Жарман (Жармұханбет) Рақымұлы (1911, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Егіндіағаш ауылы – 1997, Ақмола облысы, Степногорск қаласы) — әнші, мәдениет қызметкері. Солтүстік Қазақстан өңірінде кең тараған халық және кәсіби әндерді орындаған.
Жарман Рақымұлы Орынбай, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері шығармаларын жатқа орындаған. Сонымен қатар Орынбай ақынның Арыстан және Шөже ақындармен айтыстарын ел арасында насихаттаған.
Өмірбаяны және шығармашылық қызметі 1930 жылдары Көкшетау облыстық филармониясы жанынан құрылған концерттік бригада құрамында өнер көрсетті. Айыртау аудандық және Көкшетау облыстық өнер фестивальдарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
1935–1936 жылдары Алматы қаласында өткізілген өнер байқауларына қатысты. 1930 жылдардың соңында Гурьев филармониясы мен Гурьев театрында әнші болып қызмет атқарды.
1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Әскери қызмет барысында батальон командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, соғыстан капитан әскери атағымен оралды.
Соғыстан кейін Көкшетау қаласындағы Жданов атындағы кинотеатрда директор қызметін атқарды. Кейін Чкалов аудандық (қазіргі Тайынша ауданы) мәдениет бөлімінде, Көкшетау қаласы мен Сырымбет ауылында түрлі қызметтер атқарды. Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев ауданындағы (қазіргі Шал ақын ауданы) «Заря» орман шаруашылығында орманшы болып жұмыс істеді.
Отбасы Жұбайы — Жәния. Гурьев театрында қызмет етіп жүргенде танысқан. Жарман мен Жәнияның бес баласы болды: Қарлығаш, Қыдырбек, Таңатбек, Әлия және Жәлел.
1980 жылдардың соңында тау-кен инженері болып жұмыс істеген ұлы Таңатбек қайтыс болды.
Қайтыс болуы Жарман Рақымұлы 1997 жылдың жазында Степногорск қаласында қайтыс болды. Егіндіағаш ауылындағы зиратқа жерленген.
Дереккөздер
Санат:Айыртау ауданы тұлғалары