Молдова (), ресми атауы — Молдова Республикасы () — Оңтүстік-Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Украинамен және Румыниямен шектеседі. Аумағы 33 846 км², дегенмен де-факто аумақтың шамамен 12,3% (танылмаған Приднестровия Молдова Республикасы) Молдова билігінің бақылауында емес. 2014 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халық саны 2 913 281 адамды құрайды. Ақша бірлігі – Молдова лейі.
Астанасы - Кишинёв. 2020 жылдың 24 желтоқсанынан бастап президенттік қызметті Майя Санду атқаруда. Премьер-министр – Наталья Гаврилица 2021 жылғы 6 тамыздан бастап. Әкімшілік жағынан 32 ауданға, 13 муниципалитетке, Гагаузия автономиялық аумақтық бірлігіне және Днестрдің сол жағалауындағы (Приднестровье) әкімшілік-аумақтық бірліктерге бөлінген.
Сенушілердің көпшілігі (2014 жылғы халық санағы бойынша халықтың 90,16%) православие дінін ұстанады.
БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі, ДСҰ, ТМД, ГУАМ мүшесі. Еуропалық Одаққа кіруге ресми үміткер.
Халқы Негізгі халқын молдовандар құрайды (70%). Сонымен бірге, украиндар, орыстар, ғағауыздар, еврейлер, болгарлар, т.б. тұрады. Негізгі ұстанатын діні – христиан дінінің православие тармағы.
Мемлекеттік құрылым нобай|369x369 нүкте|Президент сарайы, Кишинёв
Президент Президент Молдова мемлекетінің басшысы болып табылады.
Молдова президенті азаматтардың тікелей жасырын еркін дауыс беруі арқылы сайланады. 2000–2016 жылдар аралығында президент парламент депутаттарының жасырын дауыс беруі арқылы сайланды. Көптеген наразылықтар мен бір топ депутаттардың Конституциялық сотқа жолдаған өтінішінен кейін 2016 жылдың 4 наурызында парламентке президентті сайлау құқығын беретін Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң конституциялық емес деп танылды.
2020 жылдың 15 қарашасында президент және тәуелсіз кандидат Игорь Додон сайлаудың екінші турында 57,27% дауыс жинаған «Әрекет және ынтымақтастық» партиясының жетекшісі Майя Сандудан жеңіліп қалды. нобай|368x368 нүкте|Молдова парламенті
Парламент Елдің ең жоғары заң шығарушы органы – бір палаталы парламент (101 орын).
Сыртқы саясат Еуропа Одағы Молдова 2014 жылдың 27 маусымында Брюссельде Еуропалық Одақпен Қауымдастық туралы келісімге қол қойды.
2014 жылы Еуропалық комиссияның «ЕО-ға мүше елдермен және Шенген келісіміне қатысушы елдермен визалық режимді ырықтандыру» директивасын бекіту қарым-қатынастағы маңызды кезең болды.
Молдова ЕО-ға кіру туралы өтінішке 2022 жылдың 3 наурызында қол қойды. 2022 жылдың 23 маусымында Молдоваға ЕО басшылары ресми түрде кандидат мәртебесін берді.
Географиясы Шығыс Еуропа жазығының Днестр мен Прут өзендері аралығында орналасқан. Жері жоталы, жазықты келеді. Орталығын Кодра қыраты алып жатыр. Ең биік нүктесі – Баланешты тауы (429 м). Днестр өзенінің оң жағалауы – Днестр маңы қыраты (биіктігі 250 – 345 м), сол жағалауы – Подоль қыратының қиыр шеті және солтүстігінде Солтүстік Молдовия жазығына ұласады. Молдованың оңтүстігіндегі оңтүстік Молдовия жазығы Қара теңіз маңы ойпатына жалғасады. Климаты – қоңыржай континенттік; қысы қысқа, қары жұқа, жазы ұзақ, ыстық келеді. Жаздағы орташа температура 22°С (шілде айында 40°С-қа дейін), қыстағы орташа температура –3 – 5°С (қаңтар айында –30°С-қа дейін). Жылдық жауын-шашын мөлшері 370 – 500 мм. Өзендері – Қара теңіз алабына жатады. Ірі өзендері – Днестр (Молдова жеріндегі ұзындығы – 657 км), Прут (Молдова жеріндегі ұзындығы – 695). Ірі көлдері – Белеу, Драчеле, Ротунда және т.б. Кеме қатынасы жақсы дамыған. Аумағының 75%-ы қара топырақты, 9%-ы орманды алқап болып келеді. Әктас, гипс, шынылық құм (әйнек), мұнай-газ, т.б. табиғи байлықтар бар.
Табиғаты Климаты қоңыржай континентті. Жазы ұзақ әрі ыстық. Қысы қысқа әрі жұмсақ. Жылына түсетін жауын-шашын мөлшері аз (солтүстікте – 500 мм, ал оңтүстікте 400 мм-ге деін). Сондықтан егістер қолдан суландыруды қажет етеді. Топырақ-климат ресурстары республиканың негізгі табиғи байлығы болып саналады. Климаттың температуралық режимі және құнарлы қара топырағы бау-бақша және жүзімдіктер өсіруге өте қолайлы. Аумағының 80%-ы ауыл шаруашылығының үлесіне тисе, оның 12%-ын гүл плантациялары, бақтар мен жүзімдіктер алады. Денстр, Прут өзендерінің және оның салаларының Молдова шаруашылығында маңызы өте зор. Олар су мен энергияның негізгі көзі болып табылып қана қоймай, кеме қатынасында да қолданылды. Республика аумағы пайдалы қазбаларға өте кедей. Мұнда тек құрылыс материалдар өндірісіне керекті шикізаттар қоры ғана бар. Молдовада отын ресурстары аз болғандықтан оны ТМД-ның республикаларынан тасымалдайды.
Халқы Молдова халқы өте тығыз орналасқан республика. Мұндағы халықтың орташа тығыздығы 1км жерге 119 адамнан келеді. Тұрғындарының негізгі бөлігін молдовандар (64%) құрайды. Басқа ұлттардың ішінен орыстар (14%), украиндар (13%) басым. Олар Днестірдің сол жақ жағалауында көп қоныстанған. Елдің оңтүстігіндегі гагауыздар (3,5%) тұрады. Халықтың үлкен бөлігін ауыл тұрғындары (54%) алады. Соңғы онжылдықта өнеркәсіптің өркендеуіне байланысты қала тұрғындарының саны да өсіп отыр. Кишинёв, Бельцы, Бендеры сияқты қалалардағы халқының саны 100 мың адамға жетті.
Экономика Молдова агроиндустриалды елдер санатына жатады.
Артықшылықтары: Төмен инфляция (3,3%). Салыстырмалы түрде жоғары экономикалық өсу (орташа еуропалық деңгейден жоғары) және мемлекеттік қарыздың төмендігі (орташа еуропалық деңгейден төмен). Еуропа елдерімен салыстырғанда әлі де салыстырмалы түрде арзан және жақсы білімді, жұмыс күші.
Әлсіз жақтары: нашар ресурстық база. Сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі. Нарықтық реформаларды баяу ілгерілету. Инфрақұрылымға және ҒЗТКЖ-ға төмен инвестиция. Ең үлкен проблема – туу деңгейінің төмендігі мен халықтың әлемнің басқа, бай елдеріне көп эмиграциялануының салдарынан еңбекке қабілетті жұмыс күшінің жыл сайын өсіп келе жатқан тапшылығы және зейнеткерлер санының артуы.
2020 жылдың 1 мамырынан бастап ең төменгі жалақы 2935 лейді (146,21 еуро) құрайды. 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап ең төменгі жалақы 3500 лей (€172,97) құрайды.
Туризм Қолайлы географиялық орналасуына қарамастан, Молдова әлі де Еуропадағы ең аз саяхаттайтын ел болып табылады, бірақ ол туристерге баруға ұсынылған үздік 10 елдің қатарына кіреді. Қауіпсіздік рейтингінде Молдова 133 елдің ішінде 59-орында.
Шарап өнеркәсібі Елде шарап өнеркәсібі жақсы дамыған. Оның 147 000 га жүзімдік алаңы бар, оның 102 500 га коммерциялық өндіріс үшін пайдаланылады. Елдегі шарап өндірісінің басым бөлігі экспортқа шығарылады. Көптеген отбасылардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өз рецептілері мен жүзім сорттары бар. 3 тарихи шарап аймағы бар: Valul lui Traian (оңтүстік-батыс), Ștefan Vodă (оңтүстік-шығыс) және Codru (орталық) қорғалған географиялық шараптарды өндіруге арналған. Mileștii Mici - әлемдегі ең үлкен шарап жертөлесі. Ол 200 м-ге созылып, 2 миллионға жуық бөтелке шарапты сақтайды.
Қысқаша тарихы Молдова жерін адамзат төменгі палеолит дәуірінде мекендеген. VI ғасырдан бастап, алғашқы мемлекеттік бірлестіктер құрыла бастады. 10 – XII ғасырларда бұл өлкеге көшпелі печенег, қыпшақ тайпалары келді. XIII ғасырдың ортасы мен XIV ғасырдың 1-жартысында Молдова жері Алтын Ордаға бағынды. XIV ғасырдың 2-жартысында тәуелсіз Молдавия князьдығы құрылды. Ол XV–XVIII ғасырларда Осман империясына тәуелді болды. XVIII ғасырдағы орыс-түрік соғыстарынан кейін Молдова Ресей империясының қол астына кірді. 1917–1918 жылдары Молдовада Кеңес өкіметі орнады. Бірақ, елдің негізгі бөлігі — Бессарабия Румынияның қол астында қалды. Азамат соғысы біткеннен кейін, 1924 жылы Украин КСР-нің құрамына енген Молдован АКСР құрылды. 1939 жылы жасалған кеңестік–герман келісім шарты бойынша 1940 жылы Қызыл Армия бөлімдері Бессарабияны Румыниядан тартып алды. 1940 жылғы 2 тамызда осы Бессарабия жерін қоса отырып, тұтас Молдован КСР-і құрылды. 1941–1944 жылдары Молдованы неміс-фашист әскерлері басып алды. 1944–1990 жылдары ол қайта Кеңес Одағы құрамында болды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, Молдова тәуелсіз мемлекетке айналды.Қазіргі дүние географиясы: Хрестоматия. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқу құралы. / Қ. Ахметов, Т. Увалиев, Г. Түсіпбекова. —Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-36-216-5
Географиялық орны Елдің отын-шикізат базасы жоқ, пайдалы қазбаларды сырттан тасиды. Өнеркәсіптегі жетекші сала — тамақ өндірісі (жалпы өнеркәсіптегі үлесі – 50%). Шарап, жеміс, көкөніс қалбырлау, эфир майын өндіру алдыңғы қатарда. Машина жасау (автотіркемелер, ауыл шаруашылығы машиналарын жинақтау және т.б.), химия және жеңіл өнеркәсіп салалары жұмыс істейді. Қант, темекі, шарап секілді жеңіл өнеркәсіп өнімдері өндіріледі және бидай, жүгері, қант қызылшасы, жеміс-көкөністер өсіріледі. Ет-сүт өнімдерін өндіру де жақсы жолға қойылған. Сыртқы саудада тамақ өнімдері мен шарап шығару басым. Негізгі импортталатын тауарлар қатарында отын, шикізат, машиналар, химия өнімдері және т.б. бар. Басты сауда серіктестері — Ресей, Украина, Беларусь. Ресейдегі Молдова елшілігі Қазақстандағы Молдова елшілігі қызметін қоса атқарады.Балалар Энциклопедиясы, 6 том.
Молдова — бұрынғы кеңестік республикалар ішіндегі ең кіші және халық ең тығыз қоныстанған республика. Оның теңізге шығатын жолы жоқ және Еуропаның ең кедей елдерінің қатарына жатады.
Молдованы екі жағынан Украина қоршап тұр, ал батысында Румыниямен шектеседі. Елдің негізгі аумағын орташа биіктігі теңіз деңгейінен 140 метрден аспайтын төбелі, ойпатты жазықтар алып жатыр. Батысында Реут пен Пруг өзендерінің аралығында биіктігі 340 метрге дейін жететін орманды Кодру үстірті орналасқан. Молдова аумағының 35%-ынан астам бөлігін жалпақ жапырақты ормандар қамтыған. Өзендердің ең ұзыны — Днестр Шығыс Молдова арқылы ағып өтіп, Украина жерінде Қара теңізге құяды.
Шаруашылығы Молдованың шаруашылық кешендеріндегі алдыңғы орынды ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау және жеңіл индустрия алады. Сонымен қатар электр энергетикасы мен құрылыс материалдарын дайындау өнеркәсібі де дамыған. Тамақ өнеркәсібі әр түрлі шаруашылығы өнімдерін өңдеумен тығыз байланысты. Оның консервілеу, қант, шарап жасау, май шайқау және темекі сияқты салалары бар. Бау-бақша дақылдарын консервілеу өнеркәсіптері тасымалдауға қиындық туғызады. Өндірістердің көбі республиканың оңтүстік-шығыс шоғырланған. Зауыт Кишинёв, Кагул, Тирасполь, Бендеры сияқты ірі қалаларда салынған.
Қант щығаратын зауыттар Молдованың солтүстігінде, яғни қант қызылшасы көп егілетін жерлерде орналасқан. Олардың ең ірілері – Дондюшаны, Бельцы, Рыбницы сияқты қалаларда шоғырланған.
Май шайқайтын (эфир майын, жүгері мен күнбағыстан өсімдік майын алатын) өнеркәсіптер ел аумағында біркелкі орналасқан. Қазіргі кездегі ең ірі зауыттар Бельцы мен Бендеры қалаларында жұмыс жасайды.
Шарап жасау – шаруашылықтың көне саласы болып табылады. Шарап пен коньяк шығаратын кәсіпорындар жүзімдіктері көп аудандарда (орталық және оңтүстік Молдова) орын тепкен. Ал ең ірі шарап-коньяк комбинаттары: Кишинёв пен Тираспольде.
Темекі өнеркәсібі – негізінен, республиканың темекі өсіретін солтүстік және орталық аймақтарында дамыған.
Машина жасау – соңғы жылдары қалыптасқанына қарамастан, мұнда тракторлар (Кишинёв), қызанақ жинайтын комбайндар (Бельцы), ауыл шаруашылығына және тамақ өнеркәсібіне қажетті құралдар шығаратын зауыттар мен электроника (Кишинёв) қарқынды дамуда. Машина жасау өнеркәсібі.
Молдова аумағының 70%-дан астамы құнарлы қара топырақпен жабылған. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары — бидай, темекі, жүгері, күнбағыс, ал елдің Оңтүстігінде жүзім өсіріледі. Шарап жасау — 1991 жылы ел өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі өндірістің гүлденген санаулы салаларының қатарына жатады. Ауыл шаруашылығы Молдова экономикасындағы экспорттың негізгі бөлігін құрайтын аса маңызды сектор. Мұнда еңбекке қабілетті елдің 40%-ға жуығы жұмыс істейді. Молдова халқының жартысынан астамы ауылды жерде тұрады. Өнеркәсіп өнімінің 42%-ын тамақ өнеркөсібі өндіреді. Минералдық ресурстарға кедей және ірі көлік магистральдарынан алыста орналасқан елдің экономикасы құлдырау сатысын басынан өткізуде.