Жосабай алтын кен орны - Қарағанды облысы Шет ауданы Ақшатау кентінің солтүстігіндегі кен орны. 1955-1959 жылдары барлау жасалып, 11 кентас белдемі анықталды.
Геологиялық құрылымы Кен орны төменгі және орта субжанартаулық андезитті порфирит, агломератты туфтарынан, жоғарғы тас көмір кешеніне жатқызылатын фельзит іспетті гранитті порфирлер сығылмасынан түзілген.
Жатыс сипаты, құрамы Кен телімінің орталық бөлігіндегі сығылым белдеуі шегіндегі жыныстар кварцқа бай, мұнда ұзындығы бірнеше ондаған м-ден бірнеше км-ге дейін көптеген кварц желілерінің белдемі дамыған. ІІІ белдемдегі кварц желілерінде полиметалмен қатар алтын, күміс минералдарының маңызы бар, ол 100 м-ден астам тереңдікте тараған. Белдем оңтүстік-батыс бағытта 70-75° тік құламалы. Кварц массасының 1 т-сында алтын 1 г-нан бірнеше ондаған г-ға дейін, күміс 10-15 г шамасында. Алтын таза түрінде, күміс тотығу белдемінде кераргит түрінде түзілген. Жосабай алтын кен орны шағын кенге жатады. Кентас 25-30 м-ге дейінгі тереңдіктен ашық әдіспен өндіріледі.Қазақ энциклопедиясы
Дереккөздер
Санат:Қарағанды облысы кен орындары Санат:Алтын кендері