Аягөз тарихи-өлкетану музейі — Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің Аягөз ауданы Аягөз қаласындағы филиалы.
Тарихы Аягөз аудандық тарихи-өлкетану музейі алғаш рет 1978 жылы 17 сәуір айында, Аягөз қаласына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекеде ашылды (қазіргі қалалық әкімшілік ғимаратында). Аудандық музейдің жетекшісі болып Степан Балахненко тағайындалған. Осы кезеңде тұрғылықты халықтың музей ісіне деген ықыласы ерекше болады. Далалық геология, археология, этнографиялық экспонаттарды жан-жақтан әкеле бастайды. Музей жұмысына белсене ат салысқандар: Аягөз қалалық орталық атқару комитетінің төрағасы Ө. Ахмадиев, сол кезеңдегі аудан, мекеме, мектеп басшылары Р. Мұхамедиярова, С. Щебалин, К. Байзақова, Л. Дмуховская, Н. Қасымова, т.б. Содан бері музей ісі жалғасып келеді. Кейінгі жылдары аудандық білім бөлімінің құрамына алынып, сол бөлімнің ғимаратына көшірілген. Он жылға жуық тарих пәнінің мұғалімдері жетекшілік жасаған. Осы жерден аудандық мәдениет бөлімінің құрамына кірді.
Алғашында көрме залы ретінде ғана жұмыс жасаған музей, 2013 жылдың 1 желтоқсанында Семейдің тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде салтанатты түрде ашылды.
Семейдің тарихи-өлкетану музейінің директоры Б. Теміров, аудан әкімі болып қызмет атқарған Н. Нұрғалиев, Ұлы Отан Соғысының ардагерлері – Ақтамберді батырдың ұрпағы Асқап Жұмаділов, Нұралы батырдың ұрпақтары Біліс Оспанов, Тұрсын Жұманов; ардагер ұстаздар – Жамал Кәрімқызы, Таңсық Исабекова, Зәбирә Сүлейменова, ауданның Құрметті азаматтары Рамазан Нашанов, Қайыртай Қажығұлов, Серікхан Құрақбаев, аудан тұрғындары, жергілікті қол өнер шеберлері және тағы басқа азаматтар жылдар бойы музей қорын толықтыру жұмыстарына ат салысып келеді.
Музей ғимаратының құрылысы 2011 жылғы қыркүйекте басталып, 2013 жылғы желтоқсан айында пайдалануға берілді.
Музейдің экспозициясы «Ұлылар мекені – Аягөз», «Жеңіске құрмет», этнография, табиғат бөлімдерінен тұрады.
Дереккөздер
Санат:Аягөз ауданы