Қазақстан халқы Ассамблеясы — 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9
Ел президенті Н.Ә. Назарбаев Ассамблеяны құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында айтқан болатын. Бұл туралы Қуаныш Сұлтанов «Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеяны Президент Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен ойластырды» деп, мұның тәуелсіздік алған кезден басталған идея екендігін айқындады.
1995 жылғы 16 ақпанда Н.Ә. Назарбаев елдегі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесіп, Қазақстанға ұлтаралық татулықты сақтау мақсатында жаңа қоғамдық институттың қажеттігі туралы сөз қозғады. Осыдан кейін әрбір облыста Кіші Ассамблеялар құрыла бастады. Сол жылдың 1 наурызында Президент жарлығымен жаңа құрылым — Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.Жамбыл Жұмабеков: Қоғамдағы бірлікті қалыптастыруда этномәдени бірлестіктердің рөлі ерекше
2026 жылы қабылданған жаңа конституцияда Қазақстан халқы ассамблеясы қарастырылмаған, оның атқарған қызметі жаңадан құрылған Қазақстан халық кеңесіне өтті.Қазақстанның Халық кеңесі құрылып, Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясы таратылады
Қызметі Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.
Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.
Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Осымен қатар, балалардан басқа үлкендер де 30 этнос тілдерін оқуға мүмкіндік алған 195 этно-білім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер ашылды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынға халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, масленица, сабантой дәстүрге айналды. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады. Сондықтан 2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы қабылданды. Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы – халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл – бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді - соны түсінудің тәсілі. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.
Ел Президенті еліміздегі тіл мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл ел бірлігін қалыптастырудың маңызды факторы болып танылған. Сондықтан да Ассамблея қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту маңызды орынға ие.
Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделінің өсуіне ықпал етуде. Бүгінде Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі әлем назарын аударып отыр.
Қазақстандық үлгі Біріккен ұлттар ұйымында, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерде, Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте өткен халықаралық форумдарда таныстырылып оң бағаға ие болды, ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекет тіліне аударылды.
БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун елімізге сапары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен танысып Ассамблея принципі БҰҰ-ның жұмыс принципімен толық сәйкес келеді деп атап өтті.
Қазақстандық үлгі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ЕҚЫҰ-ның ұлттық азшылықтар ісі жөніндегі Жоғары комиссары арасындағы өзара іс қимылдың негізгі бағыттарының біріне айналды. Қазақстандағы қоғамдық келісім үлгісіне қызығушылық танытушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар саны күн санап артып келеді.
Ассамблея туралы Заң
2008 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойылды. Осы заң этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті. Этносаралық қатынастар субъектілерінің жұмысының елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси бағытпен үндес жаңа жүйесін қалыптастырды.
Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
Заңға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы ол – заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме.
Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады. Ассамблеяның негізгі міндеттері этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау; халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту; қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу; азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру; Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету; Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады.
Ассамблея құрылымы Қазақстан Республикасының Президенті Ассамблеяны құрады және қайта ұйымдастырады, Ассамблея қызметінің бағыттарын айқындайды, Ассамблея басшылығының лауазымды адамдарын қызметке тағайындайды.
2008-2022 жылдары Ассамблея туралы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы тиесілі болды. 2021 жылы Тұңғыш Президент — Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын басқаруды өз еркімен екінші Президентке тапсырды.
Ассамблеяның құрылымын Ассамблея Сессиясы, Ассамблея Кеңесі, Ассамблея Хатшылығы, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары құрайды.
Ассамблея Сессиясы – Ассамблея мүшелерінің жиналысы. Ассамблеяның жоғары басқарушы органы. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады. Кезекті Сессияны шақыру туралы өкім кезекті Сессияның еткізілетін күні, орны жене күн тәртібі көрсетіліп, ол басталғанға дейін отыз күннен кешіктірілмей қабылданады, бұл туралы ресми бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады. Кезектен тыс Сессия Ассамблея Төрағасының, Ассамблея Кеңесінің бастамасы бойынша немесе Ассамблея мүшелері жалпы санының кемінде үштен бірінің өтініші бойынша шақырылады жене оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі.
Ассамблея тарихында 18 сессия өткізіліп, онда қоғам өмірінің маңызды мәселелері мен мемлекет дамуының негізгі бағыттар талқыланды. Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен құрылатын Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс органы оның Хатшылығы дербес құрылымдық бөлім ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрамына кіреді. Ассамблеяның және облыстар (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеяларының құрамы - этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерінің, мемлекеттік органдар өкілдерінің және олардың қоғамдағы беделі ескеріле отырып Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан қалыптастырылады. Қазіргі уақытта Ассамблеясының құрамында 390 мүше бар. Ассамблеяға мүшелікке кандидатуралар облыстардың этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктерінің ұсыныстары негізінде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары сессияларының шешімі бойынша, сондай ақ республикалық, өңірлік этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің жоғары органдарының шешімі бойынша ұсынылады. Ассамблея қызметін ғылыми сүйемелдеу үшін Ғылыми-сарапшылық кеңес құрылып, қызмет атқаруда. Ғылыми-сарапшылық кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар мен мамандар кіреді. Этносаралық мәселені жариялаудың ерекшелігі ескеріле отырып Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Журналистер мен сарапшылар клубы құрылған. Клуб жұмысының басты бағыты журналистер мен сарапшылар үшін этносаралық тақырыпты жариялаудың лайықты дәстүрін қалыптастыру, сондай-ақ Ассамблея мен БАҚ арасындағы байланысты тереңдету болып табылады. Барлық аймақтарда Достық үйлері өз жұмысын тиімді атқарып келеді, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана қаласында – Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Мұнда жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары, әлемдік дәстүрлі діндер съездері, өзге де маңызды іс-шаралар өтеді.
Ассамблеяның жұмыс органы Ассамблея Хатшылығы Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымында дербес құрылымдық бөлiм болып табылады. Хатшылықты бiр мезгiлде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын Хатшылық меңгерушiсi басқарады. Осы тетіктер Ассамблеяның мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастардағы нақты әрекет етуі мен тиімділігінің негізі.
Ассамблеяның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларының құрамы Қазақстан Республикасы азаматтарын - этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерін, мемлекеттік органдар өкілдерін және қоғамда өзіндік орны, абырой-беделі бар тұлғаларды қамтиды.
Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар.
Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі оның еліміздің жоғары заң шығару органында - Парламентте этностық топтар мүдделерінің кепілді өкілдік етуін қамтамасыз етуі болып табылады.
Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Бұдан басқа қазақстандық этностық қоғамдастық өкілдері Парламенттегі өкілдігі өкілді органдарға саяси партиялар арқылы сайлауға тікелей қатысу негізінде жүзеге асырылады.