Тасымал – жүк, тауар, жолаушы тасымалдау.

Негізгі түрлері: әуе Тасымалы – жолаушыны, жүкті, поштаны әуе көлігімен тасымалдау; контейнерлік Тасымал – жүктерді құрлық, су, әуе көлігімен тиеп-түсіруге қолайлы көлік бейімдемелерінде – контейнерлерге тиеп тасымалдау; пакеттік (қалталап) Тасымал – жүктерді ыдысқа салып немесе ыдысқа салмай бір-біріне бекітіп, жеке орындарға қойып тасымалдау; аралас Тасымал – жолаушылар мен жүктерді бірнеше көлік түрлерінің көмегімен тасымалдау; арнаулы Тасымал – ерекше маңызды мемлеттік және қорғаныс мұқтаждарын қанағаттандыруға арналған арнаулы жүктерді тасымалдау; транзиттік Тасымал – шетелдік иелердің жүктерін екінші бір елдің, сондай-ақ үшінші бір елдің аумағы арқылы теңіз, өзен, автомобиль, әуе көлігі түрлерімен, сондай-ақ аралас қатынас көлігімен транзиттік тасымалдау; орталықтандырылған Тасымал жалпы пайдаланудағы автомобиль көлігі кәсіпорны бір жүк жөнелтушіден жүк алушылардың бәріне немесе барлық жүк жөнелтушілерден бір жүк алушыға жеткізетін тасымал; чартерлік Тасымал – чартер шартын орындау үшін жүзеге асырылатын тұрақсыз тасымалдау. Тау-кендік Тасымал – жер асты кен қазбалары арқылы дөңгелекті көлікпен тау-кен массасы мен әр түрлі жүктерді шахта оқпанына (шахта оқпанынан), тікелей жер үстіне, тіпті жер үстіндегі кен өндірісінің аясындағы кен байыту орындарына немесе үйіндіге дейін жеткізу.Қазақ энциклопедиясы

Дереккөздер