«Күлімсіреп аспан тұр...» - Абайдың 1892-93 жылдар аралығында М. Ю. Лермонтовтан жасаған аудармасы. Көлемі әрқайсысы 4 тармақтан тұратын 7 шумақ. Бұл Лермонтовтың «Выхожу один я на дорогу» деген өлеңінің аудармасы екені кейін анықталды. Абай орыс ақынының 5 шумақ өлеңін екінші шумағынан бастап еркін аударған. Өлеңнің жалпы мазмұнын сақтай отырып, оны өз жанын тебіренткен көңіл-күй түйсіктерімен толықтыра түскен. Дегенмен дәлме-дәл келетін жолдар да жоқ емес. Мысалы, Абай Лермонтовтың: «Уж не жду от жизни ничего я, И не жаль мне прошлого ничуть»... деген жолдарын барынша ықшамды етіп: «Өткен күнге өкінбен, Әлі үміт жоқ алдымда...» - деп дәл береді. Бірақ өлеңнің негізгі түйіні айтылатын соңғы жолдарда Абай тұжырымы басқаша. Лермонтов: «Чтоб всю ночь, весь день мой слух лелея, Про любовь мне вечно голос пел, Надо мной чтоб, вечно зеленея, Темный дуб склонялся и шумел» - деп жаңға жайлы тыныштық, мамыражай рахат тілесе, Абай орыс ақынының тұжырымымен шектеліп қалмай, оның ойын әрі жалғастырып тереңдете түскен. Абайдың: «Мансап іздер, мал құмар, Бәрі мақтан іздеген. Мақтанынан не туар Ыза қылып өзгеден» - деген жолдарында жеке көңіл-күйді күйттеуден гөрі анағұрлым салмақты әлеуметтік жүк жатыр. Абай Лермонтов өлеңін түр жағынан да өзінше өзгерткен. Лермонтов өлеңі 10-11 буынды болса, Абай оны 7-8 буынды шалыс ұйқаспен жазған. Аударма алғаш рет Абайдың 1940 жылғы толық жинағына енгізілді. Мүрсейіт қолжазбаларында да бар. Кейінгі басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгеріс кездеспейді. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9 Дереккөздер

Санат:Абай энциклопедиясы