Дүр Оңғар Дырқайұлы (1859, Қармақшы ауданы - 1902) - жырау, ақын. Кіші жүздің Шөмекей руы Бозғыл (Бозғұл) бұтағынан шыққанКете Шомекей шежіресі / Дайрабаев Т. – Алматы, Ана тілі, 1995. - 167 бет..

Шежіре: Дүр Оңгар-Дырқай-Аю- Ақүрпік (Ақөрік)-Сары-Бәкен-Қожас-Қаратамыр-Бозғүл (Бозғыл)-Шомекей

Сыр бойы, Қармақшы өңірі – жыраулық мектептің үлгісі Қармақшы жері қашаннан-ақ кейбір еңбек ерлері мен өнер тарландарын, елім деп еңіреп туған абзал азаматтарды дүниеге алып келген құтты мекен болып саналады. Қармақшы – Сыр термесі мен жыраулық өнердің туын тіккен қасиетті мекен. Балқы Базардан бастау алған Ешнияз, Кете Жүсіп, Тасберген, Дүр Оңғар, Тұрымбет, Молдахмет, Сәрсенбайлар жыраулық өнердің дүлдүлдері болған.

Ақын мұрасы – қайталанбас, сарқылмас мұра Оңғар Дырқайұлы – қазақ әдебиетінің қалыптасуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірден бір тұлға. Демек, Сыр сүлейлерінің шығармашылығындағы өскендік пен өркендегендіктің белгісін Оңғар жырау Дырқайұлының туындылары да дәлелдейді. Оңғар Дырқайұлы Сыр аймағына тән жыраулық дәстүрді алдыңғы толқыннан бойына дарыта білуімен қатар, кейінгі толқын – ізін басқан ұрпақтарға ұлағат, өшпес өнерін өнер ете білген. Соның бірі өзімен замандас, әрі үзеңгілес інісі Салқынбайдың Тұрымбеті: Дүниеден уа дариға, Оңғар да өтті, Шығатын небір қымбат сөздің түрі Қаумалап халық ортаға алған кезде, Иығын ұшар құстай қомдар еді.

«Мәдени мұра» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, аудан әкімі Биғали Каюповтың тікелей бастамасымен «Жүз жырау елі» атанған Қармақшы ауданында 2009 жыл «Дүр Оңғар жылы» деп жарияланып, мерейтой шымылдығы ақынның туған жері – Жаңажол ауылында ашылды. «Дүр Оңғар» қоғамдық қоры құрылып, ақынның шығармашылығы зерттелді. Бұрын баспа көрмеген шығармалары жинақталып, «Ерлерім, сөйле дегесін» атты кітабы жарық көрді. Кент орталығында Дүр Оңғарға салтанатты ескерткіш ашылды. Аудандық мәдениет үйінде «Оңғар Дырқайұлы және Сыр өңіріндегі ақындық – жыршылық үрдіс мәселелері» атты ғылыми танымдық конференция өткізілді.

«Оңғар жыраудың айтыстары»

Оңғар Дырқайұлының ескерткішінің ашылу салтанатында баба рухын қастерлеп, өнегелі өнерді ұлықтаған ұрпақтары өрелі істерін алға тартты.

Халқына даналықты, еліне даралықты жыр еткен – Дүр Оңғар.

Тұрмағамбет Ізтілеуов Сырдың саңлақ шайырлары он тоғыз ақынға арнаған «Әр елдің бар бұлбұлы» атты туындысында: Қаратамыр ол – Оңғар, Ақмарал, бүғы һәм арқар. Қоныстанған қысы-жаз, Асқар таудың үңгірі, деп, оны ешкімнің өресі жетпейтін асқар таудың басына шығарып, киелі ақын дегенді меңзейді.

Оңғар жырау Дырқайұлы (1859-1902) қазіргі Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының «Жаңажол» ауылында дүниеге келіп, осы өңірде өмір сүрген. Оны кейде «Қаратамыр Дүр Оңғар» дейді. Осындағы Қаратамыр – Кіші жүздегі Шөмекей руынан тарайтын бір аталық. Бұлайша есімі елге танылған адамды туған жерінің немесе шыққан тегінің атымен атау – шығыс халқына тән дәстүр.

Жырау жайында әр түрлі дерек бар. Соларды бір-бірімен салыстырып, оның өмірі мен тұрмыс жағдайындағы мәліметтерге сүйенсек, ол үш жасынан-ақ әкеден жетім қалып, таршылық көреді. Оңғар тоғыз жасар кезінен-ақ би-болыстар мен елдің атқамінерлері жиналған үйге қайта-қайта барғыштап, үлкендердің әңгімелеріне құлақ түріп, күнде сол маңды айналып кетпейді екен. Бірде алты қанат ақ боз ат үйдің кең дастарханын жағалай жайғасқан мықтылар өздерінің қалауы бойынша астырған тамақты әлсін-әлсін ортаға алып, сүйсіне тояттай жейді де, айналасындағы жәутеңдеген балаларға асатуды да ескермейді. Солардың қолына дәмеленіп, әбден тісінің суын жұтып тамсанып, шыдамы таусылған Оңғар: Азанда жедің сыр күріш, Түсте жедің сыр күріш. Жетерін білсең жей тұра, Осыларың дұп-дұрыс, - деп өлеңдете айтыпты да қаша жөнеліпті. Мұның оқыстан найзағайдай жалт еткізген өлеңіне таңданған ел ақсақалдары: «Бұл бір нәрсе шығатын бала ғой» деп шамалап, оған ақ тілек білдіріп, бата берген деседі.

Ел ішінде Оңғарға байланысты аңыз-әңгімелер көп-ақ. Соның бірі мынадай: Оңғарға түсінде жастай қайтыс болған апасы: «Қалқам, Оңғар саған өлеңді қаппен берейін бе, әлде хатпен берейін бе?» депті. Сонда інісі: «Апа, хатпен бергеніңді тілеймін» деп алақанын жайыпты. Жазған жырларының бәйгеге қосатын пырақтай ұшқыр, түпсіз шыңыраудай терең ойлы, інжу маржандай көркем, хатқа түсіргендей мінсіз болып келетіні содан екен деседі жұрт. Тағдырдың тауқыметін жастай арқалаған Дырқайдың Оңғары жарлылықтың боз шекпенін жамылып жүріп күнелтеді. Дана халқымыз: «Барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді» деп, қалай тауып айтқан десейші! Байлығымен есімі Сыр бойына жайылған Досқазы төре бірде Оңғар жыраудың сіңірі шыққан кедейлігін мін қылып әрі мұны жарылқамақ пейілмен: - Жүр, біздің ауылға! Сонда барып жырлайсың, ақысына семіз өгіз берем. Өзі ұсталмаған асау, құлағы жоқ шұнақ, мүйізі жоқ тоқал, - деп мардымси сөйлейді. Сол сәтте жырау оның бетіне тіктеле қарап: Құлағы, мүйізі жоқ неткен өгіз? Қалайша қайырусыз кеткен өгіз? Бер деуші еді ақсүйектер, ал демеуші еді, Айтқаның боп жүрмесін жалғыз өгіз. Сіздерден сұмдық болар алған деген, Өзіңіз күзде соны сойып жеңіз, - дейді мүдірместен. Отты сөз жалыны жүзін шарпығандай кеудесін керген төре теріс айналады. Бұл бір ғана мысал.

Оңғар жырау есімі Сыр өңіріне кең тараған. Ауыл аймақтың үлкенді-кішілі жырауларының жиын-тойда «Дүр Оңғар былай жыр толғапты» деп айтар толғаулары мен әңгімелері бір төбе. Ертеректе Шөмекей руының Жанғабыл – Сарғасқа аталығынан шыққан Қалдан би күзде қырдан Сырға құлаған шақта, «Көкшоқы» деген жерде біраз күн аялдап, сол маңның ел-жұртына үлкен той жасайды. Бұл айтулы думанға атағы кеңге жайылған алты жырауды таңдап шақырады. Қалдан би оларға «Сендер бір күн, бір түн тоқтаусыз жырлайсыңдар», - дейді. Осы өнер додасында Дырқайдың Оңғарының ақындық талантына сүйсінген би: «Кәне, сен менің болашағымды болжап, жырға қосшы» депті. Оңғар шарт жүгіне отырып, домбырасын күмбірлете үстемелей қағып-қағып жіберіп: Жалғыз болсаң – топқа басың кіре алмас. Жарлы адам – ел шаңына ере алмас. Жағдайсыздық және қолды жаздырмас, Кемдік – мұнар Ердің көркін шығармас, - деп табанда екпіндете төккіштеп, әрі қарай оның мінез-құлқын термелеп тізе бергенде Қалдан би ақынның семсер сөзінен қорғаштанып кезекті өзге жырауға беруге ишара білдіреді.

Дүр Оңғар - айтыс өнеріне де көбірек ден қойған ақын. Ол өз дәуіріндегі бірталай ірі ақындарымен айтысқан. Бірақ дер кезінде жинап, қағазға түсірілмегендіктен уақыт озған сайын ұмытылып, жұрт аузында айтыс өлеңдерінің аздаған шумақтары ғана сақталған. Бүгінгі ұрпағына толық күйінде жеткен ақынның бұл саладағы шығармаларының саны екі-үшеу-ақ. Соның бірі – Оңғар жыраудың Ырысты қызбен айтысы. Ырысты – Кіші жүздің Шөмекей руындағы Аспан, сонан тараған Төбет аталығынан. Жүрген жері той-думан жыраудың бұл сияқты бірқақпай жырлары өте көп болған. Қияс мінез, жат қылықты жандарды көргенде табан астында суырып салып өткір жырмен іреп тастап отырған.

Ақыл – мінез, парасаттылығы туралы өлеңдері. Дүр Оңғардың өлең-жырының, толғауларының, айтыстарының тәлім-тәрбиелік мәні зор. Асыл қасиеттерді жоғары қояды. Ол тайсалмай сөйлеп, маржандай асыл сөздерін төге біледі. Дүр Оңғар жырларында мораль мен адамгершілікті бір-бірінен бөліп қарамайды. «Адамшылықтың алды – махаббат, әділет, сезім». Бұл үшеуі бірлікте, олар жеке-жеке күйінде жарамсыз. «Әділет – ізгіліктің анасы», «Кімде әділет жоқ болса, оның ұяты да жоқ». Ал ұят жоқ жерде туыстық бауырмалдыққа, махаббатқа орын жоқ. Себебі ұят жоқтық сенімді жоғалтады. Абай: «Адам баласының көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» - дейді. Дүр Оңғардың «Кеңеске, кемеңгерлер, салсаң құлақ» өлеңінде: Кеңеске, кемеңгерлер, салсаң құлақ, Көрінсе сезім сұлу кеуілге ұнап. Ұяның ұрлығы – асыл, сұңқарындай Кездестік, бүгінгі күн басты құрап. Көрмесек шыдай алмай бір-біреуді Көргенше сағынатын сырттан сұрап. Мінгелі ат үстіне аға едіңдер, Дос түгіл, тақпаған мін дұшпан сынап. Тілектес сырттарыңнан мен қызметкер. Тұзымды ақтамайды деме, бірақ. Қадырдан халық жақсысы, дәнішпандар Әлсізге ақыл-жәрдемі ауысқандар. Бөріге бойын билеп көріне алмай, Шулайды, ала қарға – сауысқандар. Шанамен зейіл қойып, сөйле десең, Жырауың тілін безеп дауыс қамдар. Тұлпардың дүбіріндей жүзден озған Келеді құлағыма алыс хабар. Сөз сөйлеушінің ойын, сезімін білдіріп қана қоймайды, оның мінездемесі болып та табылады. Кісінің тәрбиелік деңгейі көбіне сөзінің сипатынан байқалады. Жырау «Өзім туралы» деген өлеңінде. Жақсы жырау емеспін, Сөзін пұлдап, ақы алған. Жалған да жырау емеспін Таусылып сөзі тақалған Сарапта сөзім сыналса Кем емес ат пен шапаннан. дейді немесе «Ерлерім сөйле дегесін» өлеңінде: Сөз пұлдаған емеспін, Әркімнен сұрап – емініп. Қызыл тілім – сөз толға, Назарың салып оң – солға, Сөйле деп саған кім айтар Қалған соң жерге көміліп?! Бұл өлеңдері адамгершілікке негізделген.Шынында да, адамның адам болып тұлғаланып, кемелденуінде сөздің атқарған рөлі баға жеткісіз «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше», - дегендей, адамдар бір-бірімен сөз арқылы ұғысып, танысып, жақындасып, өзгені де сөзі арқылы танып, өзін де сөз арқылы танытады. Жыраудың «Ерлер қояр құлақты» деген өлеңінде Құдіретімен қайнатып, Шығарар таудан бұлақты Орында сөзге ықыласпен Ерлер қояр құлақты...

Жан сауыңда ойнап-күл, Мәнісін сөздің ойлап біл, Сөндірмей тұрып шырақты. Аумаса жолдан ардақтап, Қадірлеп халқы сыйлайды, Жақсыдан қалған жүрәтті. Қалай да сөздің адамға жағымды немесе жағымсыз әсері орасан зор екені даусыз. Халқымыздың: «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады», - деген тамаша мақалы да жылы да жағымды сөйлеудің қаншалық керемет күшке ие екендігін аңғартады. «Әкімдерге сөз айттым» өлеңінде: Әкімдерге сөз айттым, Дәрежесін көтеріп Атадан алтау тусаң да, Бір басыңа жекелік. немесе «Қалданды мақтауы» өлеңінде: Озбаған басыңа бақ нышанаңыз, Атаға асыл дегдар осы араңыз. Ілгері Жиреншенің кеңесіндей, Жайылды жұртқа дарын нысанаңыз. Қай уақытта қарсы келген дұшпаныңды, Табанда тырп еткізбей тұсадығыз. Байтаққа белгілі болды атың, аға, Жайылды досқа дарпың, қасыңа да. Салтанат, дәулет, перзент, даражаң сай, Мыңға тең бір өзіңнің басың, аға. Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында, кемел ғұмыр кешуінде орнымен, дәйекті сөйлей білуі, тауып айтатын тапқырлығы үлкен рөл атқарады. Өйткені ақылы кемел, кісілігі зор адам ғана солай сөйлей алады. Мүны біз жырау туралы айтылған «Дүр Оңғар айтыпты» деген сөздерден аңғаруға болады. Орынды, әділ сөзге тоқтау - әдептіліктің бір түрі. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен дана да шешен халқымыздың ата салтында жүйелі уәжге тоқтамаудан өткен пәтуасыздық жоқ. Ондайлар туралы халық: «Аталы сөзге ақымақ тоқтамайды», - деп, кейіс білдірген. Сыр елінде Ерназар – Қаратамыр аталығынан шыққан Пышанның Төребайы деген би болған. «Көктабанның» сабатын жайлап отырған кезі екен. Төребай арнайы үш ақын-жырауды: Оңғар, Жиенбай, Түрымбет Салқымбайұлын шақырады. Ағайынды екі ел болыстық пен ауылнайлыққа таласып, бірін-бірі көрместей болған. Арада барымта жүріп дау-дамай көбейіп кетеді. Жыраулар бидің айтқандарын үнсіз тыңдап, екі жақты бірлікке, елдікке шақыру қажеттігін сезінеді. Бір жағынан, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты бидің өздерін сынап отырғанын түсінген жыраулар бұл жанжалды басуға күштерін салады. Аузымен құс тістеген айтыскер ақындарымыз әріптестері сөзден сүріндірген жерде дереу тоқтап, жеңілгендерін ашық мойындап отырған. Бұл сөз қадірін танып, мойындау да ірілікті, кісілікті білдіреді.

Дәуір, салт-дәстүр тынысын білдіретін толғаулары. Халық айтысты үлкен өнер деп бағалап, оны өнер жарысы, таразысы деп қараған Оңғардың Ырысты қызбен айтысында айтыс Оңғар жыраудың байыпты, салмақты сөзімен аяқталады. Ырысты қыз қаншама ақынды сөзбен сүріндіргенмен осы айтыста жауаптан кідіреді.Мұның өзі Оңғардың өз заманында қандай айтыскер ақын екендігін көрсетеді. Ерлерім сөйле, дегесін Ерлерім «сөйле» дегесін, Есендікпенен көрініп, Бас тартайын мен неге Қызметіңнен жерініп. Сатулы сөзім, сірә, жоқ Сақтанып айтаркеріліп, Барымды базар етейін, Қалмасын жұртым жерініп. Қажымас қара мен жорғаң