Шәкен ишан мешіті – Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші.
Орналасқан жері Алға ауданы, Маржанбұлақ ауылынан батысқа қарай 27 км жерде, Қарақобда өзенінің маңында, Ақтөбе–Орал тас жолының оң жағында орналасқан.
Тарихи деректер Ескерткіш Ақтөбе облысында кең тараған ұзына бойы салынған кейінгі мұнаралы мешіттердің (құлтас руының Дүйсенбі ахун мешіті, Ойыл ауылындағы, Темір қаласындағы мешіттер түріне жатады. Мешіт 1902-1904 жылдары Шәкен ишанның (Шәймерден Әбжанұлы) жетекшілігімен Қазан мешіттерінің жобасы бойынша татар шеберімен салынды. Шәймерден Әбжанұлы Хорезмде білім алды. Мешітте ол ауылдың және көрші ауыл балаларына білім берді. Қуғын-сүргін жылдары Шәкен ишан халық жауы деп танылып, мешіт астық қоймасы, соғыс кезінде қашқан кісілерді қамау орны да болды. Азаншының мұнарасындағы айшығы 1928 жылы күшпен құлатылған. Шәкен ишан 82 жасында дүниеден өткен.
Сипаты Мешіт өз сәулетімен назар аудартады. Бұл бірқабатты, үш бөлмеге бөлінген, тас блоктардан және күйдірілген кірпіштерден салынған ғимарат. Мешіт жоспары тіктөртбұрышты, өлшемі – 10,0х24,0 м, ось бойынша батыстан шығысқа созылған. Ғимарат қабырғасы қалың – 1,0 м және биіктігі –3,5 м, жергілікті әктас-құмтастан өрілген. Арқалық бөренемен жабылған төбесі 1990 жылы қиратылған. Шығыс қасбетінде биіктігі 9 м мұнара орналасқан. Қарама-қарсы бетінде михраб абсидасы орын алады. Оңтүстік және солтүстік қабырғаларында 10, мұнарада екі терезе ойықтары бар. Мұнара астында оңтүстік және солтүстік қабырғаларында есіктер орналасқан. Мешіттің қабырғалары қалың, қатал қысқа лайықталып салынған. 1990 жылдың басында мешіттің бір қабырғасы қираған. Қазіргі таңда қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Ескерткіштің архитектуралық мәнімен қоса, мұсылмандар үшін үлкен рухани құндылығы бар.Ақтөбе облысының киелі географиясы. Табиғат, археология, сәулет және этнография нысандарының тізілімі. Алматы: Ә.Х. Марғұлан ат. Археология институты, 2021. 520 б.
Әдебиеттер Ажигали С.Е. Ахитектура кочевников – феномен истории икультупы Евразии (памятники Аральско-Каспийского регона). Алматы: Гылым, 2002. 654 с. Ильясова Р. Ел иесі, жер киесі. Ақтөбе: А-Полиграфия, 2016. 248 б.
Дереккөздер
Санат:Ақтөбе облысы сәулеті Санат:Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Алға ауданы