thumb|right|250px|3 Бәйте ғибадатханасы. Біздің заманымызға дейінгі IV–III ғасырлардағы ғибадатхана қалдықтарына қазба жұмыстарын жүргізу. Бәйте ғибадатханасы – Маңғыстау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген, сарматтар заманынан сақталған тарихи ескерткіш, киелі орын.
Орналасқан жері Маңғыстау ауданы, Сайөтес ауылынан солтүстік-шығыс бағытта 50 км, Бейнеу–Ақтау темір жолының 56 және 57 бекеттерінің аралығында орналасқан.
Зерттелуі Ескерткіш 1983 жылдан белгілі болған. 1988 жылға дейін Мәскеу археологиялық институтының Волга–Урал экспедициясы зерттеген. 1990 жылдан Қазақстан Археологиялық институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі З. Самашев) зерттеу жұмыстарын жүргізді. Үстірт пен Доңызтаудың солтүстік шыңдарында болжам бойынша массагеттік этникалық топқа жататын қарулы жауынгерлерді, оның ішінде әйелдер де бар, сомдаған мүсіндер бар жаңа ғибадатханалар ашылған болатын. Бұл ескерткіштер көне көшпенділердің монументтік өнерінің үстірт-маңғыстаулық ошағын жекелей қарастыруға мүмкіндік береді. Маңғыстау ауданында ғибадатханалық құрылыстың қалдықтары табылды. Ғибадатхананың ішкі-сыртқы қабырғаларында рулық белгілер мен суреттер молынан салынған. Олардың пайда болған уақытын анықтау өте күрделі. Болжам бойынша, таңбалардың көп бөлігі алан кезеңіне жатады.АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4
Ғибадатхана сипаты Ескерткіш солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай тізіле орналасқан үш ғибадатханадан тұрады. Біріншісі 50 мың м2 алаңда. Негізгі бөлігі - биіктігі 3 м-ден астам, қолдан қаланған, топырақ басып қалған оба. Айналасында кішігірім бірнеше үйінділер бар. Оңтүстігіне таман құрбандық шалып, еске түсіру рәсімін жасайтын 15-тен астам тас шеңберлер орналасқан. Осы тұста аумағы 100х50 м2 алаңда тас мүсіндердің 25-тен астам қалдықтары сақталған. Оның ішінде үшеуінің алғашқы орнатылған орны табылған, олардың беті солтүстікке және батысқа қаратылғаны анықталды. Екінші ғибадатхана осы арадан 1,5 км оңтүстік-батыста. Әлі толық зерттелмеген. Мұнда тас қашайтын шеберхана қалдығы, мүсіндерді жасауға қажетті тас қопарып алынған орын табылды. Үшінші ғибадатхана біріншісінен оңтүстік-батысқа қарай 5 км қашықтықта. Оның да аумағы 50 мың м2. Негізгі бөлігінің биіктігі 3 м-ге жуық, іші-сыртын топырақ түгел басып қалған. Қабырғалары арнайы қашалған текше тастардан қаланған. Төбені ұстап тұратын ортадағы жалпақ тіреу ғибадатхананы төрт бөлікке бөлген. Біреуінде жалпақ тас баспалдақ орнатылған. Едені тегіс, жалпақ тастар төселген. Ғибадатхананың ішінде құрбандық шалатын тастан жасалған сәкі бар. Қабырғаларына сарматтардың сызып салған дәстүрлі таңбалары мен жыланның, бұғының, арбаның, балықтың, садақ атқан адамдардың әр түрлі cуреттері табылды. Бұл бейнелер тас мүсіндерде де кездеседі. Тас мүсіндер қарулы жауынгерлерді бейнелейді. Сол қолдары шынтағынан бүгілген, ал оң қолдары түзу. Әскери адамдардың мүсіндері топ-топ болып орналасқан. Ғибадатхананы б. з. б. 4 - 3 ғасыр мен б. з. 3 ғасыр аралығындағы кезеңге жатқызуға болады.Қазақ энциклопедиясы
Ғибадатхана көріністері
Дереккөздер
Санат:Қазақстан археологиялық ескерткіштері Санат:Маңғыстау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Маңғыстау облысы