«Жапонияны жеңгені үшін» медалі () — КСРО мемлекеттік марапаты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 30 қыркүйектегі «Жапонияны жеңгені үшін» медалін белгілеу туралы» жарлығымен белгіленген. Суреттің авторы — суретші М. Л. Лукина.

Марапат Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы кезеңінде КСРО-ның Жапонияны жеңуінің құрметіне тағайындалды. Медал туралы ережеге сәйкес, онымен тікелей ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер де, сондай-ақ ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқан тұлғалар да марапатталды. Бұл медалмен марапатталғандардың жалпы саны 1 800 000 адамнан асты.

Тарихы Кеңес-жапон соғысы аяқталғаннан кейін КСРО-ның Жапонияны жеңуіне арналған медалды әзірлеу жұмыстары басталды. Бұған дейін кеңестік бірқатар мемлекеттік марапаттардың (соның ішінде «Отан соғысы» және «Жеңіс» ордендерінің, сондай-ақ бірнеше медалдың) нобайларын әзірлеген суретші А. И. Кузнецов бекітуге екі жоба ұсынды, тағы екі жобаны суретші М. Л. Лукина дайындады. Жобалық нобайлар Қызыл әскер Бас интенданттық басқармасы Техникалық комитетінің № 5 альбомында сақталған.

Кузнецов әзірлеген екі жобада да Иосиф Сталиннің сол жақ қырынан бейнесі салынған, алайда бірінші нобайда кеңес мемлекетінің басшысы фуражкамен, ал екінші нобайда — фуражкасыз бейнеленген. Медалдың артқы бетінде жоба бойынша төрт жолдан тұратын «ЖАПОНИЯНЫ ЖЕҢГЕНІ ҮШІН 1945» деген жазу, ал оның үстінде —бесбұрышты жұлдызша орналастырылған.

Лукина әзірлеген бірінші жобада Иосиф Сталиннің оң жақ қырынан бейнесі салынған, оның сол және жоғарғы жағында «ЖАПОНИЯНЫ ЖЕҢГЕНІ ҮШІН» деген жазу, ал оң және төменгі жағында лавр бұтағы орналастырылған. Лукинаның екінші жобасында Сталиннің сол жақ қырынан бейнесі салынған, оның төменгі жағында дәл осындай жазу, ал жоғарғы жағында арасына бесбұрышты жұлдызша орналастырылған екі лавр бұтағы бейнеленген. Екі жобада да медалдың артқы бетінде екі жолға орналасқан «2-IX 1945» деген жазу, ал оның үстінде бесбұрышты жұлдызша бейнеленген.

Шағын өзгерістер енгізілгеннен кейін медалдың нобайы ретінде Лукинаның бірінші жобасы қабылданды. Медалдың бұл нұсқасы «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медаліне көп жағынан ұқсас болды: екі марапаттың да алдыңғы бетінде Сталиннің кеудеге дейінгі бейнесі орналастырылған. Алайда «Германияны жеңгені үшін» медалында кеңес көсемінің бейіні солға («батысқа»), ал «Жапонияны жеңгені үшін» медалында — оңға («шығысқа») қаратылып суреттелген.

Марапат КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 30 қыркүйектегі «„Жапонияны жеңгені үшін“ медалын тағайындау туралы» Жарлығымен тағайындалды. Осы Жарлықпен медал туралы ереже, оның үлгісі мен сипаттамасы да бекітілді. 1945 жылғы 12 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Хатшылығы «Жапонияны жеңгені үшін» медалын табыстау тәртібі туралы ережені бекітті. Медал туралы ереженің өзіне 1951 жылғы 5 ақпанда толықтырулар енгізілді, ал КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1980 жылғы 18 шілдедегі Жарлығымен ереженің 3-бабына өзгеріс енгізілді.

Медаль туралы ереже «Жапонияны жеңгені үшін» медалінің ережесіне сәйкес, осы медалмен марапатталады: Барлық әскери қызметшілер мен Қызыл әскердің, Әскери-теңіз флотының және ІІХК әскерлерінің бөлімдері мен құрамаларының штаттағы ерікті жалдамалы қызметкерлері, 1-Қиыр Шығыс, 2-Қиыр Шығыс және Байкал майдандарының, Тынық мұхиты флоты мен Амур өзен әскери флотилиясының құрамында жапон империалистеріне қарсы ұрыс қимылдарына тікелей қатысқан тұлғалар; Қиыр Шығыстағы кеңес әскерлерінің ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқан ҚХК, ӘТФХК және ІІХК орталық басқармаларының әскери қызметшілері.

«Жапонияны жеңгені үшін» медалі сол жақ кеудеге тағады, ал басқа КСРО медалдары болған жағдайда «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 40 жыл» мерейтойлық медалінен кейін тағады. Бастапқыда, медалдің ережесінде оны «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалінен кейін тағу көзделген.

Сипаттамасы thumb|200px|медальдің артқы жағы «Жапонияны жеңгені үшін» медалі диаметрі 32 мм болатын, екі жағынан да жиекпен қоршалған дұрыс дөңгелек пішінді. Қалыңдығы — 2,5 мм. Медаль жезден жасалған. Барлық жазулар мен бейнелер шығыңқы.

Медалдің алдыңғы бетінде оңға қаратылған Кеңес Одағының генералиссимусы И. В. Сталиннің қырынан берілген кеуде тұсынан бейнесі орналасқан. Жоғарғы бөлігінде шеңбер бойымен «ЖАПОНИЯНЫ ЖЕҢГЕНІ ҮШІН» () деген жазу жазылған.

Медалдің артқы бетінде екі жолмен «3 ҚЫРКҮЙЕК 1945» () деген жазу, оның үстінде бесбұрышты жұлдызша бейнеленген.

Медаль құлақша мен шығыршық арқылы ені 24 мм болатын жібек қатқыл таспамен тысталған бесбұрышты тағанға бекітіледі. Таспаның ортасында кең қызыл жолақ орналасқан, оның екі жағында бір-бірден ақ жолақ, бір-бірден қызыл жолақ және бір-бірден жіңішке ақ жолақ бар. Таспаның шеттері жіңішке сары жолақтармен жиектелген.

Марапатталғандар thumb|left|200px|«Жапонияны жеңгені үшін» медалінің куәлігі «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталғандардың жалпы саны, әртүрлі дереккөздерге сәйкес, 1 700 000 немесе 1 800 000 адамнан асты. Зерттеушілер А. Н. Володин мен Н. М. Мерлайдың мәліметінше, бұл марапатқа 1 831 000 адам ие болған. Медалмен алғашқылардың бірі болып екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған Виктор Леонов марапатталды. Марапатталғандардың қатарында Кеңес Одағы маршалдары Александр Василевский, Родион Малиновский және Кирилл Мерецков болды. Кейбір дереккөздерге сәйкес, медалмен онда бейнеленген Иосиф Сталин де марапатталған.

«Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапаттау бір рет қана жүргізілгеніне қарамастан, қайта марапаттау жағдайлары да белгілі. Атап айтқанда, Татьяна Федоровна Лысенко екі медалмен марапатталған: Г № 116525 және Г № 116541 нөмірлі медал куәліктері Ростов облысының Орджоникидзе аудандық әскери комиссариаты тарапынан тиісінше 1948 жылғы 28 наурызда және 1948 жылғы 6 шілдеде рәсімделген. Аға сержант Михаил Артемьевич Мишко бұл медалмен үш рет марапатталған.

1951 жылға дейін «Жапонияны жеңгені үшін» медалі, басқа да мемлекеттік марапаттар сияқты, марапатталған адам қайтыс болғаннан кейін мемлекетке қайтарылуға тиіс болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1951 жылғы 5 ақпандағы Жарлығына сәйкес, марапатталған адам қайтыс болған жағдайда «Жапонияны жеңгені үшін» медалін естелік ретінде сақтау үшін оның отбасында қалдыруға рұқсат етілді.

Әдебиет

Дереккөздер

Санат:КСРО медалдары