Мұрат Құрмантайұлы Әміренов (1939-2025 жж.) – жазушы, журналист, Қазақстанның Журналистер одағының мүшесі.

Өмірбаяны 1939 жылы 16 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Тегісшіл ауылында дүниеге келді. 1957 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірді. Еңбек жолын 1957-1961 жылдар арасында Ұлан аудандық мәдениет бөлімінде жүргізуші болып бастады. 1961 жылы Алматы қаласындағы КазГУ-дың филология факультетіне оқуға түсті. Екінші курстан әскери борышын өтеуге Ташкент қаласына аттанды. 1965 жылы әскери борышын өтеп болған соң Алматыдағы оқуын қайта жалғастырды.

Қызметтік жолы 1969 жылдан Мұрат Құрмантайұлының журналистік қызметі Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінен басталды. 2006 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін осы газетте қызмет етті. Қазақстан журналистер Одағының мүшесі. Ұзақ жылдардағы еңбегі бағаланып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен, «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20 жылдық» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері». Қазақстан журналистикасына қосқан қомақты үлесі мен сіңірген еңбегі үшін «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын алған. «Ұлан ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін» төсбелгісінің иесі. Есімі басқа да танымал адамдармен қатар Шығыс Қазақстан энциклопедиясына кірген.

1978 жылы Мұрат Құрмантайұлы Мәскеу қаласында өткен экономика тақырыбында жазатын Бүкілодақтық журналистер слетіне қатысқан. Екі мәрте Қазақстан журналистер одағы сьезіне делегат болды. Шығысқазақстандық делегаттар қатарында «Ана тілі», (қазіргі«Қазақ тілі») халықаралық қоғамының бірінші Құрылтайына қатысты.

Зейнеткерлікке шыққаннан бері шығармашылықпен айналысуда. «Жүрек сыры», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Өмір өрнектері» кітаптарының авторы. Ұлан ауданының 80 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Ұлан есімі – ұлағат бесігі» атты энциклопедиясын, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай шығарылған «Все для фронта! Все для Победы!» и «Сильные духом!» жинақтарын құрастырушылардың бірі. Қаламгер 2025 жылдың 9 қыркүйегінде 86-ға қараған шағында өмірден озды. Дереккөздер