Қарабай Көзеев (1894, Орал облысы, Ілбішін уезі, Соналы болысы, Шөптікөл — Үшағаш а. (қаз.Қаратөбе ауданы) - 20.7.1938, сонда) - Жайық өңіріндегі Алаш қозғалысына және ауылды кеңестендіру ісіне қатысқан қайраткер. Тегі - Байұлына жататын қызылғүрт руы. Көзеев ауыл молдасынан хат танып, болыстық орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін 1906-16 ж. аралығында Соналы болысының 3-ауылында Тұраш байға жалданып еңбек епі. 1916 ж. қазақтан тыл жұмысына адам алынған кезде Батыс майданында, Минск губерниясында қара жұмыста болды. 1917 ж. көктемде елге оралып, ауылда жұмыс істеді. 1918 ж. Ойыл уәлаятының Халық милициясына (әскеріне) жазылды. 1920 ж. Қаратөбе учаскелік ревкомының учаскелік милициясында қызмет етті. 1921-23 ж. ЧОН отрядының құрамында қызмет атқарды. 1924 ж. РК(б)П мүшелігіне кандидат, 1925 ж. мүше. 1924 ж. Сабынкөл болыстық атқару комитетінің төрағасы. ІІХК өкілі Щитовтың жаңа түзімге бағынбай жүрген Құныскерей Қожахметұлын ұстамақшы болған операциясына қатысты. Алайда іштей Құныскерейді жақтаған ол Щитовты райынан қайтарды. 1926-28 ж. Ащысай болыстық атқару комитетінің төрағасы. Жымпиты және Ілбішін уездерін ықшамдау мақсатында 1928 ж. жаңадан Шалқар ауданы құрылғанда Көзеев аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Есенаңқаты ө-нің Шалқар к-не құяр сағалығынан жаңа аудан орталығы салынатын жерді таңдап, өз қолымен қадасын қақты. 1930 ж. Жаңақала ауданы кеңесі атқару к-тінің, 1931 ж. Семей облысындағы Абыралы ауданы Кеңесі атқару к-тінің төрағасы. 1932-34 ж. Гурьев облысына қарасты Жылой аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1934 ж. Тайпақ ауданындағы «Есенсай» совхозының, 1935-1938 ж. Қаратөбе ауданындағы «Қаратөбе» ет кеңшарының жұмысшылар комитетінің төрағасы. Көзеев 30-жылдардағы асыра сілтеу тұсында, 1937 ж. қуғын-сүргін кезінде бірнеше адамды жөнсіз жазадан арашалап қалды. 1937 ж. зейнет демалысына шығып, туған жері Үшағашқа көшіп барды. 1938 ж. 20 шілдеде ауырып қайтыс болды. Қаратөбе ауданындағы Шөптікөл өндірістік кооперативінің 1-бөлімшесі маңындағы қорымға жерленді. Соңында Жайылхан, Нұртай есімді екі ұл қалды. Жайылхан Алматы қ-нда қайтыс болды, Нүртай Қарабаев Қаратөбе аулында тұрады. Көзеев бейнесі Х.Есенжановтың «Ағайынды Жүнісовтер» романында сомдалған.Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл. ISBN 9965-607-02-8

Дереккөздер

Санат:Тұлғалар