Қызылкеніш сарайы, кейде Қызылкеніш, Қызыл-Кент, Қыз-Әулие — Қазақстан Республикасы, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында орналасқан археологиялық ескерткіш.

Сипаттамасы Сарай тастан қаланған 2 қабатты құрылыс болған. Ортадағы үлкен бөлменің ауданы 11,5x12 м. Едені ақ балшықпен тегістелген, ал шығыс бұрышы қызыл бояумен боялған. Орталығы бөлменің 3 қабырғасынан есік шығарылып, 3 шағын бөлме жапсарласқан. Төртінші қабырғадан оңтүстік-шығысқа қарай сыртқы есік шығады. Сарайдың ішкі қабырғалары ақ балшықпен сыланған. 3 шағын құрылыстың екеуінің пеші бар. Есік алдындағы шұңқыр табиғи бұлақ көзінің орны тәрізді.

Тарихы

Жергілікті халық Қыз Әулие деп атайды. Алғашқы жазба сипаттамасын 19 ғасырда Қарқаралы дуанын ашу барысында Омбы губерниясын басқарған генерал С.Б. Броневский жасаған. Кеңес дәуірінде И.А. Чеканинский, С.С. Черников, Ә.Марғұлан зерттеді. 1985 ж. “Казпроектреставрация” институты қазба жұмыстарын жүргізді. 1986 — 87 ж. Қарағанды мемлекеттік университі жанындағы “Эврика” студенттік-археологиялық экспедициялық (жетекiшісі Ж.Смаилов, А.Бейсенов) зерттеп, негізгі сарайдан, 3 қосымша құрылыстан және іргесіндегі қорымнан 10 шағын обаны аршыды. Қазба барысында табылған заттар тым аз: темір құлып, қолдан құйылған мылтық шүріппесі, екі қорғасын оқ, мыс жүзік пен дөңгелек теңге. Сарайды шамамен 17 ғасырдың орта кезінде қазақтармен бейбіт қарым-қатынаста болған ойрат шонжарларының өкілдері діни пұтхана орны ретінде салдырған. Кейіннен ол жергілікті қазақтардың киелі орнына айналған.

Әдебиет

Черников С.С. Памятники архитектуры ойрат-калмыков/материалы/ // Записки КНИИЯЛИ, вып. 1. Элиста, 1960, с. 133-134 Броневский С.Б. Записки генерал-майора Броневского о киргиз-кайсаках средней орды // Отечественные записки. - СПб., 1830. - №120. - С.247-248. Спасский Г.И. О древних развалинах в Сибири // Сибирский вестник. – Ч.3. – СПб, 1818. – С.39-94.

Санат:Қарағанды облысы Санат:Қарқаралы ауданы Санат:Қалмақ хандығы Санат:Буддизм