thumb|200px Александр Македонский бүкіл Алғы Азия, Иран мен Солтүстік-Батыс Үндістан арқылы яғни екі ғасырдан астам уақыт бойына Ахеменидтер билігінде болып келген облыстарға шабуыл жасап, сол мемлекетті өзіне бағындырғаннан кейін, Александрдың осы орасан зор жорығы тойтарылғаннан соң ілешала, шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 321 жылы, Үндістанның шығыс бөлігінде Маурьялар мемлекеті пайда болды. Александрдың жойқын істері Үндістан тарихында ешқандай із қалдырмаса да, оның жорықтары бағытында әр жерде шоғырланып орналасқан грек-македон солдаттарының қорғаныс мекендері ол өлген соң да көп уақыт бойына Азия жерінде қалды және кейіннен Солтүстік-Батыс Үндістандағы оқиғалар барысына сөзсіз ықпал жасады. Бұл әулеттің негізін салушы Чандрагупта Маурья өз астанасы Паталипутрадан (Патна) Магадхаға бет алып, ұрыс сала отырып, Үндістанның гректер жаулап алған облыстарын кері қайырды, осы қарқынымен Ауғанстанға дейін де жетті. Ол және оның мұрагері Биидусара орасан зор мемлекет құрды. Маурья әулетінен шыққан үшінші әмірші Ашоканың патшалығы тұсында Ориссаның оңтүстік-шығыс жағындағы ол кезде Калинга деп аталған облыс, сол сияқты одан да әріректегі Андхра жерінің бір бөлігі қосып алынып, осының нәтижесінде бұл мемлекет одан әрі ірілене түсті.
Ашока (шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 273—232 жылдар) бізге дейін келіп жеткен жазбаларды қалдырған алғашқы үнді әмірийсі болды. Бұл жазбалардан Ашоканың Калинганы қанға бөктіріп талқандағаннан кейін барлық соғыс жорықтарын мүлдем тоқтатуға ұйғарғанын және өмірін мемлекетті бейбіт жолмен басқаруға, өз бағыныштыларына әкелік қамқорлық жасауға, бұл ретте осы оқиғалардан екі ғасыр бұрын Үндістанның солтүстік-шығысында пайда болған Будда ілімін ұстануға салтанатты уәде бергенін білеміз. Бұдан кейінгі кезеңде ол буддизмнің Үндістаннан тыс жерлеріне де мәлім құдіретті қамқоршысы болады.
thumb|left|200px Буддистер Ашоканы өздерінің мықты тірегіміз деп білді, ал Шри Ланка (Цейлон аралы) жылнамасында Үндістанның бұл билеушісіне мейлінше құрметті орын берілген. Цейлон жылнамаларынан, сол сияқты Ашоканың сақталып қалған жазбаларынан оның тапсырмасымен буддалық миссионерлер жер жүзінің түкпір-түкпірлеріне жіберілгенін, ал Цейлонға осы тапсырмамен Ашоканың өз ұлының, басбір жазбалар бойынша оның Махинда деген туысқанының келгенін білеміз. Осында — Цейлон жерінде үнді-будда мәдениеті гүлдеді, көне жазбаларға қарағанда мұның өзі біздің дәурімізге дейінгі III ғасырдың өзінде-ақ пайда болған және күні бүгінге дейін өз жемістерін беріп келеді. Бұл жемістер, ең алдымен, будда өнерінің елеулі ескерткіштері болып табылады, ал олар болашақ тараулардың бірінде толығырақ айтылатын болады. Маурьялар астанасы Паталипутра туралы бұл қалаға Селевок Никатордың (біздің дәуірімізге дейінгі 302 жыл шамасында) елшісі ретінде жіберілген грек Мегасфеннің мәліметтері бар. Бұл кейіннен «Индика» деген атпен жарияланған, сол кез туралы уақыты нақтылы көрсетілген алғашқы хабар болып табылады. Өкінішке орай, ол біздерге үзік-үзік үзінділер күйінде, кейінгі дәуірлердегі тарихшылар цитаталары ретінде ғана жетті. Бұл сипаттамаға қарағанда, екі шаршы шақырым алаңды алып жатқан Паталипутра қаласы бекіністері бар қалың ағаш дуалмен және су толтырылған жалпақ ормен қоршалыпты. Қаланы күзететін жетпіс күзет мұнарасы болған, ал қалаға алпыс төрт қақпаның біреуімен ғана кіре алады екен. Мегасфеннің жазуы бойынша, әмірші сарайы да ағаштан салынған. Оның пікірі бойынша, бұл сарай Ахеменидтердің Сузы мен Экбатанадағы сарайларынан әлдеқайда асып түседі. Өкінішке орай, археологиялық қазбалардың бергені өте мардымсыз. Әйтсе де, солардың өзі-ақ Паталипутрада құрылыс материалы ретінде ағаш пайдаланылғанын растай түседі. Әзірге тек бекініс қабырғасының қалдықтары ғана табылды. Алайда, мұнда Маурьялар билігінің кейінгі кездерінде, Үндістанда тұңғыш рет (Батыс Иран мен Алғы Азиядағы дәстүрлерге еліктеген болуы ықтимал) құрылыста да, ірі мүсіндер жасауда да тас қолданылгандығы өте маңызды. Мәселен, Кумахарада (қазіргі кезде деревня, ал бір кезде Паталипутра қаласының бір бөлігі) жүргізілген қазбалар кезінде сарай колоннадасының қалдықтары табылды. Колонналар жылтыратып өңделген граниттен жасалыпты. Залы жүз колоннадан тұратын бұл үлкен құрылыс Ахеменидтер әулетінен шыққан Дарий патшаның Персополдағы сарайы залына ұқсайды. Маурья әулетінің әміршілері өнерде де өз бейнесін тапқан патша билігі ұлығының белгілі бір символикасын Ахеменидтерден саналы түрде әдейі алған болар деген ой туады. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдың басында Паталипутраға келген қытайлық діндар жан Фа Сянь да бұл сарайдың келбетіне шектен тыс таң қалып, мұндай ғимарат адам қолымен салынды дегенге сенбеген. thumb|250px Тас өңдеу техникасы, бүгінгі күнге дейін сақталып келген ғажайып жылтырату тәсілі Ашока жарлықтары ойып жазылған әйгілі тас колонналарға да тән. Дәл осындай жылтырату іздерін Гайя жартастарында қашалған жасанды үңгірлер қабырғаларынан да көруге болады, ал олардың ең көне куәлары Маурьялар билеген кездерге жатады. Биіктігі он метрден асатын тас колонналар мейлінше әдемі иықшалармен тұйықталып отырған, ал олардың үстіңгі бөлігіне әдетте жануарлардың — арыстан, бұқа, пілдің және жылқының бейнелері салынған. Сарнатхадағы осындай әйгілі Арыстанды иықша бейнесін тәуелсіз жас үнді мемлекетінің гербі ретінде үнді маркаларынан да көруге болады. Бұл иықша — төрт арыстаннан тұратын мүсіндік топ құрайды, бір-біріне арқаларын беріп отырған төрт арыстанның кеуделері ұқыпты әсемделіп, ал бөксе жақтары бір-бірімен тұтасып, бірігіп кеткен. Бұл мүсіндік топ йықшаның ұшар басы болып табылады, тасқа ойып салынған жайпақ шеңбердің үстінде тұр. Шеңбер шеттері төрт жануардан — бұқа, піл, арыстан мен жылқыдан тұратын бедерлі горельефпен әшекейленген, ал бұл бейнелердің араларына жіңішке шыбықшалы дөңгелектер — буддалық «ілім» дөңгелегінің («дхармачткраның») суреті салынған. Бұл тас шеңбердің астында одан кішірек және бір жайпақ тас шеңбер — абака орналасқан, осының бәрін қоңырау секілді тұрқы төмен қараған, табақшадағы әсем гүлді су өсімдігі — лотосқа ұқсас иықша ұстап тұр. Оның әр бөлшектерінің сұлулық жарасымы жағынан да, өңдеу техникасы тұрғысынан да мейлінше сапалы орындалғаны соншалықты — мұндай будда өнері Үндістанның өзінде ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңінен дамуы үшін өте-мөте маңызды болғаны күмән туғызбайды. Жарлықтар ойып жазылған колонналар уақытын ондағы жазуларға қарап Маурьялар билеген кезеңмен тұспа-тұс келеді дейтін болсақ, басқаларының, яғни стилі жағынан ұқсас боп келетін өзге өнер ескерткіштерінің дәл уақытын тек даму тарихы тұрғысынан, формаларын салыстырудан басқадай анықтауға көмектесетіндей жазба ескерткіштер жоқ. Бұл жайды, мәселен, Патна музейіндегі ер адамның (сірә, джайн әулиесі болса керек) жалаңаш бейнесінен көруге болады. Ол өз пластикасына орай бірден жоғарыда сипатталған жануарлар бейнелерін еске түсіреді, ал дене бітімі «өсірінді» сезімталдық мәнері бойынша мейлінше көне дәстүрлерге әкетеді. Хараппадағы қазбалар кезінде табылған кеудесі торсиған кішкентай ер адаммен таңғаларлықтай ұқсастығын көрсетеді. Якшаларды (кейініректе нагилар сияқты будда ілімін қорғаушы тәңірлерге айналған көне тайпалар құдайлары) бейнелейтін қомақты тас мүсіндер тобы ертеректе Маурьялар билеген кезге телінсе, бертін келе салыстырмалы стильдік талдаулардан соң олар үнді өнері дамуының өте көп кейінгі сатысына жатқызыла бастады. Көп ретте Матхура мен Магадха (Бихар) ауданынан табылған, уақыт табымен көп бүлінген бұл мүсіндер өздерінің монументалдылығымен, мейлінше жинақы тұтастығымен және денелерінің аса мығымдылығымен ерекшеленеді. Сірә, бұлар үнділік тас мүсіні өнері дамуының бірінші үлкен кезеңіне, яғни Маурьялар билеген дәуірге жататын болса керек. Қалай болған күнде де оларды қосымша хронологиялық деректерсіз бұл дәуірден бөле-жара қарауға болмайды. Мұндай мүсіндердің халықтың ескі табынушылық ғадетімен байланысы, сонымен қоса, сол мүсіндерде жаңа материалды жеткілікті игере алмағандықтарын аңғартатын кесек пішінді кейіптерінің өзі-ақ осы ойды нықтай түседі. Осынау мүсіндер тобынан Паркхамнан шыққан Якша деп аталатын және бұл бағыттың кейінгі көркемдік-даму дәрежесін көрсететін, стильдік жағынан аса шебер ұшталған сәнді әйел бейнесі (сірә, әйел Якша) ерекше атап өтуге тұрарлықтай. Бұл екі мүсін де ежелгі үнді монументалды өнеріне тән көркемдік шеберліктің хас үлгілері бола алады. Осыдан біраз жыл бұрын Матхура ауданындағы Сонкхада қазба жұмыстарын жүргізген кезде профессор Хертель кушан кезеңіне жататын апсидалы тік бұрышты нагилар храмын бірінші болып тапты. Сарапқа салып қарағанда, қай жағынан алсақ та, мұндай храмдар будда чайтьяларына мейлінше ұқсас салынғаны көзге ұрады. Үнді өнерін зерттеу тарихында тұтас бір дәуірді құрайтын бұл қазбалар кезінде храмды қоршай қаланған тас қоршаулар қалдықтары мен сол қабырғалардағы ғажайып мүсіндер жұрнағы табылды. Бұл бейнелер сюжеттеріне басты роль атқарушы патшасы мен жұбайы болып келеді.
thumb|center|500px Маурьялар билеген кезеңнен кейінгі ғасырларда әулеттер алмасуы жеделдей түседі, олар Маурьялар мемлекеті құлаған соң байырғы құдіреттерінен айрылып шағын ғана аймақтарды иеленуге мәжбүр болады. Бұлар — Шунгтар, Канвтар, Кштраптар мен Сатавахандар (немесе Андхрлар) әулеттері. Алайда, Оңтүстік Үндістанның алыс аудандарындағы олармен тұстас билеушілер есімдері кұні бұгінге дейін белгісіз болып келеді, оның үстіне Үндістанның осы бөлігіндегі сол кездердегі мемлекеттік өзгерістер туралы бізге мәлім жай жоққа тән. Жоғарыда аталған әулеттер Үндістанның солтүстік аудандарында, құлаған Маурьялар мемлекетінің әр түрлі бөлшектерінде, сол сияқты. Деканда және одан әрі қазіргі Андхр — Прадеш пен Майсурға дейінгі аймақтарда билік жүргізді. Шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 200 жылдан біздің дәуіріміздің 300 жылына дейінгі ұзақ кезеңді қамтитын көркемдік мұра көп ретте ежелгі буддизмнің гүлденуімен және буддизмнің махаянистік мектебінің тууымен ғана емес, сол сияқты жекелеген жерлерде джайнизмнің таралуымен ерекшеленеді. Брахмандық-үнділік дінмен байланысты өнер ескерткіштері өте сирек кездеседі, бірақ соған қарамастан, басқа бір деректер бойынша бұл діннің бүкіл Үндістанға тарағаны мәлім және ол сірә ең шеткі оңтүстік аудандарына да жетсе керек. Мұны, мәселен, Цейлондағы буддалық жылнамалар дәлелдейді. Осынау жазбалар бойынша, Маурьялар билеген кезеңнің өзінде-ақ және одан да ертерек Цейлон мен Оңтүстік Үндістанның арасында байланыстар болып қана қоймағанын, тіпті, Цейлонның өзінде брахмандар да, джайнизмді жақтаушылар да болғанын білеміз. Дәл осындай көріністі, бізге келіп жеткен деректердің тым аздығына қарамастан, Оңтустік Үндістанға да әбден тән деп есептеуімізге болады. Біздің дәуірімізге дейінгі алғашқы үш ғасыр мен одан кейінгі үш ғасыр бойындағы сәулет өнерінің аса үздік ескерткіштері — үлкен будда монастырьлары, сол сияқты джайни монахтары мен одан гөрі ұсағырақ секталар жолын ұстанушылардың тұрғын үйлері, діни орындары. Буддалық діни ескерткіштердің негізгі түрі — буддизмнің кірпіштен қаланған символикалық күмбезі (ступа). Ертедегі буддалық шығарма «Диггханикаяда» ол туралы былай делінген: «Төрт жолдың тоғысар торабында Будда үшін символикалық күмбезін тұрғызу керек, ал кімде-кім бұл күмбездің түбіне гүл шірін немесе хош иісті, түрлі түсті бірдеңе қоятын болса, әйтпесе тек құрметпен бас иіп өтетін болса, бұл оның ұзақ уақыт бойына денінің сау және бақытты өмір сүруіне қызмет етеді». Бхархуттағы буддизмнің символикалық күмбезі — бұлардың ең конесі (буддалық шығармалар бойынша Ашоканың табынушылығы кезінде салынған «ступа» күмбездерді есептемегенде. Ал бұларды қалпына келтіру, бір ізге түсіру мүмкін болмай қалған), ол қазірде бейнелі әшекейлі тас қоршау жұрнағы ретінде Калькутта музейінде тұр. Ал ғимараттың өзі сақталмаған, сол себепті де күмбездің сәулет түрімен біраз кейініректе Санчида салынған күмбез арқылы танысып білуге болады.
thumb|300px Бхархуттағы символикалық күмбез қоршауындағы көп пішінді бейнелер жазық бедерлі болып келеді. Бұл қоршаудың бұрыш-бұрыштары мен қақпасы діңгектеріндегі якшалар, деваталар бейнелері олардан гөрі