Бағи-Шамал шайқасы — Мәуереннахр Шайбанилері мен Аштархан әулеті арасындағы Бұхара хандығындағы шешуші шайқас. Оның барысында 1599 жылы Бақи Мұхаммед бастаған аштархандықтар Мәуереннахр Шайбанилері әулетінің соңғы билеушісі II Пірмұхаммед ханнан (1598—1599) басым түсіп, айқын жеңіске жетті.

​II Пірмұхаммед ханды жеңгеннен кейін Аштархан әулеті мемлекет астанасы Бұхараны және Мәуереннахрдың маңыздылығы жағынан екінші қаласы Самарқанды толық бақылауына алды. 1601 жылдан бастап Мәуереннаһр мен Оңтүстік Түркістанның өмірінде Аштархан әулеті шешуші рөл атқара бастады.

Алғышарттары ​Сефевилер шахы І Аббас (1588–1629) Бақи Мұхаммедке қарсы күресу үшін II Пірмұхаммед ханға көмек берді. Ол Бұхараға 10 мың жауынгер жіберіп, олар II Пирмұхаммед ханның күштерімен бірікті. «Тарих-и Қыпшақ-хани» авторы Қожақұлы бек Балхидің есебінше, II Пирмұхаммед хан барлығы 40 мың адамнан тұратын әскер жинай алған. Бақи Мұхаммед Бұхара ханымен келіссөз жүргізуге тырысқанымен, хан бітімге келуден бас тартып, Сар-и Пуль бағытына қарай шықты.

Бақи Мұхаммед туыстарынан көмек сұрады. Оған алғашқылардың бірі болып немере ағасы Аббас сұлтан мен Рахманқұл сұлтан келді. Бақи Мұхаммед жолдарды күзету және барлау жүргізу үшін Күшік би аталық, Мұхаммед-Жар би қарлұқ және Лүтфи би аталықтың бастауымен шағын жасақтар жіберді. Махмұд ибн Уәлидің айтуынша, Жар Мұхаммед, Жәни Мұхаммед және Аштархан әулетінің басқа да мүшелері Самарқандта болып, «сақтық мақсатында» қаладан шықпаған.

Барысы ​Қарсыластардың әскерлері 1599 жылы Самарқанд маңындағы Бағи-Шамал деген жерде кездесті. Сандық басымдықтың арқасында II Пірмұхаммед хан мен оның әмірлері аштархандықтарды айтарлықтай ығыстыра алды, алайда кейін Бақи Мұхаммед жау әскерінің орталық бөлігін талқандап, жеңіске жетті. II Пірмұхаммед хан жараланып, тұтқынға түсті. Біраз уақыттан кейін ол Бақи Мұхаммедтің бұйрығымен өлім жазасына кесілді. Аштархандықтар ретсіз шегінген бұхаралықтарды соңына дейін қуып, мол олжаға кенелді.

Маңызы мен салдары ​Сол кездегі оқиғалардың куәгері, Аштархан әулетінің болашақ сарай тарихшысы Махмұд ибн Уәли Бағи-Шамал шайқасын Мәуереннахрдағы Шайбанилер билігінің аяқталуы деп санауға бейім. Оның сөзімен айтқанда: «Мәуереннахрдағы Шайбанилердің ісі осымен тәмамдалғандықтан, басқаруды Тоқа Темір әулеті қолға алды». II Пірмұхаммед ханды жеңгеннен кейін аштархандықтар мемлекет астанасы Бұхараны және Мәуереннахрдың маңыздылығы жағынан екінші қаласы Самарқандты толық бақылауына алды.

Жоғарғы билеуші болып ол кезде жасы едәуір ұлғайған Жар Мұхаммед хан жарияланды. Ол мемлекетті басқаруға батпай, билікті үлкен ұлы Жәни Мұхаммедке берді. Оған хан билігі мен егемендігінің барлық нышандары: құтпа, сикка және лауазымдар өтті. 1601 жылдан бастап Бұхара, Балх, Самарқанд және Ташкенттегі төрт теңге сарайында Жәни Мұхаммедтің есімі жазылған монеталар шығарыла бастады.

Әдебиет

Дереккөздер

Санат:Орталық Азия тарихы Санат:1599 жыл Санат:Шайбани әулеті Санат:Аштархан әулеті