елтаңба бейнеленген.

2014 жыл 2014 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №532 бұйрығымен бекітілген «Алтын белгі» белгісі туралы Ереже оның қолданылу тәртібін айқындайды. Кейінгі жылдары Ережеге бірнеше рет өзгерістер енгізілді (2017, 2023, 2025).

Марапатталу шарттары

Оқушы негізгі және жалпы орта білім беру кезеңінде барлық пәндер бойынша жылдық және қорытынды бағалары «5» болуы қажет. 10–11 (немесе 11–12) сыныптарда барлық тоқсандық бағалары «5» болуы тиіс. Марапаттау білім беру ұйымының немесе «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басшысы бұйрығымен рәсімделеді. Марапаттау салтанатты жағдайда өткізіледі.

Артықшылықтары

конкурс кезінде мемлекеттік білім беру гранттарын алуға; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс аясында қабылдануға басым құқық беріледі.

Белгінің сипаттамасы

Диаметрі: 30 мм. Материалы: Л-80 мыс пен мырыштың арнайы қорытпасы. Алдыңғы бетінде лавр бұтағымен көмкерілген ашық кітап бейнесі орналасқан, үстіңгі жағында «Алтын белгі» деген алтын түсті жазу бар. Барлық элементтер бедер түрінде жасалған. Артқы бетінде «Қазақстан Республикасы» деген жазумен көмкерілген Мемлекеттік елтаңба бейнеленген.

Қоғамдағы орны 2017 жылдан бастап «Алтын белгі» төсбелгісін алу талаптарына өзгерістер енді. Сәйкесінше үміткерлер өз талаптарын растау үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден қажетті балл алу мен нәтиже көрсетуі талап етілмейтін болды.

2020 жылғы COVID-19 пандемиясы кезінде 9 және 11-сынып оқушылары бітіру емтихандарын тапсырмағандықтан, "Алтын белгі" жылдық қорытынды бағаларының негізінде берілген.

2021 жылғы тамыз кеңесінде «Алтын белгі» алуға қойылатын талаптар қатаңдатылды. Министрдің 10 мамырдағы бұйрығына сәйкес, үміткерлер 9-сыныпты ерекше аттестатпен аяқтап, 10–11-сыныптардағы барлық тоқсандарда тек «5» бағасын алуы тиіс. Сонымен қатар, математикадан емтихан Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында өткізіледі.

2022 жылғы 10 қарашада Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі «Алтын белгі» төсбелгісін беру тәртібіне өзгерістер енгізді. Жаңа ережеге сәйкес, соңғы үш жыл ішінде жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиада жеңімпаздары болып табылатын және оқу үлгерімі «өте жақсы» бағаланған оқушылар «Алтын белгіге» үміткер болған жағдайда, қажет болғанда мектеп бітіру емтихандарынан босатылады. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректеріне сәйкес, «Алтын белгі» иегерлерінің барлығы білім грантына ие бола бермейді.

2024 жылы 6403 үміткердің 5419-ы грант алды (85%), яғни 15%-ы грантсыз қалды. 2023 жылы 5904 үміткердің 5090-ы грантқа ие болды (86,2%). 2022 жылы бұл көрсеткіш 83%-ды құрады. "Алтын белгі" төсбелгісі Қазақстан ақша сарайында (монетный двор) дайындалады. Оның өндірісі және құны жыл сайын өзгеріп отырады.

2019 жыл: 7322 төсбелгіге 68,7 миллион теңге жұмсалды. Бір дананың бағасы — 9385,6 теңге. 2020 жыл: Төсбелгі саны 6993 данаға дейін қысқарғанымен, жалпы шығын 70,2 миллион теңгені құрады. Бір дананың бағасы — 10 046,4 теңгеге дейін өсті. 2021 жыл (жоспар): 8500 төсбелгі жасауға 91,4 миллион теңге бөлу жоспарланған. Бір дананың болжамды бағасы — 10 752 теңге.

Дереккөздер

Санат:Қазақстан марапаттары