Соломо‌н Ма‌йер Ро‌тшильд (; 9 қыркүйек 1774, Майндағы Франкфурт, Қасиетті Рим империясы – 28 шілде 1855, Париж, Екінші Франция империясы) — Ротшильдтер қаржылық әулетінің австриялық тармағының негізін қалаушы. Барон.

Өмірбаяны Әулеттің негізін қалаушы Майер Амшель Ротшильдтің (1744–1812) үшінші баласы әрі екінші ұлы болды. 1800 жылы Каролина Штернге (1782–1854) үйленді. Осы некеде Соломон Ротшильдтің Ансельм Соломон (1803–1874) және Бетти Соломон (1805–1886) атты балалары дүниеге келді.

Соломонның әкесі Германияда ірі әрі табысты банк бизнесін құрды. Отбасылық бизнесті бүкіл Еуропа аумағында кеңейту мақсатында үлкен ұлы Майндағы Франкфуртта қалдырылды, ал қалған төрт ұлы банк желісін кеңейту үшін Еуропаның әртүрлі қалаларына жіберілді. Соломон Ротшильд 1817 жылы Парижде оның ағасы Джеймс Майер Ротшильд ашқан de Rothschild Frères банкінің акционері болды. Қаржылық білімі мен көпжылдық жұмыс тәжірибесінің арқасында Соломон 1820 жылы Аустрияға жіберіліп, Аустрия үкіметі жобаларын қаржыландыру саласында әулеттің мүдделерін рәсімдеумен айналысты.

Венада Соломон S M von Rothschild банкін құрды. Бұл банк Аустриядағы алғашқы теміржол болған Nordbahn теміржол компаниясын, сондай-ақ үкіметтің түрлі капиталды көп қажет ететін жобаларын қаржыландырды. Ол кінәз Клемент Меттерних пен Фридрих фон Генцтің қолдауымен аустриялық аристократия және саяси элитамен іскерлік байланыстар орнатты. Соломон Ротшильдтің басшылығымен аустриялық банк Аустрия экономикасының дамуына маңызды рөл атқара бастады. Аустрия алдындағы еңбегі үшін 1822 жылы Соломон Майер Ротшильд император II Францтан мұрагерлік барон атағын алып, аустриялық ақсүйектер қатарына қабылданды. 1843 жылы ол еврейлер арасынан алғаш болып Венаның құрметті азаматы атанды.

Соломонның жеке байлығы орасан зор болды. Ол ауқымды жылжымайтын мүліктерді иеленіп, өнер туындылары мен антикалық заттарға инвестиция салды. Оның негізгі іскерлік бәсекелесі Георг Симон фон Сина болды.

Эндогамия Ротшильд кодексінің негізгі қағидаларының бірі болды. Оның мақсаты жиналған мүліктің отбасы ішінде сақталып, әулеттің ортақ ісіне қызмет етуі еді. Осы себепті 1824 жылы Соломонның қызы Бетти француз Ротшильдтер тармағының негізін қалаған, өз көкесі Джеймс Майер Ротшильдке тұрмысқа шықты.

Дереккөздер

Санат:Аустрия банкирлері Санат:Ротшильд әулеті