Сарытүтік (Cancrіnіella), канкриниелла — күрделігүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік. Қазақстанда Бетпақдалада, Шу-Іле Алатауының тастақты, тасты жерлерінде өсетін 1 түрі — Крашенинников Сарытүтікі (C. Krascenіnnіkovі) ғана кездеседі. Оның биікт. 3 — 10 см, тамыры жуан. Сабағы көп, тамырының түбінен шығады, сыртын тығыз түк жапқан. Саусақ салалы жапырақтары қауырсын тәрізді, ұзындығы 1,5, ені 0,5 см. Гүлі түтік тәрізді. Гүлсебеті дара гүлді, күлтесі сары түсті. Мамыр — маусым айларында гүлдеп, жеміс салады. Тұқымдарының сырты жалаңаш, қырлы, айдаршасы бар. Крашенинников Сарытүтікі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.Қазақ Энциклопедиясы, 7 том

Пайдаланылған cілтемелер