«Metal Hammer» — 1983 жылы негізі қаланған хэви-метал музыкалық журналы және веб-сайты. Оны Ұлыбританияда «Future» компаниясы шығарады, сондай-ақ әлемнің басқа да елдерінде түрлі компаниялардың басылымы ретінде басқа тілдерде жарық көреді. Журнал хэви-метал бағытындағы танымал және андеграунд топтар туралы жаңалықтар, шолулар мен көлемді мақалалар жариялайды, сонымен қатар рок, панк, гранж және өзге де альтернативті музыка жанрларын қамтиды.
Басылым тарихы Вильфрид Ф. Рименсбергер Metal Hammer журналының идеясын 1983 жылы ойлап тапты.Story in Metal Hammer Germany special edition 2009, celebrating the publication's 25th anniversary Ол әртүрлі тілдерде шығатын рок-журнал құру туралы ұсынысымен өзі бас редактор болып жұмыс істейтін германиялық MusikSzene журналының баспагері Юрген Виггингхаусқа жүгінді. Көп ұзамай Виггингхаустың қолдауымен журналының неміс тіліндегі басылымы жарық көрсе, ал Рименсбергер 1986 жылдың қараша айында Лондоннан ағылшын тіліндегі басты нұсқасын іске қосып, бұрын Melody Maker басылымында қызмет еткен Гарри Доэртиді бас редактор етіп тағайындады. Уақыт өте келе бұл журнал әлемнің 11 түрлі тілінде, атап айтқанда Израиль, Жапония, Сербия, Испания, Нидерланд, Италия, Польша, Венгрия және Франция елдерінде өз тілдерінде басылып шығатын деңгейге жетті. Тіпті Кеңес Одағындағы тұңғыш батыстық жастар басылымы атанды. КСРО-да 1989 жылдың күзінде журнал орыс тілінде «ОК Metal Hammer» деген атпен шыға бастады. Сонымен қатар, оның тікелей ұйымдастыруымен сол жылы кеңестік хард рок топтарының тұңғыш фестивалі — «КСРО рок монстрлары» (Череповец, 1989 жылғы 31 тамыз — 2 қыркүйек) өтті.[fishki.net/2200066-pervyj-sovetskij-illjustrirovannyj-rok-reliz.html/gallery-4189968/ «Череповец 89» — Журнал «ОК Metal Hammer», ноябрь, 1989]
Metal Hammer журналын 1994 жылы Dennis Publishing компаниясы сатып алып, кейін 2000 жылы оны Future компаниясына қайта сатты. 2013 жылы TeamRock жаңа стартап-баспасы бұл журналды Classic Rock және Prog бауырлас басылымдарымен бірге сатып алды. 2016 жылдың желтоқсанында TeamRock банкротқа ұшырағаннан кейін, Future бұл үш журналды қайтадан сатып алды.
2018 жылы Future компаниясы Teamrock.com веб-сайтын Louder деп өзгертті. Бұл — Metal Hammer, Classic Rock және Prog журналдарының ортақ сайттарын біріктіретін «басты бренд» моделінің жалғасы болды.
Ал Metal Hammer журналының неміс тіліндегі нұсқасы 1999 жылы жеке бөлініп, Axel Springer SE компаниясына сатылды.
Брендтің кеңеюі Metal Hammer Golden Gods Awards Metal Hammer Golden Gods Awards марапаты 2003 жылы сол кездегі бас редактор Крис Ингам тарапынан хэви-метал әлеміндегі ең ірі әрі жарқын есімдерді ұлықтау мақсатында тағайындалды. Тікелей көрермендердің алдында топтардың өнер көрсетуімен өтетін жыл сайынғы салтанатты рәсім 2003–2018 жылдар аралығында өткізіліп тұрды. Осы 15 жыл ішінде Оззи Осборн, Iron Maiden, Motörhead, Slipknot, Тони Айомми, Брайан Мэй, Дэйв Мастейн, Роб Зомби, Билл Бейли, Крис Джерико сияқты танымал тұлғалар мен ұжымдар бұл марапаттау рәсімінде өнер көрсетті немесе қатысты.
Подкасттар мен радиошоулар The Metal Hammer Podcast подкасты 2009 жылы іске қосылды. Оны бастапқыда Metal Hammer қызметкерлері Джеймс Гилл мен Терри Безер жүргізіп, метал әлемінің апталық жаңалықтары мен оқиғаларына шолу жасады және танымал әртістердің жаңа альбомдарын талқылады. Кейіннен бұл подкастты Мерлин Алдерслейд, Стивен Хилл және Амит Шарма жүргізді. 2013 жылы Metal Hammer журналы TeamRock компаниясының жаңадан құрылған цифрлық радиостанциясында The Metal Hammer Radio Show бағдарламасын іске қосқан кезде, подкаст уақытша тоқтатылды. Бұл радиошоу 2018 жылға дейін эфирге шығып, кейін жабылды.
2016 жылы Metal Hammer Spotify компаниясымен серіктесе отырып, Алдерслейд, Люк Мортон және сол кездегі бас редактор Александр Милас жүргізген шектеулі ...In Residence сериясын іске қосты. Бұл шоудың аясында Iron Maiden мен Bring Me The Horizon сияқты ірі метал әртістерімен жасалған эксклюзивті сұхбаттарды қамтитын алты эпизод жарық көрді.
Бес жылдық үзілістен кейін The Metal Hammer Podcast 2018 жылы қайта оралды. Оны Алдерслейд, Мортон және Элеанор Гудман жүргізді. Подкаст тағы төрт жыл бойы эфирде болып, 2022 жылы қайтадан үзіліске шықты.
Басқа аймақтардағы журналдар Грекияда және Италияда тәуелсіз иелік ететін Metal Hammer басылымдары бар, ал журналдың португалиялық және жапондық (Ұлыбританиялық Metal Hammer / Future лицензиясымен) нұсқалары сәйкесінше 2019 және 2020 жылдары іске қосылды.
Германияда Metal Hammer әлі де Axel Springer SE тарапынан басылып шығады.
1999–2002 жылдар аралығында Израильде иврит тіліндегі лицензияланған басылым жарық көрді.
Дереккөздер
Санат:Ағылшын тілді журналдар Санат:1983 жылы негізі қаланған журналдар Санат:Ұлыбритания музыкалық журналдары