Ыржар шайқасы — 1866 жылы 8 (20) мамырда Сырдарияның сол жағалауындағы Шыназ бен Хожант аралығында орналасқан Ыржар шатқалының түбінде болған Ресей әскерінің Бұхара әскерлерімен ірі шайқасы. Нәтижесінде, генерал Д. И. Романовский басқарған Ресей жасағы Бұхара әмірі Мұзаффардың әскерін жеңді.

Шайқас қарсаңындағы жағдай 1866 жылдың қаңтарында Бұхара әмірі ел ішіндегі қоғамдық қысымға амалсыз мойынсып, бұдан екі ай бұрын жіберілген Ресей елшілігін тұтқындап, жолын бөгейді. Елшілік құрамын сарай кеңесшісі Струве мен А. Татаринов бастап барған еді. Бұл — екі ел арасындағы онсыз да күрделі қатынастың одан әрі шиеленісуіне түрткі болған кезекті оқиға болатын. Бұған жауап ретінде Түркістан генерал-губернаторы М. Г. Черняев Жызақ қаласын қоршауға алады. Алайда, қоршау діттеген нәтижеге жеткізбеді. Қамалға шабуыл бастауға да мүмкіндік болмай, Черняев 11 ақпанда кейін шегінуге мәжбүр болды. Оның әскер шегінерден үш күн бұрын, 8 ақпанда, әскери министр Д. Милютин Черняевті қолбасшылық қызметтен алып, оның орнына генерал-майор Д. И. Романовскийді тағайындаған еді.

Бұл тұста Бұхара әмірлігі мен Ресей арасындағы қарым-қатынас әбден ширығып, тек дипломатиялық текетіреспен ғана шектелмей, қарулы қақтығыс шегіне таяған-ды. Тұтқындалған елшіліктің мәселесіне енді Ташкент төңірегіндегі жағдай қосылды. 1866 жылдың ақпан айының соңынан сәуірге дейін бұл өңірде Бұхара жасақтарының шабуылдары мен жорықтары үздіксіз жалғасты. Саяси ахуал осылайша біртіндеп соғыс қимылдарына қарай бет алды. Романовскийдің қолына тиген нұсқаулар мен жаңа қызметке тағайындалуы оған Бұхараға қарсы әскери күш қолдануға ресми мүмкіндік берді. Ол бұл мүмкіндікті ұзақ күттірмей пайдаланды. Жаңа қолбасшы шабуылға тыңғылықты дайындыққа кірісіп, Ыржар ойпатында шоғырланған Бұхара әскерін ол жерден ығыстырып шығаруды көздеген жаңа жорықтың жоспарын жасай бастады. Оқиғалардың барысына көз салсақ, дипломатиялық дағдарыс пен шекаралық қақтығыстардың біртіндеп кең ауқымды әскери текетіреске ұласуы кездейсоқ құбылыс емес еді. Орталық Азиядағы билік пен ықпал үшін күрес өзінің жаңа кезеңіне аяқ басып келе жатқан болатын.

Шайқас барысы Генерал Д. И. Романовский басқарған орыс әскери жасағы 7 (19) мамырда Шыназдан далаға қарай аттанды. Оның құрамында жаяу әскердің 14 ротасы, 5 жүздік казак жасағы, 20 зеңбірек және 8 зымыран қондырғысы болды. Жасақ Ыржар алқабына қарай бет алды. «Перовский» пароходы жасаққа 10 күнге жететін азық-түлік қорын тасымалдады. Сонымен қатар, Сырдарияның оң жағалауымен Келеушік бекінісінен Краевскийдің шағын көмекші жасағы да қатар қозғалды.

Алғашқы 30 шақырымдық жолды жүріп өтіп, Мұрзарабат құдықтарына жеткен кезде, Ыржарға дейін әлі шамамен 20 шақырым қалған еді. Таң сәріде казактар қарсы алдынан көрінген Бұхара атты әскерінің алғашқы топтарын ығыстырып тастады. Осы кезден бастап артиллерия да іске қосылып, зеңбірек үні шайқас аяқталғанға дейін тынбады.

thumb|right|230px|Ыржар түбінде тастап кеткен әмір ордасы (генерал Романовскийдің акварель туындысынан) Орыс әскерінің алдыңғы шебінде капитан А. К. Абрамов 6 ротамен және 8 зеңбірекпен келе жатты. Оң қанатта подполковник Пистолькорс казак жасағын, зымыран қондырғылары мен 6 зеңбіректі бастап қозғалды. Әскердің соңында майор Пищемуки басқарған 3 рота мен 4 зеңбіректен құралған қордағы жасақ және оны қорғаған арбалы керуен келе жатты.

8 (20) мамырда Бұхара әскері орыс жасағына шабуылға шықты. Бұхаралықтар мен қырғыздардың қалың атты әскері жасақты жан-жақтан қоршауға алып, әсіресе подполковник Фовицкий басқарған арбалы керуенге тегеурінді қысым жасады.

Бұхара әскерінің шебіне бір жарым шақырымдай қалғанда, орыс жасағы ор қазылған бекіністерден жауған жойқын зеңбірек оғына тап болды. Соған қарамастан, орыс әскери саптары шабуылын толастатпаған Бұхара атты әскерінің қалың шоғырын жарып өтіп, алға жылжи алды. Шамамен бір сағаттан кейін Бұхара әскерінің қысымы бәсеңдей бастады. Осы сәтті ұтымды пайдаланған орыс әскерлері қарсы шабуылға шықты. Абрамовтың бөлімдері қорғаныс бөгеттеріне қарай бет алып, оларды жарты сағаттың ішінде басып алды. Пистолькорс та ұрыста белсенділік танытып, жаудың бір бекініс шебін екіншісінен іле-шала басып отырды. Шайқас нәтижесінде Бұхара әскері ойсырай жеңіліп, қарсы шабуылға шығуға жасаған бірнеше әрекеті де нәтижесіз аяқталды. Ақырында, олар өз иеліктеріне қарай шегініп, қашуға мәжбүр болды. Шегіну кезінде Бұхара әскері едәуір шығынға ұшырады. Сырдарияның оң жағалауына өтуге әрекеттенген бұхаралықтарды Келеушіктен шыққан жасақ қарсы алып, соққы берді.

Мұзаффар әміршінің өзі де әскердің берекесін кетіріп, қашқындыққа жол аштыГлущенко, Е. А. Россия в Средней Азии. Завоевания и преобразования.  — М.: ЗАО Издательство Центрполиграф, 2010. — 575 с. — (Россия забытая и неизвестная. Золотая коллекция). ISBN 978-5-227-02167-0, С. 145: ол Самарқанға қарай қашып кетті. Бұхара әскерінің орасан зор қосыны ондағы барлық дүние-мүлкімен бірге орыстардың қолына түсті. Келесі күні орыс әскері тағы бір қосынды — әмірдің ордасын басып алды. Мұнда олар кілемдерге, дивандарға, ханның ас үйіне және Самарқан бегінің майдан шебінен жолдаған: «Орыстар әлдеқашан қоршауға алынды, көп ұзамай түгелдей тұтқын болады» деген хабарламасына ие болдыАбаза, К. К. Завоевание Туркестана. — М.: Кучково поле, 2008. — 256 с. ISBN 978-5-901679-99-9, С. 103.

Бұхаралықтардың шатырларын орыс солдаттары көйлек тігуге пайдаланды. Кейінгі бүкіл жорық барысында олардың үстінен жартысы көк, жартысы қызыл немесе жасыл матадан тігілген, бетіне өрнекті айдаһарлар мен құстар бейнеленген алуан түсті көйлектерді көруге болатын еді.

Шайқастың қорытындылары мен салдары Саны жағынан басым болғанына қарамастан, Бұхара әскері толық жеңіліске ұшырады. Шайқаста шамамен мың адамынан айырылды. Ал Ресей тарапының шығыны небәрі 12 жаралы адам болды. Бұдан бөлек, орыс әскерінің қолына соғыс олжасы ретінде 10 зеңбірек, сондай-ақ оқ-дәрі, патрон мен снарядтардың мол қоры түсті.

Ыржардағы жеңіс Ресей әскеріне Ферғана аңғарына баратын жолды ашты. Бұл бағытты Хожант, Нау бекінісі мен Жызақ сияқты маңызды бекіністер қорғап тұрған еді. Романовский Самарқанға қашқан Мұзаффарды қуған жоқ. Көп ұзамай аталған бекіністердің барлығы да Ыржардағы жеңістің жалғасы ретінде Ресей әскерінің қолына өтті«Исторический вестник». Статья «Русское знамя в Средней Азии». 1899 год.

Әмір Мұзаффар Бұхараға келгенде, оны жеңіліске кінәлаған, өзіне өшпенділікпен қараған қалың тобыр қарсы алды. Ұламалар соғысты жалғастыруды талап етті. Алайда Мұзаффар тартыншақтап, мұндай шешімге баруға батылы жетпеді. Ақыры жалпы кеңесте ұламалар әмірге ашық қарсы шығып, оны «ұлы Темірланның» тағында отыруға лайықсыз деп жариялады. Астанадан кеткен әмір халық арасынан өзіне тірек іздедіАбаза, К. К. Завоевание Туркестана. — М.: Кучково поле, 2008. — 256 с. ISBN 978-5-901679-99-9, С. 116.. Алайда бұл үміті де ақталмады. Ресей империясына қарсы күресте қолдау көрсетеді деп үміт артқан Хиуа, Қоқан хандықтары мен Ауғанстан да соңғы сәтте Ресеймен ашық қарсыласудан бас тартты. Осылайша, Мұзаффар сыртқы одақтастардан да, ішкі халықтық қолдаудан да айырылды. Осындай саяси тығырықта қалған әмір, ақыры, Ресей империясына қарсы ғазауат жариялауға мәжбүр болды.

Тағы қараңыз Сарыбұлақ түбіндегі ұрыс

Әдебиет Михайлов А. А. Битва с пустыней

Дереккөздер

Санат:Бұхара-Ресей соғысы Санат:Өзбекстандағы ұрыстар Санат:Орталық Азиядағы ұрыстар Санат:Ресей империясының Орта Азиялық иеліктері