Әділ Герей (, 1659 жылы қай.) — 1651–1659 жылдары Қырым хандығының нұреддині болған, Қырым ханы I Саламат Герейдің (1608–1610) ұлы, III Ислам Герей мен IV Мехмет Герейдің інісі.
Өмірбаяны 1651 жылы Қырым Герей қалғай қайтыс болғаннан кейін, Қырым ханы III Ислам Герей оның орнына өзінің інісі, бұрынғы нұреддин Ғазы Герейді (1651–1666) қалғай етіп тағайындады. Ал нұреддин қызметіне өзінің туған інісі Әділ Герейді (1651–1659) сайлады.
1652 жылы мамырда Қырым ханы III Ислам Герей өзінің одақтасы, украин казактарының гетманы Богдан Хмельницкийге көмекке Әділ Герей нұреддин мен Орқапы бегі Қараша мырза бастаған 15 мыңдық татар-ноғай әскерін жіберді. Богдан Хмельницкий өз қолбасшылығымен 12–16 мыңдай казак жинап, Чигириннен далаға қарай жөнеліп, сонда Қырымнан келген әскермен қосылды. Біріккен казак-татар әскерін бастаған Богдан Хмельницкий Браславщина өңіріне қарай бет алды. Ол кезде Ладыжин маңында короналық польный гетман Мартин Калиновский бастаған поляк әскері орналасқан болатын. 1652 жылы 1–2 маусымда Батог түбіндегі шайқаста казак полктері мен қырымтатарының жасақтары поляк-шляхта әскерін қоршауға алып, талқандады және оның басым бөлігін жойды. Саны 20 мыңға жуық болған поляк-шляхта әскері 8 мыңнан астам адамынан қаза тапты. Қаза тапқандардың арасында короналық польный гетман Мартин Калиновский де болды.
1653 жылдың күзінде нұреддин Әділ Герей III Ислам Герей ханның Речь Посполитаяға қарсы жасаған ірі әскери жорығына қатысты. Украин гетманы Богдан Хмельницкий мен III Ислам Герей бастаған біріккен казак-татар әскері Жванец түбінде патша Ян Казимир басқарған поляк-шляхта әскерін қоршауға алды.
1654 жылдың жазында Қырым ханы III Ислам Герей (1644–1654) қайтыс болғаннан кейін, Осман үкіметі оның туған бауыры IV Мехмет Герейді (1654–1666) Қырым ханы етіп қайта тағайындады. Қырымға келген IV Мехмет Герей Бақшасарайға барып, билікті қолына алған соң, Ғазы Герей қалғай мен Әділ Герей нұреддинді бұрынғы қызметтерінде қалдырды.
1655 жылы қаңтарда IV Мехмет Герей ханның бұйрығымен Ғазы Герей қалғай мен Әділ Герей нұреддин бастаған қырымтатарының қалың қолы Украинаға аттанды. Польша деректерінде оның саны 120–150 мың адам болғаны айтылады. Қырым әскері орыс-казак күштеріне қарсы соғысып жатқан поляк әскеріне көмекке келді. Умань маңында Қырым әскері короналық польный гетман Станислав Лянцкоронский басқарған поляк әскерімен қосылды. Польша қолбасшылығымен жүргізілген келіссөздер барысында Ғазы Герей қалғай татар жасақтарына маңайдағы елді мекендерді тонап, тұрғындарды тұтқынға алуға рұқсат алды. Наурыздың басында поляк әскерінің жаңа қолбасшысы Кшиштоф Тышкевич Браславщина өңіріндегі 270 елді мекеннің қырымтатары тарапынан тоналып, өртелгенін хабарлады. Оның есебінше, одақтас қырымтатарының Украинада төрт ай болған кезеңінде 200 мыңнан астам адам тұтқынға түсіп, Қырымға айдап әкетілген. Татар жасақтары одақтас поляк бөлімдеріне де шабуыл жасап, олардың адамдарын тұтқынға алып, жылқылары мен малдарын айдап әкетіп отырған. 1655 жылдың наурыз айының ортасында қырымтатары мен ноғайлар поляк-шляхта әскері әлі де бақылауында ұстап отырған Украина жерлерінен орасан көп тұтқын қолға түсіргеннен кейін, біртіндеп өз далаларына қарай шегіне бастады. Алдымен Қаммамбет мырза мен Меңлі Герей ханзада бастаған алдыңғы жасақтар жолға шықты. Одан кейін қалғай-сұлтан Ғазы Герей негізгі әскерімен Ақкерменге қарай шегінді. Ал 18 наурызда Әділ Герей нұреддин-сұлтан бастаған соңғы татар жасақтары да ат басын кері бұрды.
Сол 1655 жылдың күзінде Әділ Герей нұреддин Қырым ханы IV Мехмет Герейдің Украинаға жасаған жаңа ірі жорығына қатысты. Қазан айында Әділ Герей бастаған алдыңғы жасақ Ольшанская және Белая Церковь полкіне қарасты басқа да елді мекендер маңында көрінді. Екі аптадан кейін Әділ Герей Остропольден шығып, Гончариха мен Каменец-Подольскийге қарай бет алды. Жолындағы елді мекендерді тонап, өртеп отырды.
1655 жылдың қазан айының соңында Әділ Герей Збараж түбінде IV Мехмет Герей бастаған Қырым әскерінің негізгі күштерімен қосылды. Саны 100 мың адамға жеткен қырымтатарының әскері Брацлав воеводасы Петр Потоцкий басқарған поляк жасағымен бірігіп, Збараж түбіне қос тікті.
Богдан Хмельницкий мен Мәскеу воеводасы, боярин Василий Бутурлин басқарған орыс-украин әскері Львов қоршауын тоқтатып, Волыньға қарай, өзіне қарсы келе жатқан қырымтатарының орасан зор әскерімен бетпе-бет келу үшін қозғалды. 1655 жылы 9–12 қарашада Озерная түбіндегі шайқаста орыс-казак полктері сан жағынан басым қырымтатарының әскерін талқандады.
1659 жылы Әділ Герей нұреддин қайтыс болды. Қырым ханы IV Мехмет Герей оның орнына өзінің інісі, Мүбарак Герейдің ұлы Мұрат Герейді (1659–1663) нұреддин етіп тағайындады. Әділ Герейдің жалғыз ұлы — Қара Дәулет Герей (1647–1717). Ол 1691–1692 жылдары нұреддин, ал 1716–1717 жылдары Қырым ханы болды.
Әдебиет Олекса Гайворонский. Созвездие Гераев. — Ақмешіт, 2003 ж. Олекса Гайворонский «Повелители двух материков», том 1, Киев-Бақшасарай, 2007 ж. ISBN 978-966-96917-1-2 Олекса Гайворонский «Повелители двух материков», том 2, Киев-Бақшасарай, 2009 ж. ISBN 978-966-2260-03-8, ст. 23-35
Санат:Қырым хандығының нұреддиндері