Құнанбай Өскенбайұлы, Құнанбай қажы (1804, бұрынғы Семей облысы Шыңғыстау,Ақшоқы қыстауы — 1886, сонда) — би, аға сұлтан, Абайдың әкесі, көрнекті қайраткер.
Өмірбаяны Құнанбай жасынан палуан, найзагер болды, қатал да әділдігімен ерекшеленіп‚ әкесі Өскенбайдың тәрбиесін ала отырып, ел билігіне араласты. 1834 жылы әкесінің орнына Күшік-Тобықты болысының старшындығына сайланады. Осыдан 1856 жылға дейін билік тізгінін қолынан шығармаған. 1846 жылы генерал Вишневскийдің Ұлы жүз қазақтарын Ресейдің боданы ету мақсатында жүргізген арнайы экспедициясына қатысты. Экспедиция құрамында болған поляктың саяси қайраткері А. Янушкевич сапарнамалық күнделігінде Құнанбайдың қайраткерлік тұлғасы туралы: “Құнанбай өңірге аты жайылған адам, қарапайым қазақтың баласы. Ғажайып ақыл-ес және жүйрік тілдің иесі. Іскер, аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Жұрт пайғамбардай сыйлайды. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай ауылдардан келіп жатады. Тобықты руының сеніміне ие болып, болыстыққа сайланған…, әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлығына қарсы қалқан болған” — деп сипаттайды (“Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар”, А., 1979).
Құнанбай “Ескі там” деген жерде мектеп ашты. Патша өкіметіне адал қызметі үшін оған 1846 жылы хорунжий атағы берілді. 1849–1852 жылдары Қарқаралы округінің аға сұлтандығына сайланды. Бірақ Шыңғыстың бөктеріндегі қыстау үшін Бөжейге жасаған қысымына байланысты тергеуге тартылып‚ Омбы қаласында мырзақамақта (қамауда) жатады. Қамаудан Дала генерал-губернаторының қазақ істері жөніндегі кеңесшісі, полковник Шыңғыс Уәлихановтың кепілдігімен босанып шығады. Аға сұлтан кезінде Қарқаралы қаласында мешіт салдырды. Арқат-Аягөз бекеті аралығында поштаны тонап, хорунжийді өлтірген Табылды, Үдербай, Әбділда, Түңлікбай есімді қазақ жігіттерін Барлық тауында тығылып жүрген жерінен Аягөз округінің аға сұлтаны Барақ Солтабаевтың көмегімен Құнанбай патша өкіметіне ұстап береді. Осының арқасында оның үстінен жүргізілген тергеу ісі тоқтатылып, хорунжий атағы қайтарылған. ұсталғандар Аягөз қаласыннда дарға асылып, атылғаннан кейін өзінің алданғанын түсінген Құнанбай биліктен бас тартып, қайтып мұндай іспен айналыспауға бекінеді. Омбы архивіндегі “Құнанбай Өскенбаевтың қылмыстық ісі” деген көлемі 1700 беттік тергеу ісінің соңына 1862 жылы Құнанбайдың қажылыққа кетуіне байланысты “істі жабу” туралы Mинскке жолданған хаты тіркелген. Кей деректерде Құнанбай қажыға 1874 жылы барды делінеді. Меккеде 2 жылдан астам уақыт тұрып‚ құдайға құлшылық етушілерге арнап тәккия (қонақүй әрі медресе қызметін атқарған үй) салдырады. Құнанбай — аса күрделі тұлға, билік тізгінін ұстаған кезіндегі қайраткерлігі қарама-қайшылықтарға толы. Ол би, болыс, аға сұлтан кезінде биліктің үш тұтқасын — қазақтың дәстүрлі заңын, патша өкіметінің “Сібір қазақтарына арналған низамын”, шариғат жолын қатар ұстанды. Қазақ дәстүрінің негізіне сүйене отырып, оңтайлы шешімдерді жүзеге асырды. Қатал да әділ билік елді тезге салып, жөнге келтіреді деп білді. Барымтаға, ұрлыққа, дінбұзарлыққа, зинақорлыққа қатаң тыйым салды. Заманның ауқымын аңдап, ертеңін болжай білді. Балаларын орысша оқыта отырып‚ мұсылмандықты уағыздады. Медресе салдырып, Әуез, Ғабитхан, Кішкене молда секілді шариат білгірлерін аулына көшіріп әкеліп, бала оқыттырды. Сырттай Кенесары қозғалысына қарсы күрескер ретінде көрінгенімен, оған астыртын қолдау жасап, көмек берді. Құнанбайдың бәйбішесі Күнкеден — Құдайберді, екінші әйелі Ұлжаннан — Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан — Халиолла, Смағұл, Кәмшат атты ұл-қыздары туған. Төртінші әйелі Нұрғанымнан туған баласы жасында қайтыс болған. Балаларының ішінде Абайдың болашағынан ерекше үміт күтіп‚ оны 13 жасынан қасына ертіп, билікке баулыған. Абай да әкесінің билік жолын үлгі тұтты. Ел арасында Құнанбай айтты деген нақыл сөздер кең таралған. Құнанбайдың өмірі мен қайраткерлігі туралы деректерді жинап, бір ізге түсірген — М.Әуезов, оның “Абай жолы” эпопеясында Құнанбай бейнесі кеңестік идеологиялық ықпалына сай бұрмаланғанымен‚ жан-жақты сипатталып, шебер сомдалған.
Әкесінің 40 жасынан асқан шағында дүниеге келіп, оның соңғы 40 жылдық өмірін өз көзімен көріпөскен Абай 1895 жылы баласы Әбдірахман дүниеден қайтқанда шығарған «Арғы атасы қажы еді...» деген жоқтау, жұбату өлеңдер Құнанбай туралы бар шындықты айтып, әкесінің ел суйсінерлік ерен тұлғасынжасады. Абайдың суреттеуінше де Құнанбай - ізгі істерімен артына өлмейтін атақ қалдырған, мұнды: шерлі жоқ ‘’жітіктердің қамқоршысы болған, ақылды, адал, жомарт, әділ адам’’. Құнанбайдың қоғамдық қызметіндегі игілікті қызметінің бірі – оның оқу-ағарту ісіне ерекше мән бергені. Ол өзі дінді мықтап ұстанып қана қоймай, қаратанудың, сауаташудың, ескіше ғана емес, орысша оқудың заман ағымына ете қажетті екенін ұғынып, өз аулынан қазақ балаларына тіл үйретіп, білім беретін училище ашпақ болып, 1845 жылы шекара басқармасына қазақша-орысша сөйлей алатын жазабілетін орыс мұғалімін жіберуді сұрап, хат жолдайды. Шекара бастығы Құнанбайдың бұл тілегін мақұлдайды. Бірақ, екі тілді бірдей білетін мұғалімнің жоқ екенін айтып, тобықты еліндегі тілмәшті қызметтен бос уақытында еңбекақы төлеп, бала оқытуға пайдалануға кеңес береді.
Меккеге қажылық Бұдан кейін Құнанбай «Ескі там» деген жерде мектеп ашып, онда орысша сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп тағайындайды. Сөйтіп, өз балалары мен руластарының балаларын оқыта бастайды. Құдайберді, Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, Халиуллалар алғашқы сауатын осы мектептен ашқан. Құнанбай балаларын одан әрі оқытуға ерекше ынталы болады. Ибраһимін Семейдегі діни медресеге береді. Халиулланы 1858 ж. Омбы кадет корпусына оқуға енгізеді. Оны бітірген соң Москвадағы әскери училищеде оқуына мүмкіндік жасайды. Құнанбай 1849 ж. Қарқаралыда мешіт, 1874-75 ж. қажылық жолмен Меккеге барып, онда мұсылман елінен барған адамдар түсетін үй - Тәкие салғызған. 1900 ж. Қазан қ-ның баспасынан жарық көрген, шығарушы семейлік Әбдірахман Жүсіпұлының «Қажы Әндірбай қалпе» деген жыр үлгісімен жазылған кітабында Құнанбайдың Меккеге сапарына қатысты жолдар бар. Бұл сапар жайлы деректер 1883 ж. Қазанда басылған «Маңызды мәселeлер» деген кітапта Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердиевтің кітабында да айтылады Әкесінің бұл сапары туралы Абайдың: «Меккеде уақып үй салып, Пәтер қып, жаққан шырақты. Бір құдайдың жолына, Малды аямай бұлапты»,- деген жолдарын да оқимыз. Құнанбайдың қарсылас айтыс-тартысқа тұскен адамдары да аз болмаған, талай рет үстінен жазбаша шағым арыздарда түсіріп, тергеуге алынған. Ол дүшпаңдарын қатал жазалап, реті келгенде жер айдатып та жіберген. Күш жұмсап, елін шауып алған. Архив құжаттарыңда Бежей Ералыұлының 250 жылқысын тартып алғаны үшін қылмысты іс қозғалғаны, аға сұлтан болып тұрған көзінде елден заңсыз алым жинап, оны өзі пайдаланғаны, 5000-дай адамнан қол жиып, Ералыұлының аулына шабуыл жасағаны, оның 250 жылқысын айдап әкеткені, басқа кісілердің иелігіндегі шұрайлы жерлерді өз иелігіне алып, көп адамдарды аяусыз жазалап, бірнеше кісі өлімі болғаны, ақырында аға сұлтандықтан босатылып, Омбы қаласына шақыртылып, қамауға алынғаны, патша өкіметінің заңы бойынша 156-баппен жауапқа тартылғаны жайында мәліметтер сақталған. Құнанбайдың бұл ісіне Омбыдағы Батыс-Сібір әскери губернаторының кеңесінде қазақтар жөніндегі кеңесші қызметін атқарып жүрген Шыңғыс Уәлиханов араласып, оны түрмеден босатып, кепілдікке шығарып, ісін кайта қарау деген желеумен бұздырған. Онысымен қоймай, Омбыдан Қарқаралы округіне өзі әкеп салып қайтқан. Шоқан Уәлихановта сол 1854 ж. Омбыда қызметте болған.
Құнанбай— Бөжей арасы Жер дауы «Құнанбайдың қылмысты ісіңде» үлкен орын алды. Соның бастысы - Бөжейдің жер дауы. Құнанбай— Бөжей арасы 1846ж. дейін жақсы болған. Құнанбай оған үнемі қамқорлық жасап, өзімен тең ұстаған. Шешуі қиын дауларды да сенім білдіріп, Бөжейге жіберіп отырған. Өзімен бірдей күміс мөр де жасатқан. Өкіметтен старшина атағын, мақтау қағаздар да алып берген. Солай бола тұрса да, Құнанбай озбырлығы асқынып, аралары ашылып, ақыры үлкен жауласушылыққа айналады. 1853 ж. Бөжей өлгеннен кейінде Қаратай Сапақұлы, Кенжалы Әйтиұлы бастаған топ арызды тоқтатпай, Құнанбайды айыптап және болысты екіге бөлуді сұрап дамыл таппайды. Бөжей балалары - Жабай, Нұрмолдалар да губернатор Г.А. Колпаковскийге қайта-қайта арызданып, тартып алған жерлерін сұрайды. 1846 ж. басталған бұл дау, 1866 ж. Күшік-Тобықты болысының басқарушысы Құнанбайдың баласы Құдайберді өліп, оның орнына 20-21 жасқа жаңа толған ИбраҺим (Абай) Құнанбайұлы болыстыққа сайланғаннан соң ғана шешіледі. Құнанбайды айыптау ісінде талай кісі өлімі туралы айтылады. Бірақ тергеушілер Құнанбайдың мойнына қоятын айғақты дәлел таба алмайды. Құнанбайға тағылатын айыптың бірі - Қодар мен Қамқаның өлімі. Бірақ ол жайында мұрағаттарда ешқандай дерек кездеспейді.
Құнанбай Қарағанды, Семей оязының дербес көмекшісі болды деген дерек бар. Ал, 70 тен асқанда Меккеге барып, қажы атанған Құнанбай енді бұдан әрі (жалған дүние сөзіне араласпай) шымылдықтың ішінде тыныш жатып, құдайына құлшылық жасаумен өмірін өткізеді. Құнанбай жөнінде ел аузында аңыз-әңгімелер көп, оның ел арасындағы беделін жыр еткен Балта, Қуанышбай сияқты ақындардың өлең-жырлары бар. Мұхтар Әуeзовтың сөзімен айтқанда, «Құнанбай басының қайшылығы көп болған. Ол - феодалдық дәуірдің, өз табының бел баласы, ісі мен мінезінде заманының айқын таңбасы бар». Құнанбай жайындағы өмірлік ақиқат материалдар Әуeзовтың «Абай жолы» эпопеясында көркемдік шешімін тапқан. Тобықты елінің Құнанбайынан - әдебиеттік кейіпкер Құнанбай бейнесі жасалған. Құнанбайды толық танып-білу - Абайды да мұқият оқып-зерттеуімізге септігін тигізеді.Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9
Қазақ шежіресінде Құнанбай бидің арғы ата-бабалары былайша таратылады: Арғын - Қотан - Дайырқожа - Карақожа - Кенжесопы - Тобықты - Рыспетек - Мұсабай - Сүйірбас - Сары - Кішік - Өйтек - Олжай - Айдос - Ырғызбай - Өскенбай - Құнанбай. Ел аузындағы шежіре-ақындарға қарасақ, осы аталардың бәрі де шетінен осал кісі болмағанын көреміз. Ең әуелі "Арғынның арғы атасы - Қотан ақын" деген қанатты сөз елге жайылып кеткен. Алашта Арғын ата туған зерек, Өзгеден сол кісінің жәні бөлек. Арғынның тұп атасы ақын Қотан, Өлеңге бізден ұста болса керек, - деген Жанақ ақынның өлеңі де бар. Демек, Арғын ұрпақтарының шетінен ақын, әнші, сөзге шешен ділмар боп өсіп-өнгені көрініп түр. Қотаннан кейінгі атасы Дайырқожа болса Әбілқайыр ханның оң тізесін басып отырған сенімді биі екен. Оның шешендік әділдігі жөнінде ел "Ақжол би" деп ұрандап кеткен. Сол Акжол биді Қара қыпшақ Қобыланды батыр өлтіреді. Сонда Қотан ақын баласын жоқтап: Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным! Сексен асып таянғанда тоқсанға, Тұра алмастай үзілді ме жұлыным!..