«Доктор Стрейнджлав немесе Мен қалай үрейден арылып, бомбаны жақсы көруді үйрендім» () көбінесе қысқаша «Доктор Стрейнджлав» () деген атпен белгілі — 1964 жылы жарық көрген, Стэнли Кубриктің саяси сатиралық қара комедия жанрындағы көркем фильмі.
Фильм Питер Джордждың «Қызыл дабыл» (Red Alert, 1958) триллер-романының желісіне негізделген. Сценарийін Кубрикпен және Терри Саузернмен бірге Питер Джордждың өзі жазған. Columbia Pictures компаниясы қаржыландырған және шығарған бұл туынды — Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбританияның бірлескен өнімі.
«Доктор Стрейнджлав» фильмі АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы ядролық соғысқа қатысты Қырғи қабақ соғыс кезеңінің үрейін келемеждейді. Фильмде басты рөлдерді Питер Селлерс (ол бірден үш түрлі кейіпкерді сомдайды) және Джордж К. Скотт сомдады.
Сюжет АҚШ Әскери-әуе күштерінің параноидты бригадалық генералы айналасында өрбиді: ол Кеңес Одағына алдын ала ядролық соққы беру туралы бұйрық береді. Одан әрі оқиға желісі АҚШ президенті (Селлерс), оның ғылыми кеңесшісі доктор Стрейнджлав (Селлерс), Корольдік әскери-әуе күштерінің алмасу бойынша келген офицері (Селлерс) және Штаб бастықтары біріккен комитетінің төрағасының (Скотт) әрекеттерін баяндайды. Олар ядролық соғыстың басталуына жол бермеу үшін Кеңес Одағын бомбалауға бет алған B-52 ұшағының экипажын тоқтатуға тырысады.
Бұл туынды әлемдегі ең үздік комедиялық фильмдердің бірі, сондай-ақ кино тарихындағы ең ұлы және ең ықпалды фильмдердің бірі болып саналады. 1998 жылы Америка кино институты (AFI) оны ең үздік америкалық фильмдер тізімінде 26-орынға (2007 жылы — 39-орын) қойса, 2000 жылы ең күлкілі америкалық фильмдердің үштігіне енгізді. 1989 жылы Конгресс кітапханасы фильмді «мәдени, тарихи немесе эстетикалық құндылығы жоғары» деп танып, АҚШ фильмдерінің ұлттық тізіліміне алғашқы болып енген 25 туындының қатарына қосты.
Фильм төрт «Оскар» номинациясына ие болды, соның ішінде «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік бейімделген сценарий» және Селлерс үшін «Үздік актер» номинациялары бар. Сондай-ақ, фильм жеті BAFTA сыйлығына ұсынылып, «Кез келген дереккөзден алынған үздік фильм», «Үздік британдық фильм» және «Үздік қоюшы суретші жұмысы (ақ-қара)» марапаттарын жеңіп алды.
Сюжеті thumb|thumbtime=2:20|Ресми трейлер (1964)
Америкалық әскери-әуе базасының қолбасшысы, бригадалық генерал Джек Д. Риппер (есімі ағылшын тіліндегі «Жалмауыз Джек» — Jack-The-Ripper есімімен үндес) (Стерлинг Хейден) «R жоспарын» іске қосады. Бұл — Вашингтондағы қолбасшылық (соның ішінде Президенттің өзі де) Кеңес Одағының тұтқиылдан жасаған соққысынан жойылып кеткен жағдайда, жоғары офицерлік құрамға ядролық кек алу туралы бұйрық беруге құқық беретін төтенше әскери жоспар. Осылайша, ол Кеңес Одағына ядролық қару тиелген B-52 бомбалаушы ұшақтарымен жаппай шабуыл бастайды.
Риппер базадағы барлық радиоқабылдағыштарды тәркілеуге бұйрық береді. Алайда базадағы офицерлердің бірі, Ұлыбритания Әскери-әуе күштерінің жасқаншақ полковнигі Лайонел Мандрейк (Питер Селлерс) радиодан азаматтық қорғаныс сигналдарының орнына музыка естіп, бұл істің астында шикілік барын түсінеді. Ол ұшақтарды кері қайтару кодын білетін жалғыз адам — Рипперден кеш болмай тұрғанда шабуылды тоқтатуды өтінеді. Бірақ генерал оның сөзіне құлақ аспай, қару қолдануы мүмкін екенін меңзеп, Мандрейкпен бірге кабинетіне қамалып алады.
Осы уақытта техастық майор Дж. Т. «Кинг» Конгтың (Слим Пикенс) басқаруындағы ұшақтардың бірінде экипаж жағдайдың қаншалықты маңызды екеніне алаңдаушылық білдіреді. «R жоспарына» сәйкес әрекет ету туралы растау кодын алғаннан кейін, экипаж радиобайланысты бұғаттап, бомбалаушы ұшақ КСРО-ға қарай бағыт алады.
Дәл осы уақытта Пентагондағы «Әскери бөлмеде» АҚШ Президенті Меркин Маффли (Питер Селлерс), генерал Бак Терджидсон (Джордж К. Скотт) және басқа да жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен шұғыл жиын өтеді. Президент соғысты кез келген жолмен тоқтату керек деп шешеді. Алайда генерал Терджидсон қалыптасқан жағдайды пайдаланып, КСРО-ның көзін біржола жоюға шақырады. Оның пайымдауынша, америкалықтардың алғашқы соққысы кеңестік зымырандардың 90%-ын олар жауап беріп үлгергенше жойып жібереді, ал қалған зымырандардан «небәрі он-жиырма миллиондай» адам ғана қаза табады.
Маффли мұндай ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып, оның орнына шұғыл түрде Кеңес елшісі Алексей Десадецкийді (есімі Маркиз де Садқа ишара жасайды) (Питер Булл) шақыртады. Өз ұшақтарын кері қайтаруға дәрменсіз Президент «Жедел желі» арқылы КСРО министрлер кеңесінің төрағасы Дмитрий Кисовпен байланысады. Өзара сыпайылық танытқаннан кейін, ол ядролық шабуылға қатысты «кішкене келеңсіздік» болып жатқанын хабарлайды. Маффли ұшақтарды тоқтата алмағандықтан, кеңестік әріптесіне оларды атып түсіруді ұсынады. Мас күйдегі КСРО премьері бұл мәселе «өзіне емес, Омбыдағы орталық әуе қорғанысы штабына қатысты» екенін айтып, АҚШ президентіне сол жаққа өзі қоңырау шалуды бұйырады. Содан соң Алексейге бірдеңе дейді, оны естіген елшінің өңі бұзылады.
Кеңес елшісі АҚШ президентіне КСРО-да ЭЕМ-мен басқарылатын «Қиямет қайым машинасы» жасалғанын хабарлайды. Егер кеңес аумағында бірде-бір атом бомбасы жарылатын болса, бұл құрылғы автоматты түрде іске қосылып, «кобальт-торий» бомбасының жарылысы арқылы он айдың ішінде планетадағы бүкіл тіршілікті жойып жібереді. Машинаны өшіру мүмкін емес. Алексей мұндай машинаның жасалуын КСРО-ның қарулану жарысына тым көп ақша жұмсағанымен түсіндіреді. Ал бұл машинаның құны елдің қорғанысын ұстап тұруға жұмсалатын шығыннан әлдеқайда арзан екен. Сонымен қатар, АҚШ-та да осындай машина жасалып жатыр деген қауесет шешім қабылдауға түрткі болған. Жиынға қатысып отырған стратегия жөніндегі сарапшы, мүгедектер арбасына таңылған доктор Стрейнджлав (Питер Селлерстің үшінші рөлі) мұндай құрылғының қаншалықты тиімді екенін және ол іске қосылған жағдайда оған қарсы тұру мүмкін еместігін түсіндіреді.
Сол уақытта генерал Риппер бекініп алған әскери базаны штурммен алу басталады. База қызметкерлері жан аямай қарсылық көрсетеді, өйткені Риппер өз қарамағындағыларды «келе жатқан америкалық әскерлер — шын мәнінде киім ауыстырған орыстар» деп алдын ала «ескерткен» болатын. База басып алынған кезде, Риппер құпия кодты айтпастан өз-өзіне қол жұмсайды. Мандрейк өзінің есі ауысқан бастығының қағаздарын ақтарып отырып, ұшақтарды кері қайтару кодының қандай болуы мүмкін екеніне қатысты тұспалдар табады. Соған қарамастан, оны (Рипперге қарсы «азғындар бүлігінің басшысы» ретінде) тұтқындайды. Мандрейк полковник «Бэт» Гуанодан (Кинан Уинн) Вашингтонға кодты («POE») хабарлауға рұқсат беруін ұзақ жалынып сұрайды. Телефон желісі үзілгендіктен, Мандрейкке таксофоннан қоңырау шалуға тура келеді. Ол үшін полковник Гуаноға «Кока-кола» автоматының құлпын атып жіберіп, ішіндегі тиын-тебенді алуды бұйырады. «Бэт» Гуано жеке меншікке қол сұғылмайды деп есептеп, автоматты бұзуға қатысқысы келмейді, бірақ ақыры құлыпты атып түсіреді. Сонымен қатар, ол генералдың көмекшісіне «Кока-кола» компаниясымен соттасуға тура келетінін ескертеді.
Бұл кезде кеңестік әуе қорғанысы радардан көрінген америкалық ұшақтарды атып түсіруге тырысады. Үш бомбалаушы ұшақ құлатылады, ал Дж. Т. Конгтың басқаруындағы ұшақ ауыр зақым алып, байланыс құралдарынан айырылады және жанармайы аға бастайды. Кері қайту коды келгенде, қалған отыз ұшақ базаларына оралады. Тек тоқтату сигналын ала алмаған майор Конгтың ұшағы ғана қосалқы нысанаға қарай өжеттікпен ұмтыла береді. Ол кеңестік радарларға көрінбеу үшін тым төмен биіктікте ұшады, сондықтан оны тоқтатуға бағытталған кеңес-америка бірлескен әрекеттері сәтсіздікке ұшырайды.
Майор Конгтың ұшағы жанармайдың ағуына байланысты не негізгі нысана — ойдан шығарылған Лапута базасына (Дж. Свифттің «Гулливердің саяхаттары» романындағы ұшатын аралға ишара), не қосалқы нысанаға (Тернополь облысының Борщев қаласы маңында шынымен болған зымыран базасы) жете алмайтыны белгілі болады. Экипаж ең жақын орналасқан Котластағы кеңестік зымыран кешеніне соққы беруді ұйғарады. Маршруттың бұл жоспарланбаған өзгерісі америкалықтар мен орыстардың соңғы ұшақты ұстау туралы жоспарларын тас-талқан етеді. Нысанаға жеткенде бомба тастағыш тетік істен шығып, кептеліп қалады. Майор Конг бомбалардың жанына өзі түсіп, олардың бірін ковбойша ертеп мініп алады да, механизмді жөндеп, бомбамен бірге төмен қарай құлдилайды. Ядролық жарылыстың саңырауқұлақ тәріздес бұлты көкке көтеріледі.
«Әскери бөлмеде» доктор Стрейнджлав ерекше құлшыныспен президентке жер асты паналарына «адамзат нәсілінің ең таңдаулы өкілдерінің» бірнеше жүз мыңын жинауды ұсынады. Ондағы ерлер мен әйелдердің арақатынасын «бір еркекке он әйелден» деп белгілеп, оларға еш кедергісіз әрі қарқынды түрде көбеюге жағдай жасауды айтады. Осылайша, бірнеше онжылдықтан кейін олар өзге тіршілік иелерінен тазарған Жер бетіне қайта орала алады. Генерал Терджидсон бұл жағдай орыстардың алдын ала құрған айлалы әрекеті болуы мүмкін екенін, егер америкалықтар бункерлерге жүз жылға қамалып қалса, орыстарға орасан зор басымдық беріп қоятынын ескертеді. Дәл осы сәтте, барлығы осы ықтималдықты талқылаумен әлек болып жатқанда, елші Десадецкий америкалық қорғаныс жоспарларын байқатпай тыңшылық камерасына түсіріп алады. Бұл генералдың қаупі орынды болуы мүмкін екенін тұспалдайды.
Осы кезде доктор керемет түрде мүгедектер арбасынан түрегеліп, бір-екі қадам басады да: «Фюрер мырза, мен жүре аламын!» — деп қуана айғайлайды. Дәл осы сәтте Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі «We’ll Meet Again» («Біз тағы да кездесеміз») аты лирикалық ән әуенімен бүкіл планетада ядролық зарядтар бірінен соң бірі жарыла бастайды.
Рөлдерде
Марапаттары мен номинациялары Марапаттары мен номинациялары Марапат Санат Номинант НәтижеОскарҮздік фильмСтэнли КубрикҮздік режиссерСтэнли КубрикҮздік актерПитер СеллерсҮздік бейімделген сценарийСтэнли Кубрик, Питер Джордж және Терри СаузернBAFTAҮздік фильмСтэнли КубрикҮздік британдық фильмҮздік британдық сценарийСтэнли Кубрик, Питер Джордж және Терри СаузернҮздік британдық актерПитер СеллерсҮздік шетелдік актерСтерлинг ХейденҮздік қоюшы суретші жұмысы (ақ-қара)Кен АдамБҰҰ марапаты (UN Award)ФильмАҚШ сценарийшілер гильдиясыҮздік жазылған америкалық комедияСтэнли Кубрик, Питер Джордж және Терри СаузернХьюго сыйлығыҮздік драмалық қойылымФильмБельгия киносыншылар қауымдастығыГран-приФильмНью-Йорк киносыншылар үйірмесінің сыйлығыҮздік фильмФильмҮздік режиссерСтэнли КубрикҮздік сценарийСтэнли Кубрик, Питер Джордж және Терри СаузернNastro d’argentoҮздік шетелдік режиссерСтэнли Кубрик
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер
Санат:Стэнли Кубрик фильмдері Санат:1964 жылғы АҚШ фильмдері Санат:Columbia Pictures фильмдері Санат:АҚШ ақ-қара түсті фильмдері Санат:АҚШ қара комедиялары Санат:АҚШ фильмдерінің ұлттық тізілімі Санат:Ұлыбритания романдарының экрандаулары