right|thumb| alt=A.|200 px|Әбу Абдаллаһ әл-Хорезми Қазақстан ғылымы - Қазақстан ғалымдарының дамытатын ғылыми бағыттары.

Тарихы Қазақстанда ғылыми ой-пікірдің тууы ежелгі замандардан бастау алады. Археологиялық зерттеулер мен жазба деректер бізге Жетісуда, Орталық және Шығыс Қазақстанда 6 – 8, 9 – 11 ғасырларда-ақ болған ежелгі қалалар мен қоныстар мәдениеті туралы деректер береді. Бұл мәдениеттің иелері өз көркемөнерін, қолөнерін және жазуын жасаған жергілікті түркі тайпалары: оғыздар, қарлұқтар, қимақтар, қыпшақтар еді. Орта Азия мен Қазақстанның 8 – 11 ғасырларда араб халифатына кіруіне байланысты өлкеде ислам діні таралып, мәдени өмірде араб мәдениетінің ықпалы күшейе түсті. Батыс Еуропадағы латын тілі сияқты араб тілі халифат аумағында халықаралық әмбебап тілге айналды. Алайда жергілікті мәдениет пен тіл сақталып қалды. Араб мәдениетін жасауға және дамытуға халифаттың бір кездегі арабтар жаулап алған елдерінен шыққан көптеген талантты ғалымдары барынша белсене қатысты. Орта ғасырлардағы қалалар өздерінің базарларымен және қолөнершілерімен ғана емес, сонымен бірге ақындарымен, ғалымдарымен, суретшілерімен, бай кітапханаларымен, оқу орындарымен де дүние жүзіне мәлім болды. Қалалардың арасында Үндістан мен Қытайдан Еуропаға қатынайтын “Жібек жолы” деп аталатын сауда керуен жолының географиялық және экономикалық жағынан аса маңызды торабында, Орта Азия мен Қазақстанның отырықшылық-егіншілік аудандарының түйіскен жерінде орналасқан Отырар (Фараб) қаласы ерекше көзге түсті. Отырар кітапханасы қолжазба кітап қорының байлығы жағынан Египеттегі Александрия кітапханасынан кейінгі аса ірі кітап қоймасы болды. Отырарда ұлы ғалым Әбу Наср әл-Фараби дүниеге келді. Ол аса зор ғылыми мұра – жүзден астам ірі еңбектер қалдырды. Орта Азия мен Қазақстан қалаларынан Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Абдаллаһ әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Жафар ат-Туси, Рудаки (860 – 941) және басқа көптеген ғалымдар шықты. Хорезмимен бірге әйгілі астрономиялық кестелерді жасауға қатысқан астроном әрі математик – Ғаббас әл-Жәуһари (9 ғасырдың 1 жартысы), сондай-ақ, оның замандастары – Ысқақ әл-Фараби және 40 мың сөзден тұратын араб тілінің түсіндірме сөздігін жасаушы Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби танымал болды. Ертіс жағалауында қимақтар арасынан географ әрі тарихшы Жанах ибн Хақан Қимақи шықты. 10 – 11 ғасырларда қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген Қарахан әулеті мемлекетінде тамаша ақын әрі ойшыл Жүсіп Баласағұни өз шығармаларын жазды, оның 1069 жылы жазылған “Құтадғу білік” кітабы дүние жүзінің көптеген елдеріне тарады және оны ғалымдар бүгінге дейін зейін қоя зерттеуде. Ортағасырлық өркениеттің дамуында Ежелгі Грекия мәдениетінің елеулі ықпалы болғаны сөзсіз. Шығыстың озық ойшылдарының ғылым мен мәдениетке қосқан баға жетпес үлесін сол кездің өзінде-ақ Еуропа ғалымдары да мойындаған болатын, мұны 10 – 12 ғасырларда Шығыс ғалымдары мен ақындары кітаптарының Францияда, Италияда, Испанияда және Еуропаның басқа да елдерінде аударылып кеңінен таралғандығы да дәлелдейді. Олар: Ибн Синаның (Авиценна) “Медицина каноны”, әл-Хорезмидің “Алгебрасы мен теңдеуі”, Ибн Рушдтің (1126 – 98), т.б. еңбектері. Орта Азия мен Қазақстандағы ғылым мен мәдениеттің 9 – 11 ғасырлардағы дамуы туралы айта келіп, орыс шығыстанушысы Н.И. Конрад ғылыми тәжірибеге “Шығыстың дәуірлеуі” деген терминді енгізді. Қазіргі Қазақстан аумағында ғылым мен мәдениет қарама-қайшы және шектеулі түрде дамыды. Бұл өлкенің Жоңғар және басқа сұрапыл шапқыншылықтарға ұшырауы оның жағдайын мүлде қиындата түсті. 16 ғасырдағы ғалым Мұхаммед Хайдар Дулаттың “Тарих-и Рашиди” деген еңбегі нағыз шыншыл да айқын шығарма болды, оның мәні күні бүгінге дейін жойылған жоқ. 17 ғасырдағы автор – Қыдырғали Жалайыридің “Жамиғ ат-Тауарих” деген шежірелер жинағы да назар аударарлық бірегей еңбек, бұл жинақ 13 – 15 ғасырлардағы қазақ халқының тарихы мен этнографиясының аса қызғылықты деректемесі болып табылады және ол қазіргі қазақ тіліне өте жақын тілде жазылған. 17 ғасырдың соңы – 18 ғасырдың басынан бастап Ресейдің және Батыс Еуропаның бірқатар елдерінің ғалымдары Қазақстан аумағы мен халқын, оның тарихын, мәдениетін, тұрмысы мен салтын зерттей бастады. Осы өлкені алғашқы зерттеушілердің бірі орыс картографы С.У. Ремезов болды, ол “Сібір халықтары және олардың шекаралары туралы сипаттама” деген еңбек жазып қалдырды. 18 ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанда И.Д. Бухгольцтың , С.Лихаревтың, И.Унковскийдің және басқа ғалымдардың экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар Ертіс өзенінің алабын Зайсан көліне дейін, Тарбағатай тауының және Жетісу Алатауының сілемдерін зерттеді. А.Бекович-Черкасскийдің ғылыми экспедициясы Арал теңізін және Каспий теңізінің аумағын картаға түсірді, сондай-ақ қазақ халқы туралы кейбір этнографиялық мәліметтер жинады. Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін (1731) оны ғылыми тұрғыда зерттеу ісі неғұрлым кең түрде және жедел қарқынмен қолға алынды. 1725 жылы құрылған Ресей ҒА Қазақстан өлкесін географиялық, геологиялық және этнографмялық тұрғыда зерттеу үшін 1733 жылдың өзінде-ақ экспедиция ұйымдастырды. 1733 жылдан 1771 жылға дейін Батыс Қазақстанға академияның көптеген экспедициясы келіп қайтты, бұл экспедицияларды С.П. Крашенинников (1711 – 1755), И.Г. Гмелин (1709 – 1755), И.И. Лепехин, П.С. Паллас, И.П. Фальк, П.И. Рычков, т.б. басқарды. Орынбор тұрақты экспедициясы құрылды, оған И.К. Кирилов, П.И. Рычков, В.Н. Татищев (1686 – 1750) сияқты белгілі орыс ғалымдары жетекшілік жасады. “Ерте заманнан бергі Ресей тарихы”, т.б. еңбектерінде В.Н. Татищев қазақтардың тарихына зор көңіл бөлді, олардың этнографиялық тегі, тұрмысы, мәдениеті мен әдет-ғұрпы жөніндегі мәселелерді тұңғыш рет ғылыми әдебиетте баяндауға талпынды. Рычков, Паллас, И.И. Георги, Фальк, И.Г. Андреев, Г.И. Спасский, Н.Я. Бичурин, С.Б. Броневский, В.И. Даль (1801 – 1872), А.И. Левшин өздерінің еңбектерінде қазақтардың тарихын, материалдық және рухани өмірін егжей-тегжейлі баяндады. Өлке тарихына декабристер, сондай-ақ орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин де зор көңіл бөлді. Қазақтардың тарихы жөнінде “Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы” деген (1832) үш бөлімнен тұратын тұңғыш іргелі еңбек жазған А.И. Левшинді Ш.Ш. Уәлиханов қазақ халқының Геродоты деп атады, ал оның монографиясын ғылым үшін қымбат қазына деп бағалады.thumb| alt=A.|250 px|Шоқан Уалиханов Достоевскиймен бірге

thumb|alt=A.|250 px|Санкт-Петербургтағы Н.М. Пржевальский мүсіні

Белгілі орыс ғалымдары П.П. Семенов-Тянь-Шаньский, Н.М. Пржевальский, Г.Н. Потанин өлкені зерттеуге ғана емес, сонымен бірге Қазақстанда 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың басында демократиялы ғылыми ойдың қалыптасуына да зор үлес қосты. Осы ғалымдар, сондай-ақ В.В. Григорьев, Н.Ф. Костылецкий, Е.П. Михаэлис, П.Е. Маковецкий, А.А. Блек қазақтың ағартушы-демократтары – Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Абай Құнанбаевтардың рухани өсіп-толысуына тікелей ықпал етті. Ресей Федерациясының шалғайдағы отары – Қазақстан 20 ғасырдың басында бірте-бірте капиталистік қатынастар аясына тартыла бастады. Алайда патриархаттық-феодалдық қатынастардың үстемдігі, патша өкіметінің езілген халықтарды әдейі мешеулік пен қараңғылықта ұстаған отаршылдық саясаты, шын мәнінде, қазақтарды әлеуметтік және ұлттық прогреске жеткізетін жолды жауып тастады. 20 ғасырдың басында қазақ балаларының басым көпшілігі әрі дегенде тек ауыл медресесінде ғана оқи алды, мұндағы оқу балаларға діни аяттарды жаттатумен ғана шектелді. Қазақ жерінде 1916 жылдары қарсаңында небары бірнеше орыс және орыс-қазақ мектебі ғана болды. Оларда 19370 қазақ баласы оқыды. Ресей Ғылым Академиясының, басқа ведомстволардың ғалымдары Батыс Қазақстанға ара-тұра келіп қайтқанына қарамастан Қазақстан тұтас алғанда 1917 жылы Қазан төңкерісіне дейін ғылыми тұрғыдан терең зерттелмей жатты, ал оның қойнауы табиғи шикізат қорларына бай болатын. 1920 жылы академик И.М. Губкиннің басшылығымен әрі тікелей қатысуымен Жайық-Ембі мұнайлы ауданын зерттеу ісі ұйымдастырылды. 1920 жыды сондай-ақ, Қарағанды көмір алабын, Екібастұз көмір алабын зерттеу, этнографиялық және археологиялық экспедициялардың барлау жұмыстары басталды. Түбірінен қайта жабдықтау көзделген негізгі 8 экономикалық ауданның қатарында Түркістан да болды. 1919 жылы Қырғыз (Қазақ) ревкомы штабының жанынан тарихи-статистикалық бөлім құрылып, ол 1920 жылы ғылыми комиссия (кейін ҚазАКСР Халық ағарту комиссариатының Академиялық орталығы болып қайта құрылды) ретінде Қырғыз (Қазақ) ревкомының ағарту бөлімі құрамына енді. 1920 жылы Ресей ғылым академиясының Табиғи өндіргіш күштерді зерттеу жөніндегі тұрақты комиссиясы жанынан Қазақстанның жер қойнауын, өсімдіктері мен жануарларын, жалпы табиғатын, сондай-ақ, мәдениетін, тұрмысын, тілін, этникалық процестерді кешенді түрде зерттеу үшін бірқатар тұрақты және маусымдық экспедициялық отрядтар құрды.

Қазақстан ғылым академиясының құрылуы Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік ғылыми мекемелер, негізінен, ауыл шаруашылығымен байланысты болды. Олар: Өлкелік өсімдік қорғау станциясы (1924), Тыңайтқыш және агрономдық-топырақтану ғылыми-зерттеу институты (1926), 1925 жылы Санитариялық-бактериалдық институт ашылды. Алматы Бас геологиялық к-тінің және Түсті металдар институтының бөлімшелері жұмыс істей бастады. Одақтас және автономиялық республикалардың табиғи қорларын зерттеу жөнінде құрылған ерекше комитет 1920 жылдың басында-ақ Қазақстанды кешенді зерттеу жөнінде шаралар белгіледі. 1927 жылы республиканың табиғи ресурстарын кешенді түрде зерттеу жөнінде КСРО ғылым академиясының қазақстандық экспедициясы құрылып, оны акад. А.Е. Ферсман басқарды. 1932 жылдың КСРО ғылым академиясының қазақстандық экспедициясы отрядтарының негізінде дербес 8 экспедиция ұйымдастырылды. 1932 жылы қарсаңында республикада 10-нан астам ғылыми-зерттеу институты мен тәжірибе станциясы, жүздеген тірек пунктері, лабораториялар мен ауа райын зерттеу станциялары, бірсыпыра геологиялық барлау ұйымдары болды. ҚазАКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы жанындағы экономикалық зерттеу институты, ауыл шаруашылығын қайта құру, қой шаруашылығы, сойыстық мал шаруашылығы, топырақтану, құрылыс институттары сол кездегі ірі ғылыми мекемелердің қатарына жатады. Сол жылдары геологтар А.А. Гапеев пен Д.Н. Бурцев Қарағанды алабында жаңа көмір кен орындарын ашты. М.П. Русаков, Қ.И. Сәтбаев, Р.А. Борукаев Қоңыратта, Жезқазғанда және Бозшакөлде мыс кен орындарын барлады. Республика ғылымын дамытуда қол жеткен табыстардың нәтижесінде және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды жақсарту және оларды үйлестіру мақсатында Кеңес үкіметінің және КСРО ҒА төралқасының шешімі бойынша 1932 жылы 8 наурызда КСРО ғылым академиясының Қазақстандық базасы құрылды. Онда небары зоология және ботаника секторлары жұмыс істеді. 1935 жылы құрамында қазақ тілі мен әдебиеті, халық шығармашылығы секторлары бар Қазақ ұлттық мәдениеті ғылыми-зерттеу институты база қарамағына берілді, сол жылдары Алматыда Ботаника бағының негізі қаланды. Медицина ғылымы дамыды. 1933 жылы Мал шаруашылығы институты, 1935 жылы Егіншілік институты, Мал дәрігерлік және ауыл шаруашылығы экономикасы институттары құрылды. Ауыл шаруашылығы тәжірибе станцияларының тұтас жүйесі пайда болды. Мамандандырылған институттар – ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру, су шаруашылығы, орман шаруашылығы, өсімдік қорғау, жеміс-жүзім шаруашылығы, астық шаруашылығы институттары ұйымдастырылды. 1940 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлімшесі құрылып, оған республиканың ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу мекемелеріне басшылық ету және олардың жұмысын үйлестіру міндеті жүктелді. Совет 1938 жылы КСРО ғылым академиясының Қазақстандық базасы Қазақ бөлімшесі болып қайта құрылды. Бөлімше президиумын акад. А.Д. Архангельский басқарды. Бөлімше ұйымдастырылғаннан кейін ғылыми-зерттеу институттарының жүйесі жедел қарқынмен дами бастады. 1939 жылы бөлімше жанынан топырақтану және география секторлары құрылды. Қарағандыда Ботаника бағының негізі қаланды. 1941 жылы Тіл, әдебиет және тарих институтының лингвистика бөлімі ұйымдастырылды.